мен қоштасты да кетіп қалды...
Сандыбай айтқан газет бұл ауылға төрт күннен кейін келді. Почташы Оразғали
әкеліп берді. Екі аяқ қымызды тастап алған соң көңілденіп, жадырап қалды. Өзі
көңілденгесін үй иесін де бір қуантып, қарқ қып тастайын деген болу керек, қойны-
қонышын, қалталарын ақтара бастады. Өлексеге қонған қара құс құсап құнжың-
құнжың етеді:
– Түнеугі оқиғадан кейін ұятты болып, келе алмай жүр едім, өкпелемесеңіз болды,
әйтеуір!– Түртініп, тінтініп отырып, ақыры, іздегенін тапты: көйлегінің ішінен әрі
уқаланып, әрі тер тиіп сарғыш тартқан «Социалистік жол» газетін алып Әжімгерейге
ұсынды:
– Міне! Мұны арнайы сізге әкелдім. Сағынай қарағымның сөзі бар көрінеді ішінде.
Сағынайжанның есімін енді бүкіл Теңіз көлемі білетін болды. Өзіміз күнде көріп
жүрген азамат. Атағы шықты. Енді оны бізге құтайтады дейсің бе?! Жоғары жаққа
алып кететін шығар. Ауыл адамының дөкей кісі болғаны біз үшін мақтаныш, әрі
мерей емес пе! Өзім қуанғасын сізді де қуантайын деп...– Әжімгерей почташының
сөзін бөліп жіберді.
– Сөзі не сөз екен? Не жайында айтыпты?
– Қайдан білейін. Сағынай қарағым сөзді жаман айтпайды ғой. Қалайда ол үлгілі,
ұлағатты бір сөз айтқан болар. Хе-хеһ-хеһ, өткенде Сағынай қарағым үйіне шақырып,
өзімді мықтап сыйлап еді. Тас-аяғымды өзі әперді. Кетерде кебісіме шейін өз қолымен
салды-ау әлі? «Ореке, Ореке» деп асты-үстіме түседі. Келін қарағым қайнағалап
қиылып отырған соң шәйді де іше беріппін, хе-хеһ-хеһ. Берген хатын апарып
тапсырдым. Сағынай қарағым өзі... деп Орекең тағы біраз ақтарылатын ниет танытып
келе жатқан, Әжімгерей тағы да бөліп жіберді:
– Оразғали, сені кеңсе жақта да күтіп отырған жұрт көп болар. Бұлт айығып,
жаңбыр саябырлап келеді-ау деймін, үйдің іші жарық боп кетті. Отырсаң шай
қойдырайын... әйтпесе, жолыңнан қалма,– деді.
– Ойбай-ау, иә, оныңыз рас. Сағынай қарағым Орекесін күтіп қалар, тезірек жетіп
оны да қуантайын. Ал, рақмет, дәміңізге, сау болыңыз,– деп почташы шойқаңдай
басып есіктен шыға берді. Енді бірер сәтте толассыз жауған қара жаңбырдың
астында судан шыққан тышқандай болып Қошалаққа шығатын жолға түсті, сылп-
сылп желіп кетіп бара жатты. Кеше кештен бастап шоғырланған бұлт қазір тұтасып,
қалыңдап алған. Әлем өз-өзінен аласарып, милықтап, мыжырайып кетіпті. Киізі
қанша бүтін болғанмен, үйдің әр жер, әр жерінен тамшы аға бастаған. Әжімгерей
тамшы аққан тұстарды, таяғы жеткенінше, түртіп-түртіп қойды. Кемпір жауыннан
бұйығып, оранып жатып қалған. Мамасын маңайлап балалар да жатыр. Келінді
колхоз Қарашаштың қарауына берген. Ол сонда қой бағады. Кейде сол үйге түнейді.
Жеті қанат үйде басын көтеріп отырған қарттың өзі ғана. Түндік жабық, киіз есікке
ағаш салулы тұр. Қоңырқай. Уақыт белгісіз. Әжімгерей жаңағыдан бері уысына
қысып ұстап отырған газетті алдына жайды. Ала көлеңке жерде ештеңе көре алмады.
Түрегеп барып сықырлауықты ашып келді. Өзі есікке таман жылжып, жарыққа
отырды. Заулатып оқи жөнелетін кісідей, газетті көтеріп көзіне әкелді. Екі көзін
уқалап-уқалап жіберіп, бейтаныс әріптерге үңіледі. Әжекеңнің араб әрпінен де
танитыны шамалы-тын. Мына жазулар одан гөрі бір түрлі қызық көрінді. Әптиек,
иманшарт, құран сықылды, өзі оқып жарытпағанмен қолына ұстап көрген
кітаптарының жазуы бір келкі, ұсақ боп келетін. Мұнда, газетте әріптер әр түрлі
сықылды: біреулері жуан, семіз, айсыз қараңғыда оқу үшін жазылғандай бажбиып
көзге ұрады. Енді біреулері ұсақ, қырық аяқтың ізіндей жыбырлап түсіпті. Әрі қарап,
бері қарап ештеңенің бағытына түсіне алмады. Әрберден соң уақ әріптер бір-бірімен
құйылып, қосылып кетті. Ұзақ, сарыла оқудан жүйке тамырлары әбден шаршап,
талған адам құсап, Әжекең көзін тарс жұмып, маңдайын бас бармағымен сүйеп біраз
отырды. Онда да ештеңе түсінген жоқ. Көзін қайта ашып, қайта қарады. Онда да
түк түсінбеген соң, көз талдыратын ұсақтарына қарауды бұлттың айығуына
қалдырып, ірі, күйлі-қоңдыларына ауысты. Шетінде тұрған ең жуан әріпті сипап
қалып, саусағына үңілді, жұқпапты. Кенет газеттің төменгі етегіне көзі түсті. Мәссаған!
Сиыр жетектеген біреудің суреті аяғы аспаннан келіп жатыр. Манадан бері басын
аяғына келтіріп, төңкеріп оқып отырыпты. Тақырбас қазақ сиыр жетектеп тұр.
Сиырының мүйізі су-ағаштай, желіні жер сызады. Иесі екі езуі екі құлағына жеткенше
ыржиып, күліп қапты. Құдды, әкесі базардан келгендей, мәз-майрам. «Е-ее, байғұс
бала, «кәзит» сені қайтсін сені ырситып қойған анау сиыр, соның желініндегі сүт қой»’
деп ойлады. Сол сәтте суреттегі мәз боп тұрған бейтаныс кісіні қатты аяды, әсіресе,
оның күлкісіне жаны ашыды. Өзі бір жетіскен, санасы, бағы жұрттың бәрінен озық
жан құсап, бұ қарт соңғы кезде: «е, байғұс бала-ай», «е, бейшара-ай» деген сөздерді
көп айтатын болған. Әжекең газетті аударып-төңкеріп түгел қарап шықты. Түсінгені:
астын таяқтай қара сызықпен сызып қойған әріптер – ең маңызды, ең ақылды сөздер.
Ана, сиыр ұстап қалған тақыр бас – бір колхоздың үлгілі, өнегелі сиыршысы. Ал,
сиыр... сиыр нағыз біршелектің өзі болса керек. Де