йды.
– Дұрыс қой, аға, бірақ, Европа өз өнерін өзі жасайды. Сонда біздің өнерді
кім... деп байқап еді, Жарқынов қиып тастады:
– Түсіндім, сенің айтқалы отырғаның ұлт, ұлт өнері, солай ма? Өсетін халық
ұлт-сұлт дегенді көп күйттемеуге тиіс. – Бір қарағанда Идаятқа бұл да дұрыс
сияқтанған, қайыра толғанғанда тағы да шикі көрінді. Топырағынан үзілген гүл де
тез солады. Өнерді ұлттан, ұлтты өнерден айырғанда... екеуі де құрымай ма?
Бәрінен батқаны: ағасы бүкіл факультетті аяп, менсінбей сөйлеумен болды. Түйенің
төс табанынан жаралсаң – шыдап көр! Осы мезетке дейін түйіліп, түйлігіп әрең
төзген. Мына тұста бұрқ етті, ағасын ашық айқасқа шақыратын жалғыз-ақ сөз
айтты. Ажарсыз, тым дөрекі шыққанын сезді, соған айызы қанды. Ғажабы,
Жарқынов ашуланбады, мұны місе тұтып, ашық сөйлескенін де бұлдамады,
жымиғаннан бөтен ләм демеді. Қалқан қара жүзінің ду ете қалғанын сезіп:
– Мен кетейін, аға, рақмет,– деп көтеріле берді, енді отырса жағдайдың мүлде
қиындайтынын аңғарып,– кетейін!
Жарқыновқа не үшін келгенін екі көше айналған соң ғана есіне түсірді.
Идаят ағасынан ренжіп кеткен. Естіген жұрт мұның өзіне ұрысты.
– Надан екеніміз рас, оның несіне шыжғырыласың?! – Күйіп-піскен Кемел ғана:
– Өзінің дарынсыздығын біздің надандығымыздан көргені де.
– Мен дәл осылай дей жаздадым.
– Демедің бе?
Сол күні қаланың музыка әуесқойлары арасында мынадай сөз тарады:
– Әлгі Садықжанов деген композитор бала ше? Кәдімгі «Қоңыр көздің»
авторы?
– Айта бер, білеміз оныңды.
– Со бала дандайсып кетіпті.
– Е-ее, бишара-ай.
Дәл со күні Идаят пәтер сұрап, арыз жазды. Алып барып, бірінші қабаттағы ені
мен ұзыны бірдей қызыл-күрең келіншекке табыстаған, келіншек «уфф» деп
қабағын бір шытты да шкабын ашып, қоқыған, берекесіз көп қағаздардың арасына
сүңгіте салды, сонсоң есікке қарады: бұл шығып жүре берді. Өстіп мұның көзінде
үзік-үзік өмір өтіп жатты. Бұл үйленген кезде Кемел қалжыңдап жүрді: ауылда,
дөрекі болса да тура айтылған мақал ма, мәтел ме бірдеңе бар. Ол былай: «Жаман
жігіт отауын сайламай...» Садықжанов өзінің жаңа жағдайына әбден көндігіп,
кәдімгі ет пен сүйектен жаралған адам құсап, тұрмыс қарекетіне көшті. Елден ала-
бөле стипендия алғаны, Жарқынов жасаған жақсылық бірте-бірте ұмыт бола
бастады. Өзінің композиторлық жағдайына, күн сайын шын ниеттерімен қолын
қысып жататын адамдардың ниет-ықыластарына да еті үйренді. Енді не істейді?
Бұдан әрі не болмақ? Мына көпшілікке ұнайтын ән жазу қиын емес тәрізді. Өзгеге,
бәлкім, азап шығар, бұған рақат. Машинаның гүрілі, бұтаның сылдыры, тәртіпке
салса әуен, ән. Алдыңғы күні бір ән қағазға түсті. Таңертеңгі уақыт-ты. Оянып кетті.
Есік алдымен өтетін жіңішке асфальт көшенің арғы бетінде колонка бар-ды. Су ала
берген екі келіншек ұрсысып жатты. Бірі шіңгірлеп тез сөйлейді, екіншісі байсалды.
Құлағын түре қойды. Сөздерінен ажыратқаны жалғыз-ақ сөз – «байың». Ішінен
әлденеше рет қайталады. Сонсоң буынға бөлді: ба-й-ың, бай-ың, бай-ы-ың,
мағынасын ойлаған жоқ. Ал үн, дыбыс ретінде әсерлі, сиқыр бірдеңе бар
сықылданды. Тағы да қайталады: ба-йы-ың, ба-йы-ың, бай-ың, ба-й-ың.
Ешқандай мән, мақсатсыз қайталанған осы сөздің үнге айналып кеткенін өзі сезбей
қалды. Күбі-рі – ыңылға, ыңылы – әуенге көтерілді. Көрпесін серпіп тастап,
кереуетінде түрегеп отырды. Бұ не? Үйлесе, туыса кеткелі сұранып сөз келді.
Өлшем, ұйқас, ырғақ бәрі сай, әрі мұңды бірдеңе. Бас жағындағы жазу столында
жатқан қарындаш, қағазға еріксіз қол созды. Содан кейінгісі түс секілді бұлдыр,
бұлың. Жазып болғасын барып есін жиды: ән, кәдімгі ән. Жақсы-жаманы белгісіз,
бірақ жаңа екені ақиқат. Тағы қайталады, тағы тексерді: ән. Парақтың басына
иректеле қалған «байың» деген сөздің мағынасына сонда барып ой жүгіртті.
Мәссаған! Тұла бойы мұздап жүре берді: «Байың?» Мұндай да ән болады екен!
Жалма-жан сызып тастады. Сөзді қайта оқыды, мазмұны ондай емес, бүтіндей басқа
– шуақты, әсем лирика. Тағы ойланды. Жадына сонда оралды: түнде, жатарда бір
ақынның өлең жинағын оқыған. Ішінен, әсіресе бір өлең мықтап ұнап еді. Сол!
Соның сөзі. Бар болғаны үш шумақ жыр, аты – Қайың. Байың – қайың – байың.
Түске дейін Қабекеңмен әңгіме соқты. Сосын қайта күдіктенді. Кешке келген
Кемелге жасқана көрсетті. Кемел әуелі ішінен, сосын бірте-бірте даусын көтере
айтып шықты. Сонсоң ұша тұрагеп, бетінен сүйді. Әнді жаттап әкетті...
Қабекеңмен отырысы жиілеп барады. Дозор қолын қауып алған күні-ақ бұл
ағасымен қайтып стакан соғыстырмасқа бекінген. Бірер мәрте есік ашпай да қойды.
Талай күн жүзіне тік қарауға батпай жүрді. Жазықсыз-тын әрине. Сонда да бір
түрлі... тек содан ұялды. Бір дастарханнан дәм татып жүріп не деген бетпақ едің
сен! Осылай ойласа, ілкіде мұрнының ұшына шейін қызаратын. Келе-келе қызаруға
да еті үйренді. Үйренгені сонша сол, қызарғанын есіне алса – қызаратын болды.
Ұятынан, ұятшылдығынан ұялды. А, Қабекең... Есігін ашпаса, ұсынған стаканын
ішпей, жерге қойғанмен бірдей өкпелеп, бұртаңдайтын шығарды.