айбалтасымен сөгеді. Шаң дариясын ұрттап-төгіп тұрған лава қандай қорқынышты. Сырық сәуле. Көп аяқты мосы. Оған ілінген комбайн - шәйнек гүрілдейді, ызыңдайды. Шыраққа айналған ақыл мен ой. Күндей күкіреген күлкісімен түлеген шахтер. Бетіңді желпіген көмір исі. Көмір қабырғасы – қап–қара тақта. Балуан қолдар. Екі иінінен дем алған шахтер. Забой мен лавадан атқылаған асыл, алмас сөздер. Адал жүректі тұлғалар болар елге тұтқа деп, ұлттық тұлғаларды үлгі тұтқан Жұмекен.
Коммунист Кенжин Әукебай: «Біз қазақпыз, біз бармыз» деді. «Өнерліміз, қайраттымыз, жеңеміз» деп, жеңіп қайтты өнер бәсекесінде. Осы ансамбльдің бір мүшесі Жұмекен Нәжімеденовтің кейінгі өнердегі атақ-даңқы кеншілер ансамблінің құрамының шынында да осал еместігін көрсетеді. Басқалар жеңісті оңай беріп қойып қарап тұра ма? Жұмекеннің барлық жеңісінің басы осы жеңістен басталады. Сырттан келді деп, сырттансынғандар сыртқа тепкенмен Жұмекен өз замандас, қатарлас құрбы-құрдастарынан бұрын аттады әлемдік өнерге. Бұған басқа ағалар реніш-өкпе білдірмес. Қаһарымен, қаруымен бүкіл әлемді қалтыратып отырған Кеңес Одағы болғаны ақиқат қой. Ақиқат. Партиядан қорыққанымыз рас қой, рас. Онсыз мансап, дәрежеге, атақ, даңққа жетпейтіндігімізді білдік пе? Білдік. Білдікте, білекті сыбанып жіберіп, арды белбеуге түйіп алып қып-қызыл белсенді болып шыға келдік. Кейбір қоңыр жүздерді қып-қызыл шиедей қылып жібердік. Ол жолда ешкімді аямадық, аянбадық. Шындық па, шындық. Жас Жұмекеннің Көкжал қасқыр коммунистердің жиынында қатысуы тағдырдың да бір белгісі, еміреуіні болды ма, бір құдай біледі. Әйтеуір, Жұмекен қазақпын деп шырқап шықты әлемдік өнерге. Мен қадала, мән беріп, баса айтып отырғаным кейбір сыншылар Жұмекен орыс ақындарының ізіне көп үңілді, солардан шықты ма дейді. Бұндай қате, жаңсақ пікірлер Жұмекеннің өмірін, өнерін білмегендіктен айтылады. Әдебиеттануда жастарға дұрыс бағыт- бағдар бермейтін тұжырымдар. Аттары аталған орыс ақындарын Жұмекен оқыса кейін оқыған, дәп сол 1955-1956 жылдары олардың жинағы Мәскеуде де шыға қойған жоқ. Шықса да Қазақ еліне жете қойған емес. 1956 жылы Жұмекен Вознесенскийден де, Евтушенкодан да бұрын өз тұлғасының даралығын көрсетіп, программалық өлеңдерімен шыққан. Олардан басқа оқитын орыс классигі қалмап па? Жұмекенге өзінің төл, тиесілі Жұмекендігін қимаймыз. Ол өзінен өзі неге шықпайды. Тәңірі берген табиғаты, таланты, Қошалақ пен Қарағанды топырағы бар емес пе? Ашақ, Азғыр, Атырау, Арқа елі қайда қалады? Жұмекен шықса Абай, Илияс, Қасымдардан, өз қазағынан шықты, үйренетін, үлгі алатын қазақ ағалары тұрғанда Жұмекен басқаны қайтсін. Орыстың ұлы әдебиетін төмендетіп «ұлтшылдыққа» ұрынып отырған жоқпыз. Ұлтымызбен мақтанудан да және де бас тартпаймыз. Тек қана біздің өзіміздің ұлы әдебиетіміздің барлығының, оның негізі, нәрі басқалардың ықпалынсыз-ақ сонау ежелден еркін елдің ғажап поэзиясының негізінде шыққанына баса назар аударамыз. Қазақ поэзиясының сөз кестесі мен өлең құрылысының түпкі негіздері көне дәуірде қалыптасқанын ғалымдар дәлелдеген. Ежелгі түркілердің ұйқас жасаудағы «көг» деп аталатын поэтикалық өлшемді Абайдың «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінде асқан шеберлікпен қолданғанын зерттеушілер атап отыр. Халықтық әдебиеттерде бір бірінен ауысу, алмасу, үйрену, үлгі алу үрдісі болған, болып та жатыр, болады да. Бірақ та, әркімнің өз түп-төркіні барлығы баяғыда мойындалған тұста Жұмекенді басқа ел- жұрт ақындары ізін кездіріп қоюға және де болмас. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жария еткенімізге 15 жыл болды. 2005 жылы Ресей мемлекетімен екі арадағы шекарада анықталып, бекітілді. Ендігі кезекте қазақтың ұлттық әдебиетінің тәуелсіздігін жариялау қажет. Егеменді елдің ежелгі еркін поэзиясына оралу күтіп тұр. Мәдениет мұрасы мол халық – қазақ халқының әдебиеті де тәуелсіз болатын кез келді. Түпкі арғы қазаққа, түркіге оралу сәті келді. Кім қай тілде жазса, сол ұлттық тілге, ұлтқа қызмет етеді. Орыс тілін Республика азаматтарына қарым-қатынас тілі ретінде ұсыну құқықтық қателік. Конституцияға сәйкес емес. Ата заңға сай әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар. Әлім жеттілікке салынып, бұрынғы беделмен тізеге салып адамның еркін орыс тілімен шектеуге болмас. Әркімнің өз таңдауы, тағлымы, танымы бар екендігін ұмытпайық. Артық сөйлеп қою әрқайсымызда бар деп Жұмекен айтпақшы, ана тілге келгенде абай болған жөн, кім болсаң да. Ал, қазақ тіліне қатысты қате пікір ұстандың екен, онда қазақ тілі сенің ана тілің болмағаны. Батыс пен солтүстікке бас шұлғи беруді күнделікті тіршілікте көретіндей көріп жүрміз. Ұлттық әдебиеттің негізі ұлттық тіл. Ұлттық тұлға ұлттық тіл, мәдениет, әдебиет төлі. 1958 жылы 20 мамырда Алматы қаласында Кеңестер Одағының Жазушылар Одағының бас хатшысы А.А.Сурковтың қатысуымен Қазақстан жазушыларының жиналысы болып өткен. Жиынға Ғ.Мүсірепов төрағалық етеді. Сол жиында Жұмағали Саин жаңағы Сурковқа былай деген: «Александр Александрович, Сіз біздің поэзияны нашар білесіз. Менің байқауымша қаз