Өктемшіл өндіріс басшыларына сөзі өтсе Кенжин Әукебайдың сөзі ғана өтетін. Жұмекенге құжаттарын алып берді де жолың болсын деп кеншілердің генералы Кенжин Ә.Қ. жас ақын, жас шахтерді жаңа ұстаздарына, музыка маршалдарына шығарып салды. Жұмекен неткен бақытты еді, қандай ғажап адамдар оның ұстазы болған. Сол Кенжин Әукебайды, оның жақсы істерін, елге, жастарға тигізген пайдасы жайында Қарағандының жұрты әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Ұмытпайды. Ұмытуға бола ма? Бір Жұмекеннің өзі аяғындағы керзі етіктен, қолын қажаған қайласынан, азапты, ауыр еңбектеуден, жамбастап, бауырлап жатып қазып жатқан жерінде басып қалуы ғажап емес көмір қабырғасынан, тұрмыс, өндіріс тозағынан, жәбірінен құтылып, аман-есен Алматыға кеткен сәті көз алдыңда көлеңдеп, осы бір балғын жігіттің тағдырына алаң боласың. Бір атаның баласы, жар дегенде жалғызы, жетім жас жеткіншек лавада опат болмай аман қалғанына қалай қуанбайсың. Тап өзің құтылғандай, тап бір өзің Жұмекендей перронда Алматыға әкететін поезді тағатың таусыла, асыға күтесің. Асығамыз, қазақ ұлтының ірі тұлғасы Жұмекен жырының биігіне жетсек деп асығамыз.
«Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам,
ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам.
Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы,
Басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп,
Керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,-
Қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам.
Сәл шыдай тұр, ағайын, мен түбінде енші алам,
Алтынға кім қызықса- бәрін жиып бер соған.
Маған темір күрек пен болат қайла бер мықты-
Көрсетейін көкесін қайсарлық пен ерліктің.
Сәл шыдай тұр, мен ертең өз тайыма ер салам,
Қартайды ғой Пегасың, кім қызықса- бер соған.
Жақсы өлеңді достарым жазсын менің жан сала,
Мықты өлеңнің көкесін көрсетейін мен саған».
Шыдамдылыққа шақырған сабырлы үн. Қайсарлық пен ерлік. Өз ақылы мен күшіне сенімділік. Мансап пен алтынға қызықпау. Өз еншісінің барлығын пайымдау. Пегас емес Тайбурыл болар тайын таңдау. Болаттан, темірден мықты біздің Жұмекен. Ешкімге ұқсамаған. Ұсақталмаған. Шынайы өлеңнің иесі.
Кенжиннің Жұмекенге консерваторияға оқуға барасың деп әкелік ақыл-кеңес бергені тамаша ұсыныс болды. Консерваторияға бармаса Жұмекен Шәмші Қалдаяқовқа дер кезінде жолығар ма еді, жолықпас па еді. Кенжин Әукебайдың қазақ халқына, өнеріне жасаған жақсылығы, келтірген пайдасы
өте зор. Жастық жалындары сөнбей тұрғанда қос талантты қосып, қазаққа ән-ұран келуіне бір себепкер болды. Жұмекенге қаншама қазақ ақсақалдары ақыл, кеңес берді жас кезінде. Олар Жұмекенге сеніп, үміт артты. Ол да ақсақалдардың үмітін, еңбегін ақтады. Қарағандыдан Жұмекен Алматыға құр алақан келе жатқан жоқ. Ол өз жүрегіне, жанына, жадына қазақ халқының еңбегін, ерлігін, дархандығын, даналығын құйып алып бара жатты. Поэзияға ол «Таң сәріде» атты жаңа өлеңін әкеле жатты. Бұл өлең атақты, асқақ, арманшыл, ақ, арлы, адал өлең «Менің Қазақстанымның» негізі, бастау бұлағы, құлақ күйі сыңайлы көркем туынды. «Жұлдыз» журналының алтыншы нөмір, маусым 2004 жылы жарияланған Мыңбай Рәш «Мен айтпай, сірә, кім айтар» деген естелігі Жұмекеннің жаңағы өлеңінің қай мезгілде жазылғанын анықтауға көмек болды. «…Бұл осыдан қырық төрт жыл бұрын болған еді (естелік жариялануынан бұрын, ертерек жазылған сыңайлы авт.). Қазіргі «Жас Алаш» бұрынғы «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісімін. Мынау жас ақын Жұмекен Нәжімеденов болады, ал мен консерваторияның бірінші курс студенті Шәмші Қалдаяқовпын – деді сарғыштау өңдісі көңілділеу сөйлеп. Жұмекен де Құрманғазы атындағы консерваторияда оқиды екен. Ол өлеңдерін әкепті. Екі өлеңін іріктеп алып қалдық. Бірер ай мөлшерінде газетте басылып шықты». Осы үзіндіден Жұмекен бірнеше өлең әкелгені белгілі боп тұр. Жұмекеннің өлеңімнің тап жартысы жарияланбайды дегені тағы да шындық.
Іріктеп алған өлеңдер «Лениншіл жаста» 1956 жылдың 17 қарашасында жарияланған. Жаңағы бірер ай уақытты кейін шегерсек ол сол жылдың қыркүйек айына келеді. Бір ай емес бірер ай. Сонда көрсетілген уақыт нақтылау болады. Құрманғазы атындағы консерваторияның қазақ халық аспаптары кафедрасының 1956-1957 жылдары оқу жылындағы алғашқы мәжілісі 1956 жылдың 31 тамызында өткен. Оған барлық курстардың студентері қатысқан, яғни онда Жұмекен де бар деген сөз.
Енді осы Жұмекеннің алғашқы өлеңдерінің бірі «Таңсәріде» деген өлеңін талдамастан бұрын Жұмекен қай жылдардан бастап жарияланды деген мәселеге тоқталсақ. Әзірше табылғаны, ол «Пионер» журналында, апрель, нөмір 4, 1955 жыл Гурьев облысынан, қазіргі Атырау, жіберген «Балуан» өлеңі.
Хат-хабар алмасуда жер шалғайлығын ескерсек, журналдың жоспары барлығын еске алып есептесек бұл өлеңі