Отарлау саясатының тыңғылықты дайындалған жымысқы жоспары бойынша қазақтың жерін басып алу саясаты сыналып, сынға салынуда. Хрущев те орыс патшасының ғасырлар бойы жүзеге асыра алмағанын бір-ақ жылда атқардық деп мақтанды емес пе. Тек 1954-1956 жылдар ішінде Қазақстанның ауыл шаруашылығына 6 млрд.105 млн. сом қаржы жұмсалды. Бұл осының алдындағы 4 бесжылдықта жұмсалған барлық қаржыдан 4 еседей көп. Осы мерзімнің ішінде 122 мыңдай жаңа трактор, 26 мың комбайн, 22 мыңнан астам жүк және арнаулы автомашина т.б. көптеген техника алды. Қаншама техника, қаржы, төтеп беріп көр. Тың жерді жырту жағамызды жыртумен пара пар еді. Жұмекеннің аталған өлеңі осылай талдап, түсінуге талап қояды. Тарихи шындық нақ осындай талдауды қалайды. Тың кезіндегі қазақ халқының еңбегін, жеңісін Жұмекен керемет ойшылдық, суреткерлікпен түйсіне білді. Қазақ халқы тыңның бүкіл ауыртпашылығын көтерсе, тыңдағы ерлігі, еңбегі оны да биікке жеткізді. Қазақ тек қана қан майданда ерлікпен соғысып қоймай, Москваны қорғап қалуымен қатар, еңбек майданында да өтімді іс өткеретінін дәлелдеді. Бүгілген тізесін тіктеп, тік тұрды. Тәуелсіздік бізге тыңдағы қазақтың тың ерлігімен де жетті. Тың кезінде халықтың көбісі нан үшін ағылды ғой Қазақ жеріне. Ұлы сөз нан жайында Жұмекен сөздері:
*«Сезген адам нанның нағыз бояуын
Сап-сары ғып көрсе керек даланы».
*«Үзім нанда – тағдырлар бар, табан бар,
Жан-терің бар, айналайын адамдар-
Тоқпыз содан. Басқаша айту маған да ар,
Нан көп дейді нанын ақтамағандар».
Қазақ халқы, жері, ерлерінің еңбегі Кеңес халқының аузын асқа жарытты. Кім келмеді, не істемеді. Не айтпады, не естімедік. Көзіміз не көрмеді. Жаралы болса қазақ жері, қазақ жаны, жүрегі жараланды. Жер мен тілдің өзі тәркіленіп, тоз-тоз болды. Өз жерімізде өзіміз аз ұлт болып қалдық. Тың игерудің алғашқы жылдарында республиканың колхоздары мен совхоздарында, МТС-терінде тұрақты жұмысқа 20 мыңнан астам коммунистер келді. 1954-56 жылы Қазақстанның тың игеретін аудандарына РСФСР, Украина, Белоруссия т.б. республикалардан 640 мың жаңадан қоныстанушылар келді, оның 400 мыңдайы - механизаторлар мен маман жұмысшылар. Тыңның барлық зардабы, залалы қазақ еліне, жеріне әлі де ауыр жүк болып жатыр. Жаңағы Жұмекеннің «жүк» деген бір ақ ауыз сөзі қаншама ғасырлық көркемдік жүк артып тұр. Комбайнға емес біздің жан-жүрегімізге жылдар жүгі болып құйылады. Сағат сайын. Бір тоқтау жоқ. Бұл өлең «Лениншіл жаста» толық жарияланса 28.05.1959 жылы өндіріске тапсырылған «Жас қанат» атты Қазақстан жас ақындарының өлеңдері мен поэмалары жинағында 400-бетінде қысқартылып берілген. Өлеңнің келесі жолдары кесіліп, алынып тасталған:
«Алтын таң арайында нұрланды қыр.
Дегендей, менен жомарт кім бар бүгін?
Сол қырдың баурайында комбайндар,
Сағатта жатты тиеп жылдар жүгін».
Мына жолдар жат көрінді ме редакторға, әлде астарлы мән-мағынасын түсініп, қырағылық көрсетті ме, әйтеуір осы жинақтан бастап Жұмекен жырларының сүбелі, ойлы жолдары жариялануға жіберілмейтін науқаны басталған сыңайлы. Абайдың жәуанмәртлікті сипаттайтын қасиеті ретінде көрсетілген шындық, жомарт, ақылдылық алынып тасталды. Бұқаралық ақпаратта жарияланған өлеңді қысқартып, редакциялау әділдіктен атау еді. Шындықты бәрібір жасырып ұстай алмайсың ғой. Тек, дәп осындай қысқартулар ақынға, өнерге деген қиянат емес пе? Әсемдік, әділдік, әдемілік деген ақын жүрегіне жүк осылай тиеле бастаған.
«Трактордың табанына тапталды
Кетпен, кетпен, саған деген аяныш», еліне, кетпеніне деген аяныш ақынның жүрегін яздай қарыды.
Трактор тісі жерімізді жыртумен қатар тілімізді де тілді.
«Шығыңды көктем бұлдама,
Шыныңды ұғар жан қайда:
Боразда салса, бұл дала
Ұқсайды қатпар маңдайға».
Осынау қатпар-қатпар астарында, астында қаншама қайғы, қасірет жатыр. Шыныңды ұққысы келген жоқ, ниет, пиғыл басқада болатын.
Соның бәрін көтерген қазақ халқының рухы қаншалықты биік десеңізші. Жұмекен қазақ халқын ең қайратты, рухани дені сау халық деп бағалаған.
Қазақтың мықтылығын мойындап Кеңес билігі Қазақстанды сол кездегі ең жоғарғы награда Ленин орденімен марапаттады. «Менің Қазақстаным» өлеңінің туу мерзімін нақты көрсету үшін Қазақстанға Одақтық ордендердің берілген уақыттарын тағы бір атайық. Екінші Октябрь революциясы орденін 1970 жылы 27 августа, Халықтар достығы орденін 1972 жылы берді. «Менің Қазақстаным» әнінің алғашқы рет ресми 1959 жылы орындалғанын ескерсек өлең 1956 жыл мен 1959 жыл аралығында жазылғандығы анық. Ал, алғашқы орден туралы осы өлеңнің екінші шумағында жазылған. Сондықтан да, өлеңнің туу мерзімі 1956 ж