аяды. Жаны, кенет, жидіп түскен сықылданды. Аула ішінде шырылдап, шиқылдап,
өздерінше мәз-мейрам жүрген бейшара тіршілік иелері сауық-сайран емес, қасірет,
аза күйін тартатындай көрінді. Бір сәт: «бүкіл қайғы-қасіреттің, бәле-сұмдықтың
бастауы – осы, табиғат-дананың өзінен болмасын?» деп ойлады.
Зібайрамен өткізген алғашқы екі-үш айы болмаса, жақсы тұрған жоқ-ты. Батыс
білгіштері махаббат күйін ойнауға барлық музыка аспаптары ішінен скрипка лайық
дегенге саяды. Қазақта скрипкадан нәзік, одан да сезімтал аспап – қобыз. Қобыз
күйі кісінің сай-сүйегін сырқыратады. Шебер ойнаушының қолында сиқырдың
сиқыры, құдіреттің құдіреті!
Сөйтіп, бұлар – Зібайра екеуі махаббат күйін шертіп еді. Амал не, екеуі екі
түрлі аспапта ойнады. Скрипка да, қобыз да емес, бірі – виоленчель, бірі – прима.
Бірі-біріне ере алмады, бірі-бірін түсінбеді. Тегі, ата-мекені бөлек бұл екі аспап
өзара жуыспай қойды. Кезінде ешқайсы өз мінін тексерген, таныған емес-ті. Әркім
өзін жөн көрді, әркім өзін мақұлдады. Ешқайсысының ергісі, көнгісі келмеді. Содан
екеуі бірін-бірі тез тоздырды: унисон шықпады. Екеуіне ортақ сот, ортақ үкім-
төбеден төнер дирижердің қатал таяқшасы – Өмірді елемеген соң, әрқайсы өз
алдына лаға-лаға, ақыры, бір-бірінен қара үзіп, бүтіндей кетісіп тынған-ды.
Бірін-бірі әу баста арзан танып, арзан тапқан көңілдер ұзаққа қайдан жетсін!
Ілкіде дәмді, тәтті көрінген күйлері лезде-ақ іріп сала берді. Бал – уға, бақ – сорға
айналды. Содан, көктемнің әр бұтасына бір қонып, берекет, қанағат таппаған
жаңағы шымшық торғай құсап шырлай ұшып, Зібайра кетті. Енді ғана көктеген
кішкене бүртік жапырағын өзі қызықтап, өз лебімен өзі ырғалып, соқырдың
саусағындай маңайдағыны қалтырай сипалаған балғын бұта құсап бұл қалды...
Жадынан, әсіресе, өшпейтін бір түн өтті. Соңғы күндері Зібайраның жиын-
сиыны, үйірме-сүйірмесі тіпті көбейіп кеткенді. Ерте кетеді, кеш келеді. Қайсыбір
тәулікте оны көрмей де қалып жүрді. Бұл ұйықтап жатқанда келеді, ұйықтап
жатқанда кетеді. Реніш білдірейін десе анау ұзын кірпіктерін қағып-қағып қап,
жылай салады. Кірпігіне жаққан бояуы көз жасымен еріп, бірге шұбырады. Оны
жұбату – әлектің әлегі. Жұбанған соң кірпігін талдап сүртіп, желпіп кептірін тағы
әуре. Еркектің бір осалдығын бағып алған әйел – күн көрсете ме, Зібайра қапысын
жібермейді, селт етсе сілікпесін шығарып бағады. Бәрін осыдан, Идаяттан көреді,
бәрін осыған жабады. Сабақта жөнді жауап бере алмаса, біреуден жақпас сөз естісе
де – кінәлі бұл. Әйелінің бар күнәсін, үйінде қарадан-қарап отырып арқалаған
еркек – қай бір жетіскен еркек, қалқан қара кей сәттері өзінің Зібайраға кім
болатынын, екеуінің арасында қандай байланыс барын түсіне алмай басы қататын.
Ілкіде келіншегіне жазғыра қарайтынды. Келе-келе әрі таңданып, әрі
шошынатынды шығарды. Сол сол-ақ екен, табиғатынан ұятсыздыққа, көкбеттікке
бейім жыныс өкілі, тіпті құтырды. Бір күні әлдекіммен кино көргені, одан кафеге
барғанын әңгімеледі. Жігіттің білім-тәрбиесін, мұрыны мен көзінің әсемдігін, өзін
қатты ұнатқанын айта кеп, тағы тиісті:
– Я же не могла ему льгать. Я сказала оған, что үйленіп қойдым,– деп еңіреген.
Композитор қапелімде не дерін білмей састы. Бұ сықылды бетсіздіктің мән-
мағынасына жеткен соң ғана өзінің орысша сөздік қорының шетінен мынадай
шығын жасады:
– При чем тут я?
Иә, төзіп-ақ бақты. Бағаласын, ұғынсын деп төзген жоқ, аяп төзді. Төзімі
жаншылған, жеңілген кісінің шарасыздығы емес-ті, ақыл, қуат, парасаттың өзінен
өзгеге жоғарыдан қарайтын өр көкірек жанның әншейін кеңпейілділігі, «менің нем
кетеді, өзіңе жарасса – істей бер!» секілді түбі кетісетінін сезген қыңыр пиғыл-тын.
Зібайраға қараған жанары: «ей, бейшара, бейшара, бейшара!» деп тұратын.
Осымен жүріп, келіншегінің қылығына күйіп-пісу былай тұрсын, тіпті сөйлеудің,
жауап қатудың өзін көп көріп алды. Келіншек оның мұнысын басқаға жорыды.
Садықжанов – момын жігіт. Әрі сүйеді. Әйтпесе кызғана ма? О, сорлы! Осылай
ойлағанда жанарына жарты шелек су жиналады. Ал, осындай жаманның әндері
қазір ауыздан-ауызға тарап жүр. Бұл не? Жұрттың бәрі Садықжанов десе ішкен
асын жерге қояды. Әсіресе, ЖенПИ-дің қыздары. Кез-келген кеште, отырыста, үш-
төртеуінің басы қосылса – айтатындары осының әндері. Өткенде жатаққа барса, екі
қыз шалбарланып ап, тоңқаңдап еден жуып жатыр. Ыңылдап әндетіседі. Тыңдап
байқады, баяғы Садықжановтың әні. Сонда бар ғой, бөлменің барлық есуастары
шу етті:
– Қош келдің, Зібайраш! Қыздар, танысып қойыңдар, бұл келіншек атақты жас
композиторымыз Идаят Садықжановтың нақ сүйері! – Осы сөзіне бола өзінің
курстас құрбысы – Нағиманы ит етінен жек көріп қайтты. Сонда, немене,
Садықжановтың жұбайы демей сөйлесе, Зібайраш сол жаман көк мұрын қыздардың
қолдарын қысуға жарамайтын ба еді? Ал, өзі ерегіскенде күйеуінің бірде-бір әнін
білмейді, айтпақ түгіл, ыңылдамайды да. Өйткені, татымайды, түсінемісіз,
татымайды.
Осыдан кейін Зібайра күйеуін кемсітуге ашық көшкен. Қалқан қараның мін-
сыны көп-ті. Түймедейі түйе көрінді. Әркім-