жеткілікті бұл басшы болған қазақтың. Атағы мен ақылы Алатаудай Әукебай. Сондықтан да оны Жұмекен мықты қазақ деп еске алып отырған. Негізінде осы атаға Арғын Қуандық Барғана бабаларының тектілігі дарып тұрақтаған ба деймін. Самай Барғанаұлы Тілекесінің шөбересі Кенже атамыздан Күлмағамбет (Күлкей), Келмағамбет, Балқоңыр, Ахмет. Күлмағамбеттен Қарағандылық Күлкеевтер. Келмағанбеттен Әукебай, Мәукебай, Мәулит. Аталарының атын алып Кенжин есімімен бүкіл елге белгілі. Әукебайдың інісі Мәулит те Москвада оқыған, тау-кен инженері, партия қызметінің қайраткері. Бұл атаның ұлдары мен қыз-келіндерінен бір ақсүйектік, бекзаттық, кеңдік, білімділік, біліктік сезіліп тұрады. Сырт көз сын көз ғой. Жұмекеннің жары Нәсіп апай да Кенжиндердей тамаша қазақтар болады екен деп ризашылығын әркез білдіріп отырады. Әукебай атамыздың ұлы Төлеш қоғамдық қайраткер, Қазақстанда көп партиялық жүйенің негізін қалаушының бірі. Кенже қызы Сәуле ғалым-заңгер. Мәулиттің ұлы Болат ғылыми диссертациясын Мәскеуде қорғаған, техника ғылымының кандидаты, іскер, күрделі техника жасау өндірісінің бірінші басшысы. Осы кітапты жазу барысында Болат ғылыми жетекшілік қызмет көрсетумен бірге, көмірөндірісін көріп, түсіну үшін қажетті іс-шаралар ұйымдастырды. Ізденіс, жазу барысы Болаттың басқаруымен ғылыми-әдістемеге негізделді. Болаттың қарындасы Гүлнұр Мәулитқызы, мамандығы экономист, жұбайы Ерқара Балқарайұлы Аймағамбетов Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор. Қарағандының тумасы, университетте бірге оқыған, бауырым-інім Қабиболла Қасымов - Атырау облысы прокурорының орынбасары өзі елде дем алыста жүрсе де менің Атырау-Қошалақ-Қарағанды сапарымның сәтті өтуін қамтамасыз етті. Алматыда Нәсіп апай мен Жұмекен ұл-қыздары, немерелері Ұлттық мұрағатта алаңсыз ізденуге жағдай жасады. Алматыдан Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің бауырым деп бауырына басқан туыстық көңіл, игі тілегімен, Қазақтың Жұмекені туған Қошалақ сапарына ақ батасын алып аттандым. Бұл да алла сый еткен сәттілік, абырой, әдебиетке адал қызмет етудің үлгі, өнегесі. Кенжин Әукебайдің салып кеткен үрдісі. 1956 жылдың 10 наурызынан Кеңес Одағында жұмысшылар мен қызметкерлер үшін демалыс күні және мейрамдар алдындағы күндерде жұмыс уақыты 8 сағаттан 2 сағатқа қысқартылды. Сол жылы жоғарғы, арнайы орта оқу орындарында, мектептердің жоғарғы класстарында ақылы түрде ақша төлеп оқу жойылды. Бұның бәрі кәсіподақтың жеңісі еді. Әлеуметтік әділдік үшін күрескен Ә.Кенжин әсем әлем поэзияға да қызмет етті. Жұмекен кәсіподақ мүшесі, ән-би ансамблінің белді, белгілі мүшесі болғандықтан Кенжин Әукебайдың шахта басшыларынан оны мерзімінен бұрын жұмыстан босатуын талап ете алды. Жұмекенге өнер адамы, ақын ретінде болашағын болжап, үміт еткен, көмектесе алатын шахтада бірде бір қазақ жоқ болатын, шахтаны, партиялық, кәсіподақ ұйымының бәрін орыстар басқаратын, жинақтағы құжаттардан оған өзіңіз де көз жеткізесіз. Көмір өнеркәсібін басқарып отырған өндіріс басшылары тікелей Орталық Отарлау Одағына бағынатын болғандықтан, анау-мынауыңа, жергілікті басшыларға оңай көне қонбайтын. Тың өлкесін басқарып отырғандар да Қазақстанның астықты өлкелерін Ресейге тікелей бағындыруға жанталасқан. Бәрінікі бір саясаттың. Нәсіп апайдың Мәскеу байқауынан кейін үлкен, мықты қазақтың Жұмекенге сен шахтаны қой, оқуға, консерваторияға баруың керек деп кеңес бергені туралы айтқаны Қарағанды қаласындағы мұрағаттарда сақталған ресми құжаттармен дәлелденіп отыр.
1956 жылдың 8 шілдесінде «Социалистическая Караганда» деген облыстық партияның органы болатын газеттің нөмір 134/5503/ жексенбі күнгі санында «Шығаруыңызды өтінем. Жұмыстан шығу туралы арыздар не айтады» деген журналист И.Ляховскаяның көлемді мақаласы жарияланған. Журналистің берген ақпаратынан Жұмекеннің өз бетімен, еркімен оңайшылықпен жұмыстан мерзімінен бұрын есеп-айырысып кете алмайтындығы анықталады. Интернатта тұратын шахтерлердің паспорты комендантта сақтаулы болып, оны бұйрықсыз және ала алмаған. Паспортсыз қайда барады? Бұл журналистің мақаласы бізге керемет қызмет көрсетті. Заман жайлы жазсаң осылай анық, айқын жаз. Жалпы сол кездің журналистеріне мыңда бір рахмет айтамыз. Жұмекеннің мұрасын зерттеу барысында газет пен журнал беттерінде өз мерзімінде жария болған мақалалар мен ақпараттар көп көмек етті. Кейбіреулері арқылы мұрағаттарда сақталмаған немесе өзіміз таба алмаған жайт туралы деректерге кездесуге көмектесті. Бұқаралық құралдарда ақпараттардың, шешімдердің жариялануының қажеттілігін осындайда анық сезінесің. Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабының 3 тармағындағы Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті деген талап тұрғысынан ақпарат майданында қызмет ету қажет.
Жұмекен істеген шахтаның хал-жағдайын кәсіподақ жиналыстары хат