қап жіберіп, галстугін жөндеді.
– Е, бұлар қайдан білсін. Өз еңбегім, бәрі өзімнен деп жүрген қулар емес пе! –
Көзі көк, шаш-қасы қара жігіт қарқ-қарқ күлді:
– Мықты, мықты-ыы!
Біреу сөйлеген сайын қабақ-қасын керіп-керіп тастайды да, білегін сыбанады.
Ұрып жіберер деп қорқа ма – ешкім пікір, сөз таластырмайды, шұлғыса береді. Ол
да бұлар деп сөйлейді. «Бұлардың» жастар деген сөз екенін өзінен басқа ешкім
түсінбейтіндей көреді.
– Бұлар ма, бұлар, әй, қайдам. Искусствомыздың кемесін қай жартасқа апарып
соғарын! Кешегі марқұм – осы арада әлдеқашан өліп кеткен бір мықтының атын
атайды,– со кісі марқұм бұлардың жасында – пәлен шығармасын келтіреді,– сол
шедеврін аяқтап еді ғой-әй, естеріңде ме? – Бәлкім есімізде не бар, не жоқ дей
алмайды, тек шұлғиды, көздерінің астымен бұған күдіктене қарайды.
– Мейілдерің, адам боп кетсеңдер болды да бізге! – Тағы біреуі түйдей үш
минут бойы таңдайын қағып, нықылықтап тұрып алды. Идаятқа бәрінен ұнағаны
соның ақылы.
Өстіп, ақыры Садықжанов Жолымбол ағасына кіріп алғыс айтуды жөн тауып
еді. Бірақ, бұл сағатта ол Жарқыновқа да, жақсылыққа да суып үлгерген-ді. Бәріне
салқын қанмен төзе, көндіге қарай бастаған. Жаңа ғана құлпырып көрінген көше,
көгал, ағаш жапырақтары қалпына қайтты, байырғы бояуына енді. Шетінен туыс,
бауыр жұрт бірте-бірте алыстай берді. Албырт жүрек қайда құярын білмеген асау
қанын қайта алды, қайыра жұтты; дүрсіл-дүбірді қойып, бір қалыпты лүпілге
ауысқан-ды.
Жарқынов түрегеп қарсылады. Қол қысысқанда оқтау жұтқандай тік мойыны,
сол оқтауға шаншылғандай қайқы басы қалтылдап кетті. Идаятты иығынан баса,
жетектеп әкеп, жазу столы алдындағы екі үлкен креслоның біріне көлбете салды,
екіншісіне өзі отырды.
– Қалай, бауырым, ән көп пе?– деп жымиды. Көрген сайын айтатыны, қоятын
қашанғы сұрағы, аман-сауы да осы. Бұл ылғи жауап қата алмайтын, бұ жолы да
сөйтті. Ағасының өзі құсап жымиған болды, онысы бір түрлі ерсі, ажарсыз шықты.
– Ал, қалай, бауырым, ән көп пе?– деп қайталады анау.
– Бар ғой, бар.
Жөкең қабағын шытты. Сонсоң да-аа деп, өңгеге белгісіз өзінің әлденендей ішкі
ойын өзі құптап, тұрып кетті, стол аржағындағы орнына барып жайғасты. Екі
саусағының ұшымен календарьдың ашық бетін шертіп-шертіп қап, әлдене сөздерді,
сол шерткен жеріне жазып қойды. Мұның бетіне қарап тағы жымиды, іле-шала екі
қасының үстін жиырды.
– Бар дейсің, а? Дұрыс, молодец, скромный болған жөн!
Қабылдау жарты сағатқа созылды. Жолымбол, әуелі, өзінің композиторлық
тәжірибесінен сөйледі. Сонсоң қазіргі музыканың түбегейлі мәселелерінен хабар
берді. Халық аспаптары факультетін бітіргесін, композиторлыққа түсуге кеңес етті.
Білімнің қажеттігі, Европа, Батыс мәдениеті жайлы әңгімеледі. Абстракционизмді
қырына алды. Сөзінің бәрі сыпайы, орынды. Көп біледі. Глюк, Моцарт, Бетховен,
Бизе... басқа да талай ұлылардың атын тізді. Солардың өнер хақында айтқан
пікірлерін келтірді. «Жақсы-ақ, бәрі жақсы,– деп ойлады бұл,– бірақ мұның маған
қандай қатысы бар? Идаят ағасының аузынан күткен есімін ести алмады. Огинский
мен Штраус! Жарқынов бүкіл әлем композиторын алдына жарқырата жайып
отырып, осы екеуін атамады, ұмытты ма, әлде ұнатпай ма?» Соны білгісі кеп, әдейі
қыстырды:
– Иә, Штраус, Огинский!
– Дұрыс қой, бауырым, дұрыс! Әйткенмен Бетховен, Моцарттармен
салыстырғанда Штраус кім? Зеңбіректің қасындағы шиті мылтық! – Осы жерде
онсыз да үстем көкірегі, тіпті, қайқайып алды, шамасы, соңғы теңеуі өзіне қатты
ұнаса керек, сылқып тұрып күлді, тәтті күлкі. Теңеу Идаятқа да ұнаған. Тек
ағасының өзі-өзіне мәздігі ғана ұнамады. Зеңбірек! Шиті мылтық! Немене, шиті
мылтық қару емес пе? «Торғайды атып жыға алмай жүріп, зеңбірекшілін қара!
Сенің атылмайтын зеңбірегің кімге керек! Мәселе калибрде ме екен! Зеңбірегіңізді
сүйреп қайда ұзар екенсіз, көрейік» дегенді ішіне жазды. Алдында отырғанның
Кемел емес екенін мықтап түйсінген. Анау да осыны сезген секілденді, дереу басқа
тақырыпқа ауыса қойды. Әрнені бір долбарлап, дүмдей ұрып кеп, домбыра
хақындағы ойларын айтты. Тағы да тізім: Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей,
Қазанғап, Дина. Домбыра – солардың қолында кетті, ескіріп барады. Әрине, күй
керек. Күй болғанда симфониялық күй. Иә, симфония, тағы да симфония.
Музыканың көкесі сол. Өйтпейінше өспейміз, дамымаймыз. Көп планды, яки,
полифониялық музыканың қасында жабайы, қойдың екі шегі мен бір аршын қу
ағаштың үні – қарттар мен шабандарға жақсы. Олар не түсінеді? Баяғы қоңыр
күңгірді аңсайды. Себебі құлақтарына әбден сіңіп қалған. Қараңғы жұрттың
қашанғы салты: бір ұнатқанын ғұмыр бойы ұнатып өтеді... Мәселен, сен жетінші
класта оқыған, табынған кітабыңа бүгін қалай қарайсың? Күлкің келе ме? Міне,
бауырым! – Ол осы рухта біраз сайрады. Айтқыш-ақ. Түсінгені: домбыра –
болашағы аз аспап. Әлдеқашан алға кететін қазақ музыкасын матап ұстап отырған
сол. Сосын көпшілік ұнатқан музыканың бәрі бірдей – музыка емес, көбі жәй,
әләуләй. Европа мәдениетін меңгермейінше өнер – өнер боп жарытпа