– Бергесін түгел бере салмады ма екен?
– Қойшауды бұзып өткенде ейекше көзге түскендейге бейді ғой.
– Жиырма төртінші адам нағып көзге түспеді?
– Ол ең соңында жүйді, өзі кейемет семіз еді...
– Сол үшін бермеді ме?
– Жоқ. Біздің ас пісиетін поби болатын. Майқұм кейін қаза тапты. Кейемет кісі еді.
Маған ылғи «қазақи жи лубит» деп сойпаның бетін қалқып құятын.– Би күні...
Сейсімет тағы бір хикаяны бастап келе жатқан.
– Болды-ай, кішкенем, құтырма, жұмыс қайда? – деп Талшын етегін қағып,
орнынан тұрды. Ана екі әйел біріне-бірі қарап күлімсіреді. Өзінің манадан бергі
сөзінің бәрін жұрт тек жұмыс істемеу, дем алу үшін ғана тыңдап отырғанын, өп-өтірік
сұрақ беріп жетелегені де жәй әншейін қулық екенін Сейсімет ұғынған жоқ. Ұша
түрегеп, орағына жармасты. Сонсоң қияқтың ең қалың жерін тағы да таңдап тапты.
Сол сәтте-ақ «ап!, әуп! әйуақ» деп құшақ-құшақ шөпті аударып лақтыра бастады. Бұ
кезде күн түс боп қалған. Үй жақтан «шай дайын» деген хабар жетті. Сөйтіп
«Айыстанов басқайған зібәнә» шайды Сейсімет үйінен ішті, қымызға Сисенбай
қарттыкіне жиналды. Сейсімет, барлық басқа тағам сықылды, қымызға да «кет әрі»
емес-ті. Алдына барған аяқ аялдамайды, тез қайтады, босап қайтады, Осылай, екі
аяқты босатқаннан кейін «пішеннің басқаймасы» «би күні» – деп, жаңа бір хикаяны
бастай берген, әрі жұмыс соққан, әрі қымызға қанып, манаурай бастаған жұрт
тыңдағысы келмеген шырай танытты. Онымен де қоймай сөзді, көріне көзге
Сейсіметтің аузынан қағып алып, өздері сөйлеп кетті. Сөйлегенде олар Сейсімет құсап
маңызды әңгіме айта ала ма, баяғы сол шаруашылық, пішен күннің ыссылығы,
бауырына отырып жаңа сауа бергенде боз биенің шыбындап шелекті төгіп кеткені,
кешегі желден кейін құдық суының ескі, көң татып қалғаны тағы басқа сол сияқты,
ұсақ-түйек бірдеңелерді айтып біраз отырды да, салқын түскенше қисая тұрмақ боп
үйді-үйлеріне қайтты. Талшын мен Еділхан Сейсіметтің қымыз ішіп болуын күтіп
қалды. Анау бірер жұтынып ап, тағы да: «би күні» деп келе жатқан. Жеңгесі:
«кішкенем» үйге барып әңгімелесейік» деп, орнынан көтерілді. Сейсімет шарасыздан
Еділхан мен Талшынға ере тұрды. Содан Көрананың қақ төріне кеп көлденең түсті.
Өзі отырғанда қарауындағы адамдардың, киіп кетіп, бөгде әңгімелер айтуға, бұған:
«жұмыс істейік», «тағы бірде айтарсың», «үйге барып сөйлесейік» секілді кереғар
кеңес беруге, ақырында, мұның рұқсатынсыз, ас ішіп болғасын тұрып-тұрып жүре
беруге «пиабалайы бай ма, жоқ па» осыны ойлап жатып көзі ілінді. Талшын Мәруәнің
тізесіне маңдайын сүйеп басын қаратты. «Е, со жерім, е, е» деп жатып ол да қор ете
түсті... Түс қайта бұлар пішенге кешірек шықты. Ибрай манағы шапқан шөпті асықпай
жүріп аралап көрді. Сұлыбастың дәнін тісіне салып байқады. Бір түстің ыстығына
қурап үлгерген балауса қияқты сындырып қарап, басын шайқады: «әй, майталман-ай,
тым құрса бірер күн кідіре тұру керек еді!» Ибрай орақты дәл бүгін салуға қарсы
болған-ды. Оған шөп әлі шикі көрінген. Шикілей шабылған қияқ қанша кептіргенмен
пішен боп жарытпайды. Су тисе шірігіш келеді. Қыста мұндай пішенді жеген малдың
тезегі бірікпейді... Осының бәрін айтып, дәлелдеп отырып алған. Бірақ оған құлақ
асқан адам болған жоқ. Әсіресе, Сейсімет көнбеді: «Жоғайы жақтың бұйығы солай,
камандидің бұйығын екі еткен салдат – салдат емес». Ибрай мана шапқанда қалың
қияқтың бір түс жатқанда-ақ қурап, семіп, сиреп қалғанына қатты қынжылды. Басын
шайқап-шайқап қойып, амал жоқ, орақ шыңдауға отырды. Орақтың да шыңы қайтып,
жүзі мұқап жарымапты. Бұл да шөптің тым жастығының, шикілігінің белгісі...

7

Сандыбай Сақал-Сатымның үстіне кірген. Әжімгерей төңкерген тас-аяғын жазып
қойды. Келін сырттан бір таба шоқ әкелді, шамасын легенге жылжыта салды да, шай
құманды енесіне ұсынды. Биік, бес құрсаулы қара күбіге арқа таяй отырған кемпір,
ірге жағындағы кішкене сандықтан қос жұдырықтай түйіншек алып, келінінің алдына
тастады. Келін табадағы үстін ақ күл басып, әлсірей бастаған шоқты мәстемірмен
түрткілеп, қоздатып, құманды қойды. Сандыбай Сатымның төменгі жағында жатқан
қоңыр ала құрақ көрпеге малдас құрды. Жайлап, жылыстата отырып, төрдегі семіз
сары қарттан бастап, самаурын жанында үн жоқ, түн жоқ монтия қалған қара балаға
шейін хал-жайларын сұрап, асықпай, аман-сау алысты. Сосын, ешкім сұрамаса да,
өзінің шаруа жағдайын: құдығының құлаулықтығын, жылқының суды көп ішетінін
ұзақ-ұзақ әңгіме жасады. Үй ішінде оның әңгімесіне ұйып отырған адам байқалмайды.
Келін үнсіз шай құяды, қара бала үнсіз тас-аяқ әпереді. Әжімгерей үнсіз дастарқанға
қарайды. Сөйлеп те, шай ішіп те отырған жалғыз өзі. Айтқан әңгімесіне кемпір ғана
анда-санда «е, иә, е» деп қояды, ол да самарқау, ықылассыз. Өзінің келгеніне
үйдегілердің онша қуанышты емес екенін қонақ сезбей қала алмады. Сонда да бір
сөзбен болмаса, бір сөзбен жібітермін, сендірермін деп үміт ететін секілді, әлденені
қиыстырып, ойлы, ақылды етіп-ақ айтады. Анау «зымиян шалдың» сезімін
қытықтайтын бірдеңе таппақ. Сондай бір нәрсе іздеген сайын еш