ы ілгері кетеді.
«Шіркін-ай,– деді шөтке шаш,– сол менің атым болар ма еді!» Астындағы жирен
айғырға карады: жалы қобырап, жалқау аяңдайды. Аяңның өзін ауырлап келе
жатқандай... Мәрелі жерге жұрттың ең соңынан жетті. Бәрі жиналған соң совет
председателі бәйгенің шарттарын түсіндірді. Төбенің төрт жағында қолдарына қызыл
жалау ұстаған төрт аттылы тұрғанын, солардың сыртымен шабу керек екенін қайта-
қайта айтты. Одан басқасын бұл естіген жоқ. Сатым оқшау шығарып ап:
– Жалдан мықтап ұста, жығылып қалма! Өзім осы маңда болам. Тағы да айтам ғой.
Мына төбені алты айналасың, тізгінді босатпа. Ол аттың басына сүйеніш болады...
Шыдап бақ... Бақытты бол, айналайын! Не айтайын енді,– Сатым сәл бөгеліп барып,–
мына құла қасқадан сақтан, алапат күшті жылқы,– деді. Отыз шақты ат дүрілдей
жөнелді. Жаңағы ақ боз ат әп дегенде жарқ етіп алға шықты. Жирен айғыр әп дегенде
жарқ етіп... ең соңында қалды. Ақ боз аттағы балаға жолда жалау ұстап тұрғандардың
бірі: «ақымақпысың? Тартсайшы басын, қайда барасың?» деп айқайлады. Топтың ең
соңы боп жанынан өте берген Идаятқа жаңағы адам: «асылы сенікі дұрыс, түбінде
озбайтын болғасын асықпағаның жөн!» – деп мысқылдады. Өзі күйініп, ызаланып
келе жатқан бала жарылып кете жаздады. Бірақ, амал жоқ, естімеген болды. Сатым
айтқан Құла қасқа топтың орта тұсында бір қалыпты шауып барады. Бірінші айналыс
бітуге айналғанда ақ боз ат үзіліп, жалғыз кетті. Отыз шамалы ат алғашқыдай емес,
сиреп, үздік-создық бола бастады. Әр жерде төрт-бестен, ыдырап көрінеді. Көп аттың
тұяғы тиген шымдауыт жер дүңгір-дүңгір. Жирен айғыр ең соңында. Осынша тұяқтан
шаң ұшатын болса Идаятты көміп-ақ тастар еді, әйтеуір, аброй болғанда, шаң жоқ.
Аттың тұсарлығына ғана келетін, тығыз өскен ебелек пен жусан, одан да аласа
бұйырғын мен мортық шаңды көтерілуге де үлгіртпей жоқ қып, тып-тыныш жұтып
жатыр. Екінші айналысқа ауысқанда құла қасқаның үстіндегі бұдан гөрі мазалдау
бала әдейі тізгінін тежеп, Идаятты тосып алды да «тфу, тфу, тфу» деп түкіріп-түкіріп
жіберді. Шауып келе жатқан кісінің жел ылғи да алдынан соғады, сондықтан ананың
түкірігі Идаяттың бетіне тиді: Бұл бірдеңе дейім дегенше ана бала: «Қош, жалғызым,
көріскенше күн жақсы болсын» деп, жылауық кемпірдің кейпін салып кемсең-кемсең
етті де, озып жөнелді. Идаят айқайласа даусының жететінін білді. Бір-екі рет демін
ішіне алып, аузын аша түсті де ернін тістей қойды: арланып кетті. Аяғың жетпегесін,
аузыңның жеткенінен не пайда! «Қап, бәлем» Сатымға қатты сенген. Осы жолы сол
сенімінің ішіне күдік атты құрт түскендей болды. Сатым озасың деп сендіріп-ақ бақты.
Мынасы несі? Жұрттың мазағы үшін мұны, әдейі, жаман атқа мінгізгені ме? «Не болса
да, осыны көкем көрмесе екен» деп ойлады. Төбе жаққа қарады. Қас қылғандай,
көкесі көріп тұр. Қарт баласының осынша масқара халіне пәлендей, қайғырмайтын
сияқтанды. Темірәлі екеуі қамшыларын кезек-кезек шошаңдатып, шауып бара жатқан
аттарды нұсқап, әлдене сөйлейді. «Қап, бәлем!» Екінші айналыс бітерде Сақал-
Сатым аузы жып-жып етіп бұған қарап бірдеңе деді. Екі құлағы гу-гу желді, естігені
жалғыз сөз: «босат!» Ал, босаттық көрейік не жыпырғанын деген сықылды
немқұрайдылау көңілмен Идаят тізгінді сәл жіберіп, тақымын қысты, Сатымнан ұзай
бере, байқатпай қамшылап жіберді. Жирен бәз қалпынша, баяу шауып келеді. Тек,
бірте-бірте ортадағы құла қасқа бастаған топқа жақындай түсті. Байқаса, мұның
артында да үш-төрт ат қалыпты. Идаятқа олар тағы да мұны мазақ қылу үшін әдейі
кейіндеген тәрізді көрінді. Енді неге де болса төзуге бел байлап, ерінін қаттырақ тістеп
алды. Көз алды мұнарланып, маңайдағының бәрі судың түбінде қалғандай шайқалып,
елестеп барады. Көзін уқалап сүртті. Жирен айғырдың құлағының түбі терлепті.
Омырау түймелерінің арасынан ұшын шығарып қойған үлкен ала шыт орамалды
суырып ап жиреннің көзін еңкейіп бір-ер рет сипап өтті. Онсыз да көшелі жануардың
көзіне титтей қолын жеткізу – оңай болмады. Жандәрменкүн әйтеуір ырым еткен
болды. Сақал-Сатым ат жарату кезінде талай үйретіп, жаттықтырған-ды. Онда оңай-
тын. Мына жолы... Сол, бір ғана көз сүрту үшін жарты айналыс бойы тізгін тежеуге
тура келді. Орамалды қайтадан омырауына тыға салып, айналасына қарады. Манағы
құла қасқа тұсау бойындай ғана алда барады. Үстіндегі бала бұған қайта-қайта қарап
қояды. Бұл тізгінді сәл босатып, әп дегенше қатарласа қалды. Жаңағы қылығы үшін
қайтып, қалай кек алуды ойлады. Бұл да соның өзі құсап түкірсе қайтеді? Жо-жоқ, ол
қызық емес сияқты. Жатып тұрып боқтаса ше? Қой, ол батпайды. Ауыз, бет, қол
қимылдарымен мазақтаса болмас па? Көзінің астымен ана балаға қарап еді, екеуінің
көз жанарлары кездесе кетті. Баланың назары тайқи береді. Кірпіктері жыпық-жыпық
етіп, жасқана қағылды. Өзі, манағыдай емес, жасып қапты. Бірақ Идаят оны аяғысы
келмеді. Қалай болғанда да жанына батыратын бірдеңе ойлап тауып, оқсатып өш
алуға бекінді. Бірақ ойына ештеңе түспейді. Кенет... қарқылдап кеп күлді. Анау жалт
қарады. Бұл одан сайын қарқылдады. Анаған мұнысы қатты батса керек, қамш