меттің
майданнан аман-сау оралуы былай тұрсын, оның көк бешпет-шалбар кигенінің өзі
ауыл таланттарын ашуға зор ықпал жасады. Жиырма шақты күн болса да, ел іші
жаңа-жаңа әңгімелер естіп, күш алып, күлкі тапты. Халық та сәби сықылды: жылап
отырып күліп, күліп отырып жылай салады. Біреудің баласы, біреудің ағасы, біреудің
інісі кетіп, қан жылап отырған ел серпіліп, семірмегенмен, тоғайып еді. Құм жұртының
өсек-аяң айтатын тротуар, фоэсі де, ән-күй, спектакль көретін театр, филармониясы да
– сол баяғы дастарқан басы. Сейсімет келгелі дастарқан басы да кеңейіп, жадырап
сала берген. Ол келгелі ешкімнің қомағайлығы да сөз болудан қалды. Өйткені,
Сейсімет барда өзге біреудің жемсауын әңгімелеу, ненің болсын артық-кемін өлшемей
сөйлей салатын біліксіз жұрт үшін де бір түрлі сөлекет, кейде тіпті, қылмыс көрінетін.
Оның үстіне, қазір көктемдегідей емес, жұрттың қолы тимейді, ондағыдай «мал
қараушылар да» аз. Пішен науқанының қызып тұрған кезі. Кейінгі бірер жұмада
Сейсімет роліндегі артистер де «модадан» шыға бастаған. Мына газет дәл осындай бір
өлара тұсқа тура келді.
Бүгін Сисенбай үйіне, қымызға жиналғандардың ішіндегі Сейсімет пен Мәруә ғана
көрінбейді. Шет ауылдардан Сақал-Сатым мен Мәсәлім бар. Әбден сапырып, өлтіріп
қойған түнемел қымыздан бірер аяқты босатқанша ешкім тіс жарып ештеңе айтқан
жоқ. Келесі бір аяқты дастарқанның тегістеу жеріне асықпай орнықтыра қойып жатып
Сисенбай отырғандарды жағалай шолып шықты. Титтей жұдырығын аузының үстіне
қойып тыңқ-тыңқ жөтелді. Мұнысы: бірдеңе айтпайсыңдар ма, әйтпесе, өзім айтам
дегені-тін. Қымыздың сүйкімді, ашқылтым иісі мұрын жарады. Анда-санда темір
ожаудың, табақтың ернеуіне тиген күңгірт үнімен «ө-ә-үүф, ә-ә-үүф» деп ағаш аяқтың
ернеуінен қымыз сорған ерін дыбысынан өңге ештеңе естілмейді. Егер осыны
тыныштық деп атауға болса, сол тыныштықты бірінші боп бұзған Мәсәлім болды:
– Сонымен әлгі кәзиттерің не болды,– деп бастады, өзі басқа бір ұлы жұрттың өкілі
бола тұра, осы елге үлкен басын кішірейтіп ақыл айтып, тексеріп кеткелі келген бүкіл
планеталық комиссияның бастығы құсап «пәлендерің», «шүләндерің» деп басқаны
бөлек, өзін бөлек қойып сөйлейтін ежелгі әдетімен,– кәзиттерің басқармаларыңды
оқсатыпты ғой?
– Иә, сөйтті оны... солай болатынын білгенмін,– деді Сисенбай, көріп алыңдар,
мұны айтып отырған менімен дегендей айналаға ербие қарап,– Сағынай әкті
жасағанда менімен ақылдасқан, қағазына қол қойдыр...
– Сисеке, соны әнеугүні Тем-ақаң келгенде неге айт...
– Бәсе, о кісі де сізбен ақылдаса келме...
– Жазғанда қатырыпты, шоқал сана...
– Өтірік ақпар беріп ауданды алда...
– Әскер семьясы М. жолдасқа қол жұм...
– Тілшіге тіл тигіз...
Жаңағы ақ тымық үй іші ду-ду болды да кетті. Ешкім ешкімді аяғына шейін
тыңдамайды, орта жолдан бөліп, сөзді белінен ұрған жылан құсатып қайқаңдатады да
тастайды. Әркім өз даусын естіртпек, өз пікірін өткізбек, әрқайсысы өзінен өзгелердің
үнінен асып түсуді, биік, артық шығуды мақсұт етіп айқайлайды. Бірақ өзеуреген
сайын өңі қашқан сөз, айқайлаған сайын нашар естіледі, ауыздан шыққанымен
құлаққа жетпейді. Әрине, бәрі шулағасын бәрі тыну керек қой, бір кезде бұлар да
тына қалды. Бәрі бір кезде Сатымға қарады. Бәрі бір сәтте өз-өздерінен қуыстанып,
күдіктеніп отыр, өйткені, іштерінде сөзге де, айқайға да қосылмаған Сақал-Сатым-ды.
Енді бәрі жабылып соңың аузына төнді. Сатым аузын аша қойса бітеуге кірген
қойдай, шұбырып кіретін сияқтанады. Сатым аузын ашудың орнына мынадан қалай
өтесіңдер, деген секілді ыржиып, тісін көрсетті. Оның жуық маңда ештеңе айта
қоймайтынына көзі жеткен соң жұрт қайтадан дуылдасты, тағы да Мәсәлім:
– Сол казиттерің қайда? – деп сұрады.
– Сисеке, сізде еді ғой?
– Менен Талшын келін алған.
– Менен мынау алған,– деп Талшын жанындағы бір әйелді нұсқады. Ол:
– Ібеке, сізге бергем,–деді. Ибрай:
– Келін, сенде ғой,– деп, омырауын ашып отырған ақ сұр келіншекке қадалды.
– Менде емес, анада,– деп, ең төменгі жақтағы қара домалақ келіншекті көрсетті ол.
Келіншек әуелі төмен қарады, сонсоң күреңітті, сонсоң сұрланды, сонсоң тағы төмен
қарады, сонсоң міңгір етті:
– Мен... мен... тас-аяқ сүртіп қойып едім...–«Социалистік жол» бұл ауылға кеше
кеште келген. Кешегі жаңбырда Оразғали почташының Әжімгерей қартқа әкеп берген
газеті-тін, Еділхан қартқа ішіндегісін түгел оқып бергеннен кейін қосқа қайтарда ала
қайтқан-ды. Өткен түнде осы үй отырып пішеншілерге де оқыды. Құлақтарына
сенбегендей бәрі «бере тұршы», «маған берші», «көріп берейін» десіп, бірінен-бірі
алып, қолдан-қолға өткізіп жүріп, аяғында, осындай болды. Бұлардың
кейбіреулері мүлде мектеп көрмеген, көбі көрсе де бұрынғы латын әрпінің кезінде екі-
үш класс бітірген, кейінгі алфавитті танымайтын адамдар-тын. Әйтсе де Темірәлі
сықылды адуын басқарма жайлы жазылған және шын жазылған «ыстатьяны»,
танымаса да бір-бір қарап өтуді әрқайсысы-ақ мақсұт тұтқан. Ерназар шошағының
күнбатыс жағына «туу Қанішкеннен» мұнша тез – төрт-ақ күнде, әрі жыртылмай,
ештеңе оралмай а