бара-бар естіледі. Аңқау боп, ақ көңіл боп көрінем бе деп зәресі қалмайды.
Мүмкін бұл жастай жетім қалғандықтың қырсығы шығар? Қайдам, әйтеуір біздің
Еділханды өлтіріп кетсеңдер де, алдап кете көрмеңдер!... Жымиғанда сол жақ езуі сәл
ғана тартылады. Бейне бір мынау жарық дүниенің пәнилігіне көз жеткізіп, көңілі
қалған жан, езуіндегі мысқылы кеткен есемен, қайтпаған қарымның уыты ғой дерсің!
Мейлі, сіз қалай десеңіз, олай деңіз! Қазір ол орағын оңтайлап ұстап қалың қияқтың
шетіне барды. Кіндіктен бастап, құрық-темір, тіпті, қаталағына қаққан сынасына шейін
сипап, орағын тағы бір мұқият тексеріп шықты. Сонсоң екі алақанына түкірді.
Түкіргенде жоқ, «Үһі, Үһі» деп үріп-үріп қойды. Айналасына барлап бір қарап ап,
орағын жерге салды. Топыраққа тақай, жайлап, жылжыта жөнелді, қалыңға, шоқал-
шоқалақты жерге жоламады. Тегіске, әрі шөбі сирек, көбінесе, шашау шыққандарын
қағып келеді. Жас қияқ өткір орақтың алдында үнсіз құлайды. Тек болар-болмас
сырыл ғана естіледі. Орақшының қимыл-қозғалысына қарағанда қолындағысы орақ
емес, басына су бүріккен сыпырғыш сияқты. Жеп-жеңіл. Анадай жерде ең қалыңына
таңдап түскен Сейсімет ырс-гүрс етеді. Анда-санда: «Ап! Ауп!» «Әйуақ» деп қояды,
өзіне дән риза боп жүрсе керек. Ибрай ірі-ірі шоқал қияқтарды қуып шауып барады.
Шоқал қияқты шабу– орақшыдан үлкен шеберлікті, күш-қайратты керек етеді.
Орақтың жүзін де тез мұқалтады. Өйткені, қияқты ғана емес, топырақты да шабу
керек: түптен бірер сантиметр төмен алмаса болмайды. Шоқалдың қияғы меңге,
сүйелге шыққан сақал секілді қалың, қатты болумен қоса, қусақ, қаудан аралас бітеді.
Ондай қияқ, жас қияқ сықылды, үнсіз жығылмайды, сарылдап-гүрілдеп, улап-шулап
әрең жығылады. Үш әйел бір жақта. Олар да шөптің қалың тұсында көрінеді. Биік,
көк қияқтың үстінен бастары ғана қылтияды. Алқапқа үшеуі қатар түсіпті. Әлсін-әлсін
сыбыр-сыбыр сөйлесіп, сыңқ-сыңқ күліседі. Ана екі еркектен гөрі жақынырақ жүрген
Еділхан сөздеріне, күлкілеріне құлақ түрді.
– Айыстанов зібәнәсінің ояқшылайы, пейот!
– Жолдастай, командидің айтқанын ойындау шайт! – Кісінің Құдай берген мініне
күлмес болар, құтырмаңдар.
– Е, күлкіні кім берді екен, оны да Құдай берген! Осыны айтқан әйел өзінің тауып,
орынды айтқанына сүйсініп, сыңқылдап кеп күлді. Ана екеуі үндеген жоқ. Еділхан
бұлардың әңгімесін тыңдаймын деп қияқтың қалың жеріне кеп қалғанын бір-ақ
байқады. Тез сытылып, кейін шыға қойды. Шеттеп өскен ұлпа, балаң қияқтарды теріп
қырқып, теріс айнала берді.
Туғаннан күреңіте, отын ала туған күн сәске түсте-ақ күйдіре бастады. Ауада үп
еткен леп жоқ. Айнала тымырсып, тынып тұр. Осы кезде үлкен шұңғыл табақпен
қымыз алып Сисенбай келді. Орақшылар манағы балға-төс, қалған жердегі зор қияқ
шоқалдың көлеңкесіне жиналды. Ибрай орағының жүзінің майысқан тұстарын
балғалап, түзетті. Қалтасынан қайрағын шығарып, тез-тез жаныды. Еділханнан
басқасы орақтарының о жер, бұ жерін шұқылап, жөндеу-түзетуден өткізіп алды да,
қоралана отырып қымыз ішті. Сейсімет бож-бож боп терлеп отыр. Әйелдер
бастарындағы орамалдарын сыпырып ап беттерін сүртеді. Манағыдай емес жұрттың
солығы басылып қалған сияқты. Әйелдердің бірі Сейсіметке қарап:
– Алақаныңызды күлбіретіп алыпсыз ғой,– деді. Анау:
– Көптен қайа жұмыс істемегендікі, құйғи,– деп күбірледі.– Би күні пақотта жүйіп
келе жати ек, тейектің түбінен ыңисыған биеудің үні естілді. Каманди пиабейт деді. Екі
солдат мылтығымызды оңтайлап жетіп байдық. Байсақ еңгезейдей аписей, неміс. Екі
аяғынан қатай жаяланыпты. Бидеме-бидеме айтады, біз түсінбейміз. Каманди ыштапқа
алып жүйіңдей деп бұйыйды. Жұйттың бәйі шайшап, зойға келеді. Ішкімнің айтық
күші жоқ. Жаймен байдым да, ата-бабаның әйуағына сиынып, аписейді көтейіп айқама
салып алдым. Ыштап бес келеметидей жей еді. Соған дейін өзім айқалап жеткіздім.
Каманди қайта-қайта мақтайды. «Маладес, Айстанов, ти багити, қайоши салдат,
қайоши қазақ» деп ыштапқа жеткенше жағы семебеген, келгесін ылғи би қызыл ала,
сай ала мендейлейдің көзінше тағы айтты. Төйде отиған қайт камандилейдің бәйінің
үстінен қаяйтын дөкейдің өзі түйегеп келіп қолымды алды, айқамнан қақты.
Қуанғаннан екі тізем диілдеп кетті.
Әйелдердің біреуі:
– Медел бермеді ме? – деп сұрады.
– Меделді кейін бейді ғой,– деп бастады, өз сөзіне өзі қыза бастаған Сейсімет,– би
күні біздің әтиат қойшауда қалды. Каманди «атпаңдай!» деп каманды бейді. Неге
атпаймыз десек, олай көп, біз азбыз дейді. Содан күні бойы со жейде жасиынып
жаттық. Жанымда би татай жігіт бай еді. Сол: ана тейектің мына тейектің басы толып
отиған жау, бұғып жат дейді. Мен бұға түсем. Содан, не кейек, әбден қаяңғы
түскесін каманди әлдеқайда бастап алып жүйді. Таң атқанша жүйдік. Таңейтең би
селоға кидік: толған біздің әскей екен. Қуанып қалдық. Кез-келгенін ұстап ап «биат»
деп құшақтай бейдік. Маған меделді со жолы бейді ғой... Жаңағы әйел тағы қарап
отырмады:
– ...Сізге ғана берді ме?..
– Жоқ.
– Бәріңе ме?
– Жоқ.
– Қаншаңа берді?
– Жейма үш адамға.
– Барың қанша еді?
– Жейма төйт.