мен Талшын екеуі бір-біріне желкесін бере отырып орақ шыңдауға кірісті. Төстің
сандалын құмға тығып қойғандықтан, балға темірге емес, ағашқа тигендей, дыбыс
әріден, тұншығып естіледі: түк-түк, түк-түк. Кейде екі балғаның үні жамырайды: түкі-
түк, түкі-түк. Қарсы беттегі шағылдың жар қабағының екі-үш жерінен құм сусып
кетті. Екі тәулік бойы шығыстан аумай соққан дауыл таңға жақын ғана басылған.
Қазір Сейсімет пен Ибрай тартқан шылымның түтіні, үйдің ішіндегідей, төбелерінде
айналып жүр. Ерназар шошағының ар жағында жайылған құлынды биелердің судыр-
судыр, бырт-бырт еткізіп, қияқтың түбін түртіп, сүйрік тартқанына шейін айқын
естіліп жатыр. Бір құлын ап-ащы, кішкентай жез қоңырау даусымен кісінеп қоя берді.
Оған талай құлынды қуып жүріп емізген мама-бие күмбір-күмбір оқыранып жауап
берді. Тұсаулы жылқылардың дүбір-дүбір шапшығаны, Сисенбайдың: «Әй, былай, ей
талау келгір» деп кіжінген даусы шықты. Осы кезде орақтар да шыңдалып бітті.
Ибрай өз орағын ең соңынан шыңдаған. Апыл-ғүпыл балға мен төсті ертеңгі салқын
құмға көме тастады. Балғаның шыңына күн түсіруге болмайды, жасып қалады.
Шалбарының қалтасынан сопақша қара қайрақты алып жіберіп, «фүйт» деп бір
түкірді. Қиық-қиық-қиық еткізіп, тез-тез орақты жани жөнелді. Қайрақтан еміс-еміс
ұшқын шашырайды. Жалаңаш қарының бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. Одан
кейін сол қайрақпен Талшын орағын қайрады. Енді бастаймыз-ау деген кезде
Сейсімет:
– Тоқтай тұйыңдай, жолдастай,– деді,– жолдастай, Айыстанов зібәнәсі
ояқшылайының жиналысын ашық деп жайалаймын. Қалған бес орақшы отырғаны
отырған, тұрғаны тұрған жерінде аң-таң боп сілейісіп қалды.
– Жолдастай,– деді Сейсімет тағы да,– мына қауит шайуаға киіспес бұйын
сіздейге қысқаша дәкіләт айтқым кеп тұй. Біздің каманди ылғи солай ететұғын. Жұйтқа
жауынгейлік тапсима беймес бұйын алда не тұйғанын, оны қалай абыроймен ойындау
кейектігін түсіндиіп, дәкіләт айтатын. Жолдастай! Содан кейін байып каманди пейот,–
деп каманді бейетін. Қази сіздейдің камандилейіңіз менмін. Камандидің айтқанын
ойындау шайт. Бұл би. Екінші, біздің алдымызда қаптаған қалың қияқ бай. Сол біздің
құйтатын жауымыз болады. Қайуымыз – ояқ. Пейот, жолдастай!
Талшынның жанындағы екі әйел теріс айнала берді. Иықтары дір-дір, селк-селк
етеді. Сейсімет, «дәкіләтін» осымен тәмәмдап, қияқтың қалың жерінен ойып түсті. Ол
қара қызметтің қай-қайсысына болса да алғыр-тын. Құдық қазғаны сияқты, шөп
шапқанда да, әп-сәтте қорыс қып қопарып тастай береді. Оған ғұмыры құрал-жарақ
шақ келген емес; құдық қазса – күректі сындырады, пішен шапса – орағы сынады.
Атан түйенің күшіндей күші бар Сейсіметте мысқал әдіс-тәсіл жоқ-ты. Топырақты
жұқалап, шеттеп кертіп алуды білмейді. Күшке салады, қалың әрі су жерді Сейсімет
көтергенмен, күрек көтере ме, сабы ұңғысынан омырылады да қалады. Ал, орақ
салғаны тіпті қызық. Шөпке тигенде шалғының ұшын сол жаққа қарай жүгірте, еппен
салуға шыдамы жетпейді, құлаштап бір-ақ тартады, егер орақтың мойны, құрық-
темірі мықты болса, алып түсуін алып түседі. Әйтпесе... әйтпесе Сейсімет орақ
жаматуға кетеді. Осы сырын білетін жеңгесі Талшын, анау құшақ-құшақ, ауыр, жас
қияқты құлаштап, артына айналдыра лақтыра бастағанда-ақ шыр ете қалды.
– Кішкенем-әй, орақты сындырасың, құтырма деймін, әй!– Сейсімет жеңгесіне
қарап-қарап қойып сілтеп жатыр.
Еділхан болса... оның жұмыс істеу тәсілі мүлде басқа. Әке-шешесінен айрылған соң
қол еңбегінің қай түрімен де танысқан. Оқудан қалғалы бері Қанипаның құдығы мен
пішені соның мойнында. Ол топырақ қазуға кіріспес бұрын күректі көреді. Күректің
сабында кедір-бұдыр, не бір қолға тиюі мүмкін бұта көрсе – оны асықпай,
бармағымен сипай отырып жонады. Сонсоң оңтайлап, ұстап қарайды. Қисық сапталса
қайта саптайды. Лақтырғанда су топырақ жылпып, жұқпай ұшуы үшін күректің тотын
қырнап, әбден жуып тазартады. Құдық қазатын күрекпен ғұмыры күл алдырмайды:
күл – топырақты тұтып жібермейді. Осының бәрін әбден тексеріп, біліп алған соң ғана
іске кіріседі. Топырақты да еппен, үнемдеп алады. Топырақ емес, нан кесіп жатқандай,
кертіп, тіліп тастайды. Шағын құдықты ол екі салқын қазады. Сонда маңдайы
жіпсімейді. Өйткені, жұмысты терлеп-тепшіп, қан-сорпа боп істеу– ақымақтықтың
атасы. Терлеу – күш шығындау деген сөз. Ал, күшті басқа ештеңесі – не ақылы, не
айласы жоқ адамдар ысырап қылады. Және ғұмыры бұл кісіден кеңес сұрамайды.
Мынаны қалай етсем екен деп ақылдаспайды да. Ақылдасқан жұрт қай бір жетіскеннен
ақылдасады дейсіз? Өзінің ақылы жетпеген соң ғой? Жетіп тұрған адам не сұрайды?
Еділхан осылай ойлайды. Оның бар мұраты сол – айналаға ақылы «жетіп тұрған»
жігіт боп көріну. Ақша сұрауға, ас сұрауға бар, тек Құдайым ақыл, кеңес
сұратпасын! Жетінші класс бітірген басыңмен біреуден жөн сұрап тұрсаң масқара
емес пе! Ол аурудан, аштықтан тіпті абыройсыздықтан да қорықпайды, тек алданып
қалудан қорқады. Сондықтан оған «ақ көңіл», «аңқау» деген сөздер «ажал», «апат»
дегенмен