1954 жылда жазылғанға саяды. Жұмекеннің ақын ретінде шеберлігінің, ойының өсу барысын көрсетуге де септігін тигізетін өлең. Жұмекен 1983 жылғы күнделігінде «Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге (немесе мысалдап деуге келер ме екен) бейімдеу едім» дейді. Жұмекеннің осы тәсілі, мәнері басқа көркем туындыларына да тән.
«Балуан» өлеңі.
«Сынасып, қарысып
Ынтыға алысты.
Ақылдар жарысып,
Айлалар салысты.
Алдабек құлады
Әрнеге ,,сүрініп,,
,,Қапы,, деп сұрады,
Жармаса жүгіріп.
Қапысын беріп ед.
Жығылды тағы да.

Сенімі берік ед,
Алысу жағына.
..Қап,, деп тұра кеп:
..Белбеудің жаманы,,
/Әйтпесе жығар ед,
Өзіндей баланы./
Белбеуі жаңа еді
Күш болар жетпеген!
Сылтаушыл бала еді
Әрнені септеген».
Балаң өлеңінде де күрес, оқиға, сюжет, мінез. Ақыл мен айла жарысы. Ынтығу. Сенім. Арпалыс. Сынасу. Қарысу. Толып тұрған динамика. Қозғалыс. Жан талас. Өмір.
Жұмекеннің алғашқы жазылған, жарияланған өлеңдерін сол кезде «Социалистік құрылыс» атты Гурьев облыстық газеттің 1954-1956 жылдардағы тігілген сандарынан таба алмадық, кездестірмедік. 1954 жылдың 3 қазанында № 196/6120/ аталған газеттің «Әдебиет бетшесі» деген бетіндегі Т.Текеев дегеннің мақаласына жолықтық. Бұл мақалада облыстық әдебиет бірлестігі сыналыпты. Мақалада Жұмекенің атын көрмедік. «Социалистік құрылыстың» 1955 жыл 5 маусым № 110/6301/ санында әдебиет бетінде Әбу Сәрсенбаев бастаған бірнеше ақындардың өлеңдері беріліпті. Сонымен қоса «Жастық жыр жалынды болсын» атты Ж.Нақбаевтың редакцияға келіп түскен өлеңдерге жасаған шолуы жарияланыпты. «Бізге түскен өлеңдердің көпшілігінде мазмұны тақырыбына сай келмеушілік жиі кездеседі. Мұндайда тақырып диапазонына өлеңде қамтылатын ой мазмұны жетпей, одан кем түсіп жатады. Жалынды жастық, өлеңдей отты жігер. Ыстық сезім, әсерлі ой мен тың пікір болса, бұл жан азығы. Міне, осындай өлең жазуымыз қажет» деп аяқталған. Мақалада мысалдар келтірілген, талдаудың ішінде Жұмекеннің есімі аталмаған. Нәсіп апайдың маған Жұмекен жергілікті басылымдарға өлеңдерін жариялауға бермеген деген сөзі расталды.
«Таң сәріде» өлеңі де оқиғаға құрылған. Қазақ халқының тарихында өзіндік орын алатын тың және тыңайған жерлерді игеру оқиғасына арналған. Азабы да, ары да, асқақтығы да, астығы да мол әлімжеттік астамшыл әрекет. Намысқа тиетін де, жаныңды жаныйтын да, тәлім-тәрбие, үлгі, өнеге алатын тарихи құбылыс. Сол оқиғаның негізгі мәнін, өзегін жас Жұмекен өте дұрыс түсіне, қалтқысыз, қапысыз көре білген. Көркем сөзбен күрмеуі көп күрделі өмірдің көрінісін кең кемелдікпен шешкен:
«Бозарып жұлдыз сиреп аспандағы
Көк жүзін күрең шапақ астарлады.
Жалт етіп, түсті үзіліп мөлдір моншақ
Қарағай, қайың, терек, жас талдағы.
Тасалап күннің көзін тау қызғанып,
Қарайды ой мен дөңге маңғазданып.
Тұр Шолпан көк көмбезін қимағандай,
Жұлдыздар жайлауында жалғыз қалып.
Алтын таң арайында нұрланды қыр.
Дегендей, менен жомарт кім бар бүгін?!-
Сол қырдың баурайында комбайндар,
Сағатта жатты тиеп жылдар жүгін».
Жұмекен осы өлеңнің соңғы жолына қаншама мыңдаған жылдардың тарихи жүгін артып жіберген. Бір бидай дәніне қаншама тарих, тағдырды сыйдырған. Астықтың астарында талай- талай аласапыран аңғарылады. Осының бәрі қазақ халқының тарихына қатысты екенін дала пейзажы мен таза қазақтық ұғымдарды пайдалану арқылы берген. ...Көк күмбез, жұлдыздар жайлауы, жомарт, қызғаныш, тасалау - осының бәрі соңғы жолдың жүгін көтеріп тұр. Әсем де әсерлі, әділ, әрлі дүние - бұл өлеңі Жұмекеннің. Көркемдікпен астарлы ойын көзден аулақ көрсетпей, бидай дәніне көміп тастаған. Былай қарағанда, жылдар жүгін 1954 жылдан бері басталған еңбекті ауыр жүк деп айтқан деуге болатын сияқты. Мақтанышпен, асыра бағалаумен айтты деуге, қолданған сөзінің мәніне қарасаңыз басқаша, біз айтқан ойға апарады. «Жүк» деген сөзді қазақ қандай кезде, қалай қолданады соның байыбына барып, барлап көрейікші. Қазақтың түсіндірме сөздігіне сәйкес жүк: бейнет, азап, ауыртпашылық. «Жүк» ұғымын, сөзін Жұмекен қалай қолданғандығын көрсететін үзінділерді ұсынайық:
*«Арқамда ауыр жүк - сын бәрі».
*«Бұл өлімге, бұл өлімге төзер де ем-
Мұхтардан да жүк қалғанын сезем мен».
*«Мезгілдің мол жүгі тым».
*«Атқа жүк болады....амал жоқ».
*«Бәрінің иығын басқан зіл- батпан жүк, әтпішу- әтпішу, әтпішу», деп жан–жаққа ұшып- ұшып түскендей болды.
Сонымен қатар Жұмекен кейін өзі де бұл тыңдағы егін жөнінде былай:
«Адамға адам сенбей,
Күндер өтті.
Екі көз бір- бірінен күмәнданып.
Өтті сол ұятты күн, қателі күн,
Өсірген өз жеріне жат егінін» – деме пе еді.
Бұл арада тың кезінде еңбек еткен еңбекшілердің, барлық ұлт пен ұлыстың еңбегін, төккен терін жоққа шығарып, ерлік деп бағаланғанды теріске шығару ойда жоқ. Әңгіме Жұмекеннің тың тарихын, трагедиясын, тағдырын тани білуінде. Халықтың еткен еңбегі - еңбек, ерлік күйінде тарихта қалады. Бұрмалауға жатпайды. 1956 жылы ауыл шаруашылығының 139 озаты Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа ие болды. Ауыл шаруашылығында істейтін 40 мыңнан