қаңбақ! Басқаларындай ырғып, секірмейді, біркелкі ауыр домалап келеді. Бір
жартысы қоңырқай, екінші жартысы ақшыл. Ақшыл жағы күн көзінде көп жатып
қурап, оңып кеткендіктің белгісі. Былтыр күздегі қарашаның дауылынан қашып
тығылған сайынан мына жел жаңа ғана аударып, айдап шыққан сияқты. Қаңбақ
домалап барады. Шоқ жыңғылға кездесті. Жыңғыл әрі аласа, әрі майысқақ, жас боп
шықты: ұстап қала алмады. Темірәлі құбылаға тура жүріп келе жатқан. Қаңбақ жолын
кесіп етті. Алдында кішкене ғана қияқты алаң-алқап бар-ды. Соған аялдап қалды. Жел
ішін тартып, қайта соқты, қияқ ыққа қарай жапырыла иілгенде қаңбақты басынан
сыпырып әкетті. Одан кейінгі ебелекті жазықтан кедергі таппады. Басқарма бақты да
отырды: Қайда тоқтар екен. Көзден алыстап бара жатқандығы ма, әлде, қу бұталары
сына-сына шынымен кішірейді ме, әйтеуір, алғашқыдай емес, шағын, ықшам көрінді...
домалап барып ақ тікенді сайға түсті. Сайдың ар жағындағы келесі қабақтан тосып еді,
көрінбеді. Енді басқа бір қаңбақты бақылауға алды. Оған да көзімен біраз жерге дейін
ерді. Ол да бір сайға түсіп жоқ болды. Сола-ай! Басқарма атын бауырға бір салып,
сылт текірекке басты. Айдалада жалғыз өзі жалбаңдап шауып келеді. Жұқа, желбегей
бешпетін жел жұлып-жұлып қояды. Қанша жапырайта басқанмен кепкесі желкесіне
кете берді. Басынан сыпырып қойнына тықты. Содан, жаңа құралып жатқан
пішеншілер қосына келгенде ғана киді. Қос Ерназар шошағының күнбатыс түбінде;
құдығы тұщы, қияғы қалың болған соң пішеншілердің бір звеносын осы жерге
ұйымдастыруды ұйғарған. Бұл құдықта алты үй болуға тиіс еді. Сақал-Сатым көптен
жылқы сұрап жүрген: көшпей, келмей қалыпты. Әзірше бес үй. Арғы күні орақ салу
керек, Темірәлі жаңадан қазылған, сай табанындағы екі көранаға көз салды. Біреуі,
салақтығына, төбесінің жүрдім-бардым жабылғанына қарағанда, Сейсіметтікі. Анада
Сейсімет қызмет сұрап кеңсеге барған. Басқарма: «әзірше пішен звеносын басқара тұр,
кейін көрерміз» деген-ді. «Айстанов» мәз боп қайтқан. Звено бастығы да бастық
қой? Қарауында қыруар адам. Алты орақшы, үш жинаушы, тамақ пісіретін біреу...
сауын биелерді сауатын, суғаратын адам тағы бар. Звено бастығы да қолына орақ
алып, шөп шабуға тиіс. Дегенмен, қалғандарына әмірін жүргізе алады. Сейсіметті мәз
еткен де сол. Темірәлі Сисенбай қарттың төрт қанат киіз үйінің желкесіндегі мал
сүйкеніп қисайтып тастаған қайың соқаға атын байлады Қарт биелерді бағып, кемпірі
сауатын болып келіскен. Өзі басқарманың алдынан шықты. Үйге кіріп отырған соң:
– Сисеке, Сейсіметке бала жібере қойыңызшы, шаруа бар еді,– деді Темірәлі.
Сисенбай жүгірте қоятын бала таппады да, өзі жүгірді. Сейсімет үйінде жоқ-ты. Мәруә
келді.
– Тем-ақа, үй-ші аман ба? Жеңешемнің дені сау ма? Өз саулығыңыз қалай? –
Келіншек жылпылдай амандасты. Көрші-көзім, мал-жан, ауыл-аймақ, жүрген жер
бәр-бәрін қазбалап үсті-үстіне сұрады, басқармаға ләм дерлік мұрша бермеді, тұйық,
именшек мінезді адамның мына суырылуы тіпті жасанды, жарасымсыз көрінді. Тағы
да ананы-мынаны айтып келіп:
– Сіз айтқан соң көшіп жатырмыз,– деп бір тоқтады. Басқарма басын изеді.
– Сіз шақырып жатыр деген соң келдім. Сейсімет үйде жоқ! Темірәлі солғын ғана:
– Бара бер, шырағым, онда Сейсімет келгесін маған жолығар!– деп, ірге
жағындағы үлкен қызыл ала жастыққа қисайды. Тем-ақаң Мәруәні баяғыдан соң
көрмеген-ді.
– Сисеке, қалай шабындық қалың ба биыл?
– Иә, Темірәліжан, қалың ғой, Алла қайырын берсін тек.
– Құдық қалай, тұщы ма?
– Иә, Темірәліжан, тұщы ғой. Қайыры болғай да.
– Қымыздарыңыз ашыды ма ?
– Иә Темірәліжан, ашыды ғой.– Қонақ түрегеліп отырды. Іргеден топырақ борап
жатыр. Төсеулі түйе жүн алашалардың құмнан бедері білінбейді Үйдің жамау, тозық
киіздері желмен дүр-дүр сілкінді. Темірәлінің ызасы келді. Іргеден қалың қияқ шауып-
шауып әкеліп, ірге-аяқтың етегін бастырып тастаса құм дәл мұндай борамас еді...
– Сисеке-ау, қымыздарыңыз сүт қой әлі?
– Иә, Темірәліжан, сүт,– Темірәлі мырс етті...
Асып-сасып Сейсімет кірді. Үйдің іші қара көлеңке. Күн жел болған соң түндік
жабық, есік түсірулі-тін. Сейсімет есік алдына тұра қалды.
– Ассалаумағалайкүм, Тем-ақа!
– Әликісәләм, Сейсімет, жоғары шық, отыр,– деді Сисенбай.
– Тем-ақаң қайда? – Сисенбай маңызданып:
– Кетіп қалды. Отырсын ба сені күтіп.– Орақты ертең салсақ қайтеді деп ақылдасты
менімен...
– Сіз не дедіңіз?
– Оған болмайды дедім. Бүрсігүн, сәрсенбінің сәтіне салайық дедім.
– Ол неғыл деді?
– Жарайды, Сисеке, сіздің айтқаныңыз болсын деді.
– Жетіспейтін би нәйселей бай еді... қап! қап!
– Олардың бәрін жеткіздіріп бер дедім ғой.
– Иә, не деді?
– Сисеке сіз айтсаңыз жеткіздірем деді.– Сисенбай жаңағы Темірәліге салынған
төсекте шарта жүгініп өзі отыр. Айналасына маңғаздана көз тастайды. Бес тал
сақалын тарамдап, әлсін-әлсін: «Уһе-үһе-үһі» деп өтірік жөтеледі. Соңғы сөздерден
кейін тіпті шіреніп қалды. Өзіне ұсаған аса беделді, әрі ақылды адамдарға Сейсімет
сықылды жәй кісілермен жатып сөйлесуді ылайық көрді ме, артында тұр