Сонсоң, мұның
бетінің қызылын жойған, тез жойған тағы бір жағдай: Қабекең ешқашан кісінің
бетіне тіке қарамайды. Көзің түссе болды – жүзін тайдыра қояды. Осы күнге шейін
біреудің көзіне тура қадалғанын байқаған емес. Өзге тұрсын, күнде дастархандас
болып отырып, бұл оның қарашығының түсін білмейді. Өйткені, көздері түйіспейді,
табыспайды. Оқта-текте кездесіп қалатын секундтің жүзден бір бөлігіндей мерзімде
нені аңғарып, нені айырасың?!
Сонымен... Қабекең бүкіл жарық дүниенің бар қылмысын өзі жасағандай, кез-
келгеннен жасқанады. Неге өйтеді? Демек, ол өзгенің қылмысын тінтіп ашу былай
тұрсын, ашық жатқанға қараудан қорқатын жан. Иә, дәл солай. Бұл ананың осы
болмысынан әуелі жиіркенген, іле батылданып, тіпті көзі өтіп, басынып алды...
Мына ашық тұрған есіктің өзінен қорғалап әрең кіреді. Күнде көрісіп жүрген
көңілдес, әрі сырыңды алып біткен кісі тапыраңдап, тайраң аттамас па!
...Оныншы класта Балақожа атты мұғаліммен тұз-еңбегі жараспады. Балақожа
химиядан беретін. Идаят оны бірден-ақ ұнатпады. Соның арқасында химияны
нашар оқыды. Мемлекеттік сынақта екі ала жаздады. 8, 9, 10-кластардың химиясын
қосып тапсырған. Өзі білмейтін пәні, келген сұрақтың сықпытын қараңыз: «Май
қышқылы. Формуласы». Мектеп бітіру салтанатында өңге мұғалімдермен қимай
қоштасты. Қайсыбірін құшақтап жылағысы келді. Ал, Балақожа ұсынған қолды
ұялғаннан қысты. Ішінен дұшпан санап кеткен. Өзін құлата жаздаған Балақожа
емес, май қышқылы, дұшпаны да сол екенін кейін түсінді. Одан соң мынау менің
қасым, дұшпаным деп, жағасын ұстар ешкімі жоқ-ты. Бір келкі сыпайы қарым-
қатынасқа ғана құрылған тірлік болатын. Қазір екі бірдей дұшпаны бар. Екеуі де
бұрынғы достар. Бірі: композиторлар дайындайтын факультетте оқиды –
Қайырболат. Екіншісі: қақпаның кіре берісінде, кішкене ағаш үйшіктегі көкшулан
арлан – Дозор. Қайырболат әндері жарыққа шыға бастағаннан бері қас. Бұл үшін
өзін көбірек жазықты санайды. Домбырасын шертіп жүре берсе ғой. Әнде, ән
жазуда не әкесінің құны қалды десеңші! Дозордың алдында... әй, иттің аты – ит, кісі
ойын қайдан түсінсін!
Қайырболат мұның алғашқы әндерін елемеді. О кездері кездесе қалса
айтатыны: «Е, күйші, хал-қуат жақсы ма, Құрманғазы оркестрінің концертмейстрі!»
Бөтен біреумен таныстырса: «бұ жігіт әйдік домбырашы, күні ертең оркестрде,
астанада қалғалы тұрған мықтыңыздың өзі» деп жымың қақты. Әндері үлкен-үлкен
концерт программаларына еніп, көпшілік жаппай қабылдай бастағаннан бері: «е,
бұл әлгі біздің әуесқой мелодист, айтпақшы, сен осы әнеугі бір әуеніңе
аккомпанемент жаздырдың ба?» деп кергитінді шығарды...
Идаят үйренген әдетін – көкшуланның маңдайынан сипағысы кеп тұратынын
көпке дейін ұмыта алмады. Жалаңаш қолын ала жүгіреді. Дозордың ақылды ит
екені рас, мақтау сөзге сатылмайды. Арқа жүнін күдірейтіп, ыз-ыз тісін көрсетеді.
«Мен шынында ақылды ит болсам не көкіп тұрсың? Ақылды ит мақтағанға алдана
ма! Ал, бұдан әрі бүйтіп сандала беретін болсаң, тісім – мынау, тура пәрше-
пәршеңді шығарам, білдің бе?» дейтін сияқты.
Қалқан қара өзін-өзі таусып, сарқып сөйлейді. Тебіренісі – темір балқытардай
ыстық, адал, албырт келеді. Неге де болсын берілсе – құлай, барымен беріледі.
Мұндай сәттерде әлдекімді мақтап, сол арқылы ләззат, бақыт іздейді. Көкірек-көңілі
түсініксіз бір қанағат, тойым аңсайды.
Бұл өз сөзінің кімге қалай әсер етіп жатқанын білмейді, білгісі де шамалы. Өз
сөзі өзін иландырса болғаны. Өзіне-өзі әбден тәнті боп, балбырап бітеді. Зібайра
бірден-ақ көпті көрген жан сықылданды. Еркек атаулының, әсіресе, мұның сөзіне
сенбеді, бірақ, сенген, иланған ажар танытуды міндет санады. Ол өзіне
бағышталған мақтау сөздердің бірде-бірін көңіл қойып тыңдаған емес.
Күйтің ойдың күллісін енді-енді тәптіштейді. Тергеп, тексерген сайын үтірі
өзгеріп, нүктесі көше береді. Әу баста тәрбиесіз, тәйтік санаған келіншегі, енді
ойласа, ондай оңай жан болмапты, жүзі – жас, жаны – жасамыс екен, алданбас
бұрын алдап құтылған болды. Неткен қым-қуыт тірлік! Жо-оқ, тірлік – адам ойы,
қарекеті, психологиясымен күрделі. Жалаң өзі – жайдақ су сынды, ішесің бе,
кешесің бе – еркің!
Махаббат, өмір жайында дұрыс пікірінен бұрысы көп, ақыл сезімі арна сап,
қалып алмаған, ортасына жасына сай ұйтқыма, жеңілтек жігіт қайғырған,
әлденеден опық жеген сәттерінде ғана есті, қуанса – бала, желпінсе – ақымақ, сүйсе
– көбелек. Әдемі ғана қанаты бар, қайда қонып, қай отқа күйерін білмей жүрген
байғұс-ты. Тәжірибелі көрінетін сырты ғана. Өзіне қарағанда естияр қыз Зібайра –
шоқ гүл боп көрінді, соған қонғанына мәз еді. Қазіргі түсінігі де қатеден ада емес-ті.
Бірақ бар бақыты сол – қателігінде, өнер мен махаббат қызығы біріне-бірі қарама-
қарсы қос қабырға, біріне ұрсақ екіншісіне тиетін рәзіңкі доп құсап, тиген жерінің
бәрінен ырғып ұшып жүріп жатқан-ды.
13
Астананың жиналысы көп айларының бірі-тін. Ғұмар соған кепті. Кеше кештен
бері екеуі бірге. Мана таңертең Кемелді іздеп еді, таппады. Ғұмарға қаланың жақсы
жерлерін көрсету үшін еріп жүр. Таксимен ә