көтеріп дүрсе қоя берді. Осы сәтте біреу ақырып қалды: бұлар жалау ұстаған
аттылының жанынан өтіп барады екен. Жирен айғыр озып құтылды. Құла қасқа
құйрық тістесіп келеді. Қара бала артына көз тастады: ақ боз ат орта тұста қалыпты.
Ол енді өзінің мана Сатым айтқан, құла қасқадан басқа бәсекелесі жоқ екенін көргенде
қуанып қалды. Алтыншы айналысқа шыққанда Сатым қабырғаласа шауып келіп,
«айда бала, айналайын бала, айда, аяма!» деп айқайлады. Қалың қара сақал-
мұртының арасынан тістері ақсия көрінді. Қара бала қоя берді. Жалау ұстап тұрған
біреу шамасы, «Жаңа өмір» колхозының кісісі болу керек, жирен айғыр қатарласа
бергенде: «Аһоу, бәрекелде, оһ-һоит» деп қосыла шапты. Көтермелегені. Аты тың
болғанмен ілесе алмады Жирен ағып кетті. Идаят артына көз салды: есік пен төрдей
жерде құла қасқа, оның артында осы «Жаңа өмірдің» қарала-аяқ айғыры келеді.
Екінші жалаудың тұсынан да Идаят қостау күтіп еді, бірақ, ол тым-тырыс қала барды.
Сонсоң баланың өзі айқайлады: түк дауыс жоқ, тамағы қаңсып қапты. Төбенің батыс
жақ басынан жирен айғырдың өзі бұрылды. Үстіндегі баланың қолы бос емес-ті. Ол
артына әлсін-әлсін қарап қойып, қыл-терліктің жалға байланған жерін шешіп отырған.
Тастай боп қалған шие-байлауды әрең дегенде шешті де, шоқтықтан ұстап, құйрығын
көтерді, бір-екі рет қопаң-қопаң етті. Шауып келе жатқан аттың үстіне терлік тұра ма,
сауырдан сыпырылып барып, жүз қадамдай жерде қалған құла қасқаның алдына
жалп ете түсті. Құла қасқа, қанша қажыса да жылқы ғой, жалт бұрылды. Үстіндегі
бала тұмақтай ұшты. Артындағы қарала-аяқ айғыр екінші боп қалды. Бірақ Идаят
мұның бірін көрген жоқ. Терлікті ағытып жібергеннен кейін аттың ып-ыстық тер,
жалаңаш арқасына жабысып отыра берді. Алдында бұрылыс қалмаған-ды: тіке салды.
Бір топ атты екі қабырғадан айқайлай, еліре қосылды. Ішінен ешкімді тани алмады.
Әрі қуаныштан, әрі шабыстан сілелеген бала ешкімнің бетіне көз тоқтатып қарай да
алған жоқ-ты. Төбенің күншығысындағы алаңға қадаған кішкене-кішкене екі қызыл
жалаудың аралығымен ағып шықты. Ендігі шабыстың оншалықты жараспайтынын
түсініп үлгіргенше біраз жер кетіп қапты. Шөтке шаш қара жиреннің басын қанша
тартқанмен болмай қойды. Манадан бері оп-оңай бұрылып отырған айғыр көнбеді.
Күншығыс жақ тақтайдай жазық еді: жирен айғырға рақат болды. Ағызып келеді.
Баланың есі кетті. Бүйтіп шаба берсе үстінде ұзақ отыра алмайтынын үрейлене сезді.
Екі қабырғадан да аттылар шауып келеді. Бірақ ешкім маңайласа алар емес. Дыбыс
шығаруға бата алмайтын сияқты. Біреу, тіпті сасқан шығар: «құр, шырағым, құр-құр,
тұра ғой, тоқтай ғой, жануарым» деп жалынады:
...Балам бәйгеден келді деп мәз болып тұрған Әжімгерей қарт мынаны көргенде
қатты шошыды. Қанша сабыр сақтайын дегенмен, бұл шабыс шынында, қатерлі
көрінді. Әбден қызған қайратты, қыңыр жүйрік жазым қылмаса қайтсын! Күйзелгенде
ғана аузынан шығатын «апырай, апырайын» әлденеше қайталады. Сонсоң қолтығын
соғып, желіп қабақтан түсті. Бір топ шал-шапыр оған ерді. Қарт көзінде жирен айғыр
бірте-бірте алыстап, кішірейіп қалды. Әжекең көзін айырмай қарайды: Жазықтың қақ
ортасындағы титтей қызарғанның үстінде бармақтай ақ мең көрінеді. Баланың ақ
көйлегі барды...
Біраздан соң тізесі жыртылып, терісі жалбыраған қара домалақ баланы алдына
алып Әжімгерей оралды. Жанында бір қауым жұрт. Сақал-Сатым жирен айғырды
жетектеп алыпты. Манағы құла қасқа жүйріктің иелері жиреннін, үстіндегі баланың
аман оралуын күткен-ді. Әйтеуір тірі қайтқан баланы көргеннен кейін сөзді даудан
бастады.
– «Жаңа өмір» колхозының атына бәйгі берілмесін! – деді біреуі.
– О неге?
– Бұлар сұрқия екен. Біріншіден, қосқандары жирен еді, озып шыққан күрең. Мына
күрең айғырды қалай қосып жібергені белгісіз. Екіншіден бәйге алып тұрған
жүйрігіміздің алдына терлік лақтырып баламызды жықты. Ата-бабамыз істемеген
арамдықты істеді. Сонымен, бірінші бәйгі құла қасқанікі, екіншіні қаралаяқ алады...
Бітті әңгіме!
Жирен айғырды мазақтаған манағы басқарма қамшысын білеп, алға шықты.
Жоғарыдағы сөздерді айтқан да сол-тын. Оны біраз адам қостап, көрінеу бұрып
әкетті.
– Көшекеңдікі дұрыс!
– Қара бұларды!
– Жирен айғырды қосып, күрең айғырға бәйгі бермек! – Қошалақтың кісілері арам
деуші еді, рас болды!
Темірәлі Сатымның жетегіндегі жирен айғырға қарады. Расында, адам танымастай:
екі көзі шатынап, от шашады, түгінен тамшы тайып жығылардай жылт-жылт етеді.
Өзінен-өзі есіріп, еліріп тұр. Жаяу тұрған біреу маңдайынан сипайын деп еді, басын
алып қашып жуытпай қойды. Жұрттың бәріне мазақ болған манағы жирен айғырдың
орнында «от шайнап», ойнақ құрған күрең арғымақ қалыпты. Бүйірі енді-енді қыза
бастаған сияқты.
– Көрдіңдер ме? Мынаны алты айналысқа шауып келді деп кім айтады?
– Көшекеңдікі дұрыс!
– Апырай десейші!
– Қалай ғана қосып үлгерді екен!
Бұл ел жылқы көрген, ат танитын ел-ді. Мұның сол, бағанағы жирен айғыр екенін
көпшілігі-ақ мойындады. Бірақ, талай жылқының өнерін көргенімен, дәл мына секілді
кереметті көріп үйренбеген. Сондықтан сенгендері с