қойып қипақтап, қозғалақтап біраз отырды.
– Айтсайшы енді,– деді Сатым.
– Айтсам,– деді анау, бұдан былай бұлданудың артық екенін, әрі өзінің де діңкесі
құрығанын сезіп,– айтсам, казитке ыстатья шығыпты.
– Неғылған ыстатья, тыныштық па әйтеуір?
– Түнеугі тілші жолдас пен Сағынай беріпті... Темірәлі жәйлі...
– Иә, не депті, мақтап па?– Сандыбай тық еткізіп таңдайын қақты. Өңеші бүлк-бүлк
етіп, қымыздан төрт-бес рет жұтты. Сосын: «Үфф, ә-әә» деді.
– Сонда... не дейді екен?
– Қатырыпты!
– Ал, иә?
– Иесі сол, оқсатыпты. Халықтың дәулеті құтыртып жіберген депті. Ауданға өтірік
ақпар беріпті. Қысыл-таяң шақта қоғам мүлкіне қол сұққан. Соғымға колхоздың
сиырын сойыпты. Пішен жетпей, қарайған мал аштан өліпті. Әскер семьясына қол
тигізген... онымен қоймай ауданның өкілін тілдеп, қамшы көрсетіпті. Халық
алдында әптәритеті жоқ, айдың күні аманда құмның бүкіл шоқалын санатып, жұртқа
күлкі болған... «жұртқа күлкі болған» дегенді айызы қана, азуын басып айтты. Бұ
жаңалыққа тағы не қоссам екен деген кісіше ойланып ап,– Темірәлінің ініне су
құйылған болар, сірә,– деді. Әжімгерей үндеген жоқ. Сатым:
– Ол казит қайда? –деп сұрады. Сандыбай ананың сұрағына құлақ аспайды:
– Өзі тура жаялықтай ыстатья...
– Сен қайдан оқыдың?
– Мен оқып қайтейін оны, беті әрмен кәпірдің, несі жақсы дейсіз кәзитке
шыққанның,– деді Сандыбай, шынымен жиіркеніп, тыжырынып отыр,– өзінің де тым
миманасы асып кетіп еді. Әнеугіні тілші жолдас Қарашаштың қызына құда түсіп,
келісіп кетіп бара жатса, артынан қуып жетіп боқтап-балағатап ішін кептіріпті. Қыз
берілмейді саған депті... Қойсын ба, ондай асқақтық ұшыратпай. Аудан өзін мақтап,
көтермелеп адам етіп жүрсе... Ол келіп... өзінің баяғыда бір қонып өткен әйелінен
туған қызды қорып... Сақал-Сатым жаңағы сұрағын қайталады:
– Ол кәзит қайда? Қашан шықты өзі?
– Кәзит Қанішкенде. Бүгін шықты.
– Сен ауданда болдың ба, қайдан білдің оны?
– Жоқ, болғаным жоқ. Бірақ білем, білгесін айтам да...
– Мәссаған! Қой, бүгін шыққан кәзитте қандай ыстатья болғанын қайдан білейін
деп ең сен! Үйтіп босқа сөйлемейік, ұят болады!– деп ескертті Сатым. Сандыбай
жастық ағашта, шаңыраққа қарап жатқан Әжімгерейді көз қиығымен бағып отыр.
– Әжекеңнің қорасындағы қойларын қай к... тығар екен енді,– деп мырс етті.
Сол-ақ екен, манадан қыбыр етпеген үй иесі орнынан қопарыла түрегелді. Өзі сары
адамның жүзі қуырған бидайдай күреңітіп, түтеп кетті.
– Әй, тоқтат енді сандырағыңды, тексіз ит! Шық үйден, шық дегесін шық! Темірәлі
сенің әкеңді өлтіріп пе еді, әй, қасиетсіз, сонша өшігетіндей!
Қарт жастық ағашының артында жатқан ақ таяғына ұмтылды. Сандыбай шыға
жөнелді. Өз-өзінен күбір-күбір сөйленіп жүріп атына мінді. Үйдегілерге жортып кетіп
бара жатқан ат тұяғының дүбірі бірер минут естіліп тұрды, бірте-бірте алыстап,
ақыры, құмға сіңіп, жоқ болды. Қарт ол кеткесін де көпке дейін ентігін баса алмай
қойды. Әлсін-әлсін:
– Тексіз ит! Сұм! ЖауызІ– деп тістене сыбырлайды.
– Сандыбай Тем-ақаңа неге кіжінеді, не өші қалды оның?..
– Е-е, шырағым, Сатым-ай,– деді қарт,– өмірінде өзінен басқаның тірі жүргенін
көтере алмайтын пенделер болады. Сандыбай сол. Ондай жанға Темірәлі ме, басқа ма
– бәрібір. Әйтеуір біреу құрып, күйреп жатса болғаны. Ат арқасында жүрген, дардай
атағы, абройы бар азаматты неғылмасын!
– Басқа-басқа, Сағынайға не жоқ, жолдасын жамандаған қағазға қол қойып!..
Қанша сенейін десем де қисыны келмейді... Әп-әсем жігіт, иман жүзді... Тіпті адам
баласына жамандық жасайды дейтін жан емес сықылды.
– Бәсе десейші! Сағынайды мен май тойына барғанда сол Темірәлінің үйінен
көргем. Тем-ақалап жаутаңдауы жаман еді! Мен де тәуір жігіт пе деп қалып ем...
қайдан білесің... әй, бәріміз де әлдекімге алданумен тірі жүрміз ғой,– деді Әжімгерей.
Сонсоң бұрын өзінен бөтен ешкімнің ойына келмеген философиялық жаңалық ашып
тастағандай, сақалын сипады. Сатым жұлып алғандай етіп:
– Сандыбай сөзінің жаңсақ болуы да мүмкін ғой? Қолында кәзиті жоқ,– деп келе
жатыр еді, Әжімгерей қолын бір сілтеп, басын шайқады:
– Жо-оқ, жаңсақ емес, Сандыбай біледі. Менің қорама Темірәлінің қой тыққанынан
басқаның бәрі шын.
– Иә, сол қой тықты дегенді қайдан тауып алды?
– Ол өзінің ойы ғой. Темірәлінің қолында колхоздың бүкіл малы бар. «Бал
ұстаған бармағын жалайды», басқарма бармағын жаламаса – несі басқарма!
Басқарманың бармағы жәй адамдікінен көп болуға тиіс. Жалайтын тіл біреу.
Қайсібірін жалап тауысады. Амал жоқ, артығын жасыруға тура келеді... Темірәлі қой
жасырса біздің қора лайық емес пе? Менің колхозға қатысым жоқ, өзіммен-өзім
отырған адаммын. Ағайынға қадірім де өтеді. Сәбет санағы қораның аузын
көргенімен түкпір-түкпірін тінтімейді. Біздің малға тіпті, санақ жүрмейді деп ойлайды
ол. Осының бәрін салыстырып келіп айтып отырғаны да. Ол бәрін өзімен өлшейді.
Темірәлінің орнында қазір өзі болса, әлбетте, солай істейді...
Сақал-Сатым «р»-ға соқпайтын сөздер