несі! Біле білсе, осы шаруаның жақсы ат, жаманаты соныкі.
– Мұның енді рас. Имандай шыным, бар ғой, сол күректі сұрамасақ, істемей
жатып алсақ қайтер еді!– Сағынайдың көзінше үндемеген үшінші шал елеуреп
тұр,– басыма бейнет тілеп нем бар менің! Айтшы! Ойылмаса қиы құрсын!
Жатпайым ба көсіліп!
– Рақмет жауғыр, жақсы етті, күрек әкеп. Темірәлінің орнын басу қайда оған!
Жұмысының ауыры семіру.
Кезінде Темақаңды жамандап, Ыбырайды мақтаушылардың бірі осы үшеудің
ішінде де бар-ды.
– Ал, іске сәт, ақсақалдар,– деді Сағынай атына мініп, кете беріп,– Ойбо-ой, күн
түс боп қалыпты.
– Сау бол, шырақ, көп жаса!– Қарттар бір-бір баласын әкеткен соғыс аман-сау
қайтарып бергендей, қалбақтаса, ессіз қуанып жатты.
– Сіз ренжіп кетті дегесін,– деп қайталады анау.
* * *
Сағынай тура күннің шығысына жүрді. Аты ауыр, жалқау жортады. Топырақ
шаша жұта бастапты – қар суы кеуіп үлгірген-ді. Жаңбыр жоқ. Темірәлі кеткелі
шаруаға бұл да самарқау, салбөксе. Биылғы қыстан мал қоңды шыққан. Бірақ, жаз
қуаң, отсыз болатын сықылды. Шөп тегіс бас тартпай жатып, жердің кейпі мынау,
боп-боз. Бұл көктемнің көгі де біртүрлі, былтырғыдай қаулап, бұрқырай
көктемейді, әр жерден бір қылтияды да тұрып алады. Сағынайдың жұмысқа
мардымсыз баяу қимылдауында да гәп бар-ды. Ойындағысы болмаған кісінің
кәдімгі немкетті тірлігі. «Қолынан келсе көктетпес» деп ойлады Бекесі жайлы. Бекең
бірінші басқармалыққа бекігенде бұл екіншіліктен дәме еткен-ді: Ықыласовтың
топастығынан қатты үміттенетін. Сағынайдың Темірәліге не істегенін Бекең жақсы
біледі. Өзі басқарма болғанша бұған жалпылдап бақты: «мме-ее, Сағынжан, жүзің
қуқыл ғой, сырқаттанып қалмадың ба?» Бұл бірдеңе айтса қуаттауға асықты.
Шаруашылық хақында сөз қозғалса, «Сағынай біледі», «өзің біл», тіпті, жұрт
көзінше де: «Сағынай келсін, ақылдасып көрейік» деп отыратын. Енді: «саламат,
сау боларсыз, жолдас». Мұның сәлемін алған түрі. Айқайлап тұрып айтқан
«ассалаумағалайкуміне» екі-үш рет осындай міңгір-міңгір қайтқан соң бұ да
дауыстауды қойып, күбірлеуге, келе-келе бас изеуге көшті. Кейінгі бір-екі
кездескенде оған да ерінді. Бекесіне қарап, ерінін жыбыр еткізді. Бекең «ыс-пыс»
деді. Аман-сау алысқаны шығар. Бүйте берсе бұ колхозда береке қалып жарымас.
Бір сөзбен, ағасынан көңілі қалып-ақ жүр. Бұл еппен, есеппен қимылдайтын жан.
Малды, шаруашылықты жайдан-жай араламайды. Халықтың ой-күйін, пікірін,
өсек-аяңын тере, зерттей түседі. Ел ішіндегі әлгі лағу, өсек сөздер бар ғой?
Ұнатпаған кісі өзі біледі, ал, Сағынай үшін одан әлді құрал жоқ, сәл демдеп, бағыт
беріп жіберсең құлатпайтын құзы болмайды. Тек тыңдай, түйе біл. Басқарманың
тап өзінің, Сағынайдың қолтығынан көтермесін сезгелі бері беделді өзінше іздейді,
өзінше амал қарастырады. Кеңседен ренжіп қайтқан біреу болса, Сағынай, қалай да
соны ризалауға тырысады. Ішінен Бекеңе өкпелі адамдар санының арта түскенін
қалайды. Бүгін де ертемен атына қона, сапсыз екі күректі ер қасына іліп тұрып
ойлағаны осы. Әйтпесе, бұл сиыр фермасының менгерушісі, сиыршыларға керекті
затты ғұмыры тасыған емес, қой қораның қиында не шаруасы бопты? Халық
алдында беделді адам ауданға да сыйлы. Биыл шөптің кем болатын сыңайы
байқалады. Әйтсе, келер қыста мал шығыны тағы өспек... Кім біледі?! Қайткен
күнде, енбекшілерді ренжітпеу жөн. Мұндай қиқым есепті ол бұрын да талай
істеген, бұ жолы орыны тіпті үйлесті. Халықтың мұқтажына, (күрек, арқан-жіп
сықылды нәрселерді колхозшылар өз мұқтажымыз санайтын), тілек-талабына
құлақ асып, тікелей көмек жасаған адам өзі боп шыға келеді. Бедел-береке, сенім
табады. Сағынайдың ел алдындағы абройы қашан да жаман болмаған. Әжімгерей,
Сатым, Қарашаш сықылды аз ғана қыңырлар ғана. Ана жолы көрісе шықпақ боп
Әжімгерейдікіне түсті. Кіре айқайлай сәлем берді. Қарт бұған назар салмастан,
кемпіріне дауыстады:
– Кемпір-ай, әлгі қара сиыр қашты білем, құйрығын көтеріп, мықшия береді.–
Сәлем алғаны ма, әлде, алғысы келмегені ме? Айырып көр!
...Жол екі айырылды. Атын тізгінімен қағып апарып, сол қол жағындағы
көмескілеу соқпаққа салды. Буырыл дөнежін бірер бүлк етіп, аяңға ауысты: ал
ойлан!.. Темірәлі кеткесін бұл жалбыр жал торы айғырға алты ай мінді. Жүрісі
тыныш, бітімінің доғалдығына қарамай қағылез, жеңіл жылқы-тын. Қазығына, су
ішетін құдығына жақындағанда, күмбірлеп тұрып кісінейді. Сонысы-ақ жақсы.
Айсыз қараңғыда басын қоя берсең үйге өзі алып келеді. Хайуанның да естісі, есері
бар, естісі – көлік қана емес, серік те. Сағынай жалбыр торыға кәдімгідей бауыр
баса келген кез еді. Бір күні Ықыласовтың дәл терезесінің көзіне әкеп байлады.
Үйіне кіріп шай ішті. Басқарма әйнектен қайта-қайта қарап отырған, кенет, сұлу
әйел көрген бұзық еркекше, су ағарына қойған пұшпақ-мұртын сипап-сылап
жіберіп, мың етті:
– Мме-ее, жолдас, е-ер сала қойшы, мені де бір жұмсарсың!– Бұл есік алдына
барып қалған, Бекең тоқтатып алды.
– Әне, анаған,– деп, жалбыр торыны нұсқады,– өз еріңді ауыстырып, нете ғой.
Өз ерін торы айғырдан жұлып кеп алғанда