жығылып әрең айтты да тоқтап қалды. Бір май деп оқыды. Өйткені «інші» деген
жазылмаған-ды. Қағаз сол қолында-тын оң қолындағы сегіз өрме жуан қамшының
сабымен қағаздағы әлде не сөзді түртіп, оқи алмай қиналады. Қағаз ұстаған қолы дір-
дір етеді. Жел жоқ еді, дәл осы мезетте әлдеқайдан ұйтқып кеп қалған кішкене құйын
қарттың қалтырап жармасқан бір жапырақ қағазын ұшырып әкетті. Біреудің атының
сауырын, біреудің тізесін сипай, қаңғалақтай ұшқан қағаз, анадай жерге барып,
айналып-үйіріліп әрең қонды. Қойшы қағазына үмітсіз көз тастап тұрды-тұрды да:
– Жамағаттар, май жасасын, той жасасын!– деп сәл кідірді, артынша сөзім тым
шолақ болды-ау деп күдіктенген шығар.– Алла бұйыртса биыл қой семіз болады, шөп
көп,– дегенді қосты. Сонсоқ құржың-құржың етіп атын тебініп, шу-шулеп, шетке
шығып бара жатты. Жұрт шал сөзінің мән-мағынасына енді түсінген болу керек, ду
күлді. Тағы бірер адам сөз сөйледі. Комиссияның, көпшіліктің ұйғарымы бойынша,
сөзді сонымен доғарып, тойдың қызығына көшетін болды. Әуелі ат шаба ма, балуан
күресе ме? Осы төңіректе біраз таласып, ақыры, ат шаптыруға келісті. Атбегілер бір
бөлек. Әр жерде үш-үштен, төрт-төрттен жүйріктерін жетектеп жүр. Сақалдары
жалпылдап, қастарына ерген бір-бір балаға әлдене айтады. Аттары шетінен жабулы,
кекіл, құйрықтарына әлем-жәлем ғып шашақ тағыпты: тіл, көзден сақтанғандағылары.
Аяғын билеп басатын ақ арғымақтың дәл шоқтығының үстіне қара құстың
қауырсынын қадап қойыпты. Онысы жүргенде, бала қыздың бұрымы құсап, селтең-
селтең етеді. Ішіндегі жұпынысы жирен айғыр. Барқыт, күләңкөр, ақ кенеп жамылған
бақталастарының арасында шекпен жабуы сөлпең қағып, тым жүдеу, аянышты
көрінеді. Жиреннің сүдініне қарап тұрып Темірәлінің намысы келді. Анадай жерде
жүрген Сатымды қамшысын бұлғап қасына шақырды:
– Әй, Сатым, Құдай тілеуіңді берсін, мынаны қоспа!
– Неге?
– Жұрт күліп тұр. Ұят болады. Басқа колхоздардың алдында...
– Ол болмайды, Тем-ақа, сол ұятқа менің-ақ бетім күйсін! – Осы кезде топты жарып
келіп, Чапаев колхозының басқармасы килікті.
– Қайтесің, Тем-ақа, отызға тарта ат шабайын деп тұр. Солардың тезегін теріп
қайтатын бір өгіз керек емес пе? Барсын! – Ер үстінде шалқалап жатып күлді. Сатым
ананың күлкісін жақтырмай, шамдана қалды:
– Олай демеңіз бәйге атына. Біз де жылқылы ауылдың баласымыз.– Басқарма одан
сайын қарқылдады:
– Мына сақал,– деді қамшысын шошайтып Сатымды көрсетіп,– жылқылы ауылдың
баласы... жылқылы ауылдың, естисіңдер ме, ба-ласы! О-ооо-ха-ха-ха!
Әрбір басшы адамның мейлі ол ақылды болсын, арам болсын, сыпайы болсын,
дарақы болсын,– бәрібір, жанына жақын жүретін бір топ жандайшабы болады ғой.
Олар сол басшы құсап сөйлеуге, сол құсап ақыл айтуға, ат мініп, ас ішуге, тіпті дәл
сондай етіп күлуге дейін үйренеді. Мына басқарманың да сондай бір топ қосшысы бар
екен. Сондықтан жаңағы Сақал-Сатымды шұқып көрсеткен қамшы біреу емес, бес-
алтау болды. Күлгендердің саны да со мөлшерде. Бәрі де бастығы құсап, ат үстінде
шалқалап жатыр. Бәрінің де күлкісі бастығына ұқсас. Барлығың қосылып, бір ән
салыңдар десе – бұлай шықпас. Біздің көптеген оркестрлеріміз бен ансамбльдеріміздің
қолы жетпей келген мәдениетке олар соноу Қошалақтың қоңыр төбесінің басында
дауыс қарлықтырып қиналмай, күлкімен-ақ жеткен-ді:
– Оо-оо-ха-ха-ха!
– Оо-оо-ха-ха-ха!
– Оо-оо-ха-ха-ха!
– Оо-оо-ха-ха-ха!
Сақал-Сатымға ыза болудан басқа амал қалмады. Ыза болған кісінің аузына сөз
түсе ме! Оның аузына да айтуға жарайтын іштеңе түспеді. Атбегінің бар бітіргені:
үндемеді, Жиренді жетектеп, бұрылып жүре берді. Артынан Темірәлі дауыстады.
Сатым қасында келе жатқан шөтке шаш қара балаға қатты-қатты сөйлейді. Онысы
басқарманың айқайын естімеудің амалы-тын. Сайға таман барып, жиреннің жабуын
алды. Қолтығындағы кішкентай қыл-терлікті тесіп, шоқтыққа байлады. Жалаң,
ауыздық жүгенді сыпырып алып, кеңсірігін астына жібере, қайта кигізді. Айғыр арса-
арса, сылбырап тұр. Әбден жарап, жұқарғаннан бұттары тым талтақ, аңғал-саңғал,
Сатым Идаятты көтеріп алып, қыл-терліктің үстіне қонжита қойды. Сонсоң он
қадамдай жерге жетектеп шығарды да балаға айтқаны, атқа айтқаны белгісіз «ал, аш
бағыңды, байғұсым!» деп тізгінді қоя берді. Идаят төбенің шығыс жағына қарай кетіп
бара жатқан кілең жайдақ атты балалардың соңынан ерді. Атына мініп Сатым да
солай жүрді. Қара баланың бәйге аттарын ғұмырында бірінші рет көруі-тін: Таң
қалды: Ішінде мұның жиреніне ұқсайтын бірде-бірі жоқ. Шетінен керемет. Тақымды
қағып қалса болғаны – ала жөнелгелі барады. Аяқ алыстары қандай! Дік-дік, қадаң-
қадаң, дік-дік! Ал, жирен айғыр болса... жүрісі жүкті түйенің жүрісі сықылды, ырғаң-
ырғаң етеді. Әне біреу ақ боз ат үстіндегі үп-үлкен жігітке әл бермей алып қашады.
Тізгінін тартқан сайын аузын арандай ашып, жерді тарпып-тарпып қояды. Еркіме бір
жіберші, көрсетейін көресіні дейтін сияқты. Иесі басын сәл босатса, ытқып алға
шығады. Сонсоң қалған аттарды көлденеңдеп тұрып тосады... тағ