теңе таппайды,
қиыстырған сайын сөзінің қиюы қашады. Сонысын өзі сезген сайын тас-табақтағы шай
ыси түседі, сіресе соңғысы... шәшкенің түбінде от жанып жатқандай күйдіріп,
ұрттатпайды. «Осыдан кейін қоярмын» деген ең соңғы жарты шәшке шайді тас-
табағына құйып аузына апарғаны сол-ды, кенет, мұрнының ұшына быж етіп үлкен
бір қара шыбын қонды. Басқа-басқа, дүниеде шыбын тыныш отырған ба, біреудің
мұрнына қонғанымен қоймай, мұрнын жыбырлатып, қылдың-қылдың етеді. Оны
азсынғандай, тайраңдап әрлі-берлі жүрді. Мұрын оған да мыңқ еткен жоқ еді, шыбын
тіпті масайрап кетті: кішкене, әлсіз аяқтарымен мұрынды көтеріп әкеткісі келгендей,
өзінше бүріп, тартып-тартып қалды. Міне, енді бұған мұрын шыдағанмен, мұрын иесі
шыдай алмады: бос отырған екінші қолымен қағып кеп жіберді. Шыбын ұшып
үлгірді, тас-табақ шай-пайымен төңкеріліп, дастарқанға түсті. Сақалды кісінің өз
шайын өзі қағып төккеніне қара бала мәз боп күлді. Сатым: «байқасаңшы» деп
сыбырлады. Әжімгерей екі қолын жайып ас қайырды. Сонымен Сандыбайды
азаптаған осынша ыстық шай, ақыры, ішіліп болынды. Үй иесі қырыстанғанда одан
шайі мен бірер тостаған қымызын қызғанып отырған жоқ-ты. Бұл өлкеде, әсіресе,
соңғы кезде Сандыбайды ұнататын адам сиреп қалған. Сондықтан, араласса да,
қыдырса да Сисенбаймен болатын. Өйткені, Сисенбайдан өзгенің оған жолағысы жоқ.
Сандыбай ақымақ емес, ауру емес, тек аузы жеңіл. Қайдағыны сол айтады, қайдағыны
сол біледі. Кімнің қандай қылмысы бар, кімнің не міні бар, кім кімнен несін жасырып
жүр бәрін Сандыбай ашады, бәрін білетін сол. Және ылғи жаңа хабарды, соңғы
хабарды жұрт содан естиді. Ауыл арасының ұсақ-түйек, жаяу өсегін былай қойғанда,
Сандыбай, ең әрісі ауданнан қай уақытта кімнің өкіл болып келетініне шейін күнілгері
біліп, айтып жүреді. Ғұмыры қателеспейді, қателессе сирек қателеседі. Алғашында құм
елі Сандыбай келді десе қуанып қалатын. Әңгімесін, хабарын еститін. Келе-келе жек
көре бастады. Себебі: ылғи дұрыс айтады. Неге? Не кереметі бар сонша? Қайдан
біледі? Жалпы, өсекші болғасын өтіріксіз болмайды ғой. Сандыбай хабарларынан
елдің күтетіні де сол өтірік. Бірақ... Сәкең инабатты адам, өтірікті өлсе айтпайды.
Оның үстіне әрі ақылды, әрі сақ. Өзі онша жиі де қыдырмайды. Анда-санда «мал
қарап» қана шығады. Жанына Сисенбайды ертетін, оған қазір болмай тұр: О қарттың
қолы тимейді, пішеншілердің сауын биелерін бағады. Өзі бір рақат. Бөтен сөз, бөлек
пікір айту тұрсын, Сандыбайдан бөлек қимыл да жасамайды, мұның көлеңкесі сияқты.
Қайран жолдастық, достық-ай десеңші!
Әжімгерей қарттың қонағын салқын қабылдау мәнісі: бұ қонақ айтатын жаңа
хабары, жаңа жаңалығы болмаса кісі үйінің қазығына ат байлай бермейді. Бұ
сықылды ауыл ақақалына әсіресе, «құр қол» келуі мүмкін емес, жаңалықтың көкесі
болмағанмен ағасын, хабардың шешесі болмағанмен жеңгесін айтуға тиіс. Жай, анау-
мынау сөз болса оны айтпағанда, таратпағанда Сисенбайдың аузы не бітіреді? Өзі,
жеке келуіне қарағанда, маңыздырақ бір хабар болу керек.
Сандыбай дастарқан жиналған соң да негізгі әңгімесіне бірден көше алмаған кісінің
кейпінде, ананы-мынаны сөз ғып, қипақтай берді. Бір мезгілде өп-өтірік мүләйімсіп:
– Мен, Құдай атқанда, сан біліңкіремеймін ғой, ақшаның санынан басқа,– деп
қуланған болды,– он үш жылқы бір жоқ, он бір жылқы бір жоқ... сонда бәрі қанша?
Сандыбай енді қалай ашпас екенсің сақаулығыңды дегендей, Сақал-Сатымның
аузына үңілді. Еділханның «ұстаздығымен» әріп танып, сан үйреніп қалған, әрі жасы
әліппе жасынан кеткен естияр Идаят сарт еткізді:
– Он үшке он бір – жиырма төрт!– Сатым күлімсіреп:
– Идаяттікі жөн, сондай болады,– деді. Әжімгерей Сандыбайдың әлденендей бір
мәнді әңгімені бастай алмай отырғанын байқап қалған. Сонысын айтпай кетпейтінін
тағы біледі. Не де болса айтарын айтқызып, тезірек құтылуға асықты білем, бір кезде:
– Сандыбай, не жаңалығың бар, айта отыр,– деп салды. «Ұшайын деп отырған
қарғаға тәйт дегесін не жорық?» Сандыбайдың өзі де «ұшуға» не сылтау табарға
білмей әзер шыдаған. Айтатын сөздері бірін-бірі кимелеп көмейіне таянған тұс еді.
Сұратпай-ақ, ақтара салса қайтеді? О, Сәкең ондайға бармайды, ақылы бар. Және
сонша маңызды хабарды сұратпай айтса құны түсіп қалмай ма? Өз өсегінің құнын
әбден біліп болған Сандыбай Әжімгерейге: «Не жаңалық бар» дегенді өстіп зорлап,
амалын құртып айтқызды. Әйтпесе кетпей қояды. Енді асықпаса да болады: Сұрақ
берілді ғой? Бәрібір енді айтқызбай қоймайды. Соны сезіп, өп-өтірік:
– Жаңалық? Не жаңалық болады бізде,– деп іркілді. Ұнатпайтын адамыңның
қызметін айтпай жанында отырып алғаны қандай қиын. Анау іркілген сайын үй
иесінің шыдамы бітіп барады. Бірақ, Сандыбай – Сандыбай болса енді өзі де төзе
алмас деген оймен Әжекең де қулыққа басты: артындағы жастық ағашқа шалқайып
жата кетті. Қонақ жаққа жүзін де бұрмастан кемпіріне дауыстады:
– Кемпір-әй, Сандыбайға ақ берші, асығып отырған болар!– Мына сөздің
айтатының болмаса кет дегеннің дәл өзі екенін кемпірге шейін түсінді. Жалма-жан беті
бүркеулі тұрған сағанна