өзі ұялды. Әйткенмен мықтап
таңданды.
– Түсінсеңші,– деді Кемел,– сенің тырнағыңа татымайтын қайсыбір жұрт
айына мың сом алады, тегіннен тегін, сен не сонша өзіңді өзің қорлап? Мұндайға,
есіңде болсын, есті адамдар кекей, тыржыңдай қарайды.– Садықжановтың аузы
ашыла түсті.
Оған өзгеден бір елі болса да артықтығын сезуден бөтен бақыт жоқ-ты. Бұл
осалдығын өзі сезеді, талай өкінді, опық жеді. Тек, сонысын ылғи ұмытады, өйткені
әрбір қателік өзіне, тек өзіне ғана тән белгі, бояумен келеді. Оның бәрін түстеп,
танып үлгіргенше... өтіп те үлгіреді.
– Сен өзің,– деді Кемел тағы да досының көзіне қадала,– түбі айнитын
сияқтысың, өйткені ергішсің. Неге осынша осал екеніңді білмеймін, айта
алмаймын. Әйтеуір бейімің бар. Әт-те-еең, есіл өнер-ай! – Идаят Кемелдің мұндай
шабуылдарына шыдауға, мінез осалдығын жасыруға үйреніп келе жатқан-ды.
Мына тұста шырт ренжіп қалды:
– Сөзің құрысын сенің!
– Іләйім, құрысын!
– Құритын сөзді неге айтасың?
– Сол құрымай ма деп қорқам, қорыққаннан айтам.
– Сонда мен сатқынмын ғой, сеніңше, а?
– Сенің қолыңнан сатқындық келмейді.
– Онда сатылатыным қалай?
– Сатыласың!
– Сатылу деген не?
– Сатылу – өзіңді өзің сату. Сатқындық... о да сату, бірақ өзіңді емес,
басқаны. Мәселен досыңды, жақыныңды.
– Жарайды, түсіндім, көмекейіңді. Айырмасы шамалы екен.
– Жоқ, үлкен.
Жастыққа асаулық тән. Жас тіл ой-пікірдің, тіпті, сөздің де ылғи бір жүген-
құрық тимегенін айтуға талпынады. Жастың аузынан естілген сөйлемнің қашан да
қақшаң қағып, қабынып тұратыны содан шығар. Әйтеуір, біреуге, не бір ұғымға
қарсы шығып, қағып, кекеп сөйлесе – мақсұт сол. Тұрмыс, тіршілік әлдеқашан
бекітіп, мақұлдап берген қатал қағидалардың өзін сөгеді, өз-өзінен қауызға симаған
дән құсап ісініп, бөртіп бітеді. Бұның барлығын есті, тәжірибелі кісілер албырттық
атап, кешіре салады. Осы албырттыққа ақыл, білік араласқанда ақшыл бетке қан
жүгірген секілді, ажарланып сала береді. Ал, ақылсыз асаулық? Оның барар жері
де белгілі. Жас қан тулап-тулап, қуатын оңай алдырады да, бір қалып, баяу арнаға
түскенде кісіні мәңгіртіп тастайды. Ондай жан не жасып, ез боп кетеді, не кешегі
қайратының, тым құрыса, сырт көрінісін сақтауға тырысып, кәдімгі дәрменсіздің,
ақымақтың арзан айласы – пижондыққа басады. Дүйім дүниені былай қойып,
қолдан мінез-құлық, қасиет жасап әуреге қалады. Кәдімгі сахна, суфлерсіз ойын.
Бұл жастықтың соңы, келген, жеткен жері, кәдімгі тығырыққа тірелу, демек түңілу.
Біздің екі жігіт те әзірше албырт, арқаларын өмір атты ердің қапталы қақпаған
асаулар ғана-тын. Сондықтан ойдың өзін ойнап ойлайтын кездері еді.
Екі дос, сөйтіп, сату мен сатылу төңірегінде талай таласты. Екеуі бірін-бірі
сендіре алмады. Дегенмен, жаңа сөзбен айтылған ескі пікір тың көрініп, қатты
ойландырды. Әрқайсысы өзінше бірін-бірі толғандыруға, күдіктендіруге жеткен
шамаларына мәз боп айырылысқан. Садықжанов бәрібір, кімге болсын – біреуге
рақмет, алғыс айту керектігін сезіп кетті.
Ертесіне консерваторияға келген. Әркімнің жүзіне бір жалтақтап, класына өтті.
Адам атаулы, қол атаулы бұған бір жақсылық,– бір сүйек тастауға тиіс
сықылданды. Осындай күшік дәмемен, маңдайында «кафедра ф-та каз. нар.
инструментов» деген жазуы бар, сыртын былғарымен қаптаған ауыр есіктің
тұтқасынан ұстай берген, біреу иығынан жұмсақ қана басып қалды. Бұл селк етіп
жалт қарады: академик-композитордың өзі. Ол қарттың қызметі қазір бүтіндей
ғылымға, Академияға ауысқан-ды.
Қалқан қараны қуаныш, мақтаныш аралас сезім буды, сонысынан қатты састы.
Сол секундте әйгілі қарттың қазір не деп құттықтайтынын ойлап кетті: «қарағым,
атыңа сырттай қанықпын. Әндерің жақсы. Осылай жаза бер. Түбі сенен шығады.
Мына біз қартайдық. Келешегіміз сендерсіңдер. Адам, азамат болыңдар. Арнаулы
стипендия алғаныңды естідім, құтты болсын! Жаз, көп жаз. Штраус...» Мұның
ойынша академик осылай деуге тиіс-ті. Орта бойлы, талдырмаш, тіп-тік адам
алдында жымиып тұр. Келесі сәтте сәл тамағын кенеп ап тіл қатты:
– Қарағым, сәл тоса тұршы, шұғыл шаруа бар еді, кіріп шығайын. – Бұл
есіктің дәл көзінде қалшиып қапты. Осынысын енді ғана аңғарып, ығыса берді. Ішке
кіріп бара жатқан академиктің желкесіне көзі түсті: қарсысынан қарағанда әппақ
шашы желкесінде көкшулан, шиыршық ата кеп ұйып, ұйысып апты. Көк жал! Өстіп
ойлап мырс етті. Сонсоң бұрыштағы бос орындыққа барып, сылқ отырды. Жаңағы,
қарттың өзін құттықтауы туралы ойы есіне келгенде аузын екі алақанымен қабаттай
басып, дыбыссыз ұзақ күлді. Кейін де осы минут, осы кездесу жадына жиі оралып
жүрді. Оралған сайын өзінің аңқаулығына өкіну, ұялудан гөрі сол осалдығына
кезінде күле білгендігіне сүйсінді...
Ұзын коридорда алты адаммен амандасқан. Бесеуі ақыл айтты:
– Ойбай-ау, бала-ау,– деді, әр сөзінің соңынан тамағын дүңк еткізіп бір
жұтынатын сығыр сары,– ойбай, бала-ау, о нағылғаның? Әкең жасамаған
жақсылықты жасаған ағаңа алғыс айтып, әлі бір кірмегенің? Көңіліне алып қалса
қайтесің? – Енді біреу басын шайқап-шай