мұқият қарау керек. Осыны біле тұрып, айталық, неге сындырасың?– деп күдірейді.
– Қи жас, ауыр. Оны оюға күректің күрегі қажет. Шырағым-ау, неге сынады
деген сөз бола ма? Енді он шақты күнде ойылып бітпесе, сен о қиды жазда балтамен
шабарсың! Бәрін түсіндік, түсінеміз, қайтейік енді.– Қарт, металл дегеннен өңгесін,
рас, түсінген.
– Мен шабам, а-а? Қәдімгі мен балтамен қи шабам, сонда жұрт не бітіреді?–
Басқарма ірк-ірк күлді.
– Сөздің сырағдысын айтқаным ғой, шырақ, сен қайдан қи шабайын деп ең.
Әркімнің өз жұмысы бар ғой.
– Міне, мұны дұрыс айттың. Үлкен кісілерді сыйлаймыз біз.– Ақпан шамасынша
байсалды, жұмсақ сөйлеуге тырысып бағады, бірақ, Бекең көнер емес, қайта-қайта
қарттың оң жамбасына келе береді, тағы бірдеңе дей жаздап, тағы шыдап қалды.
«Алажағым кетсе де айта жағым кетпесінге» берілген шал әзер отыр.
– Сөйт, шырақ, екі ғана күрек бергіз. Сонда қартыңнан да құтыласың, қиың да
ойылады,– деді.
– Ақсақал, жолдас,– басқарма шалға сұқ саусағын бұлғап, ишара жасады,–
тоқта, тұра тұр. Не шаруамен келдім дедің әлі? Күректен басқа не сұрайсың?–
Ақпан күрсініп жіберді:
– Айттым ғой, күрек бергіз, кү-ре-ек!
Ақпан Қошалақтың байырғы бейнетқорларының бірі болатын. Жазда – пішен,
күзде – қора жөндеу, қыста – кіре, көктемде – қи ою, әйтеуір қайда қиын, ауыр
жұмыс – Ақаң сонда жүреді. Өзі жасы ұлғайған адам, содан ба, ыңқыл-сыңқылсыз
өткізетін маусымы жоқ, ғажабы: жұмыс уағында, күндіз ауырмайды, кесел-
сырқатының бәрі түнге қарай оралады. Оның, басшылардың кезінде тағы бір дерті
бар. Ол ежелден қотыр, қыршаңқы тілі. Ауырын жеңілдетіп, ауруынан жазатын да
сол. Ауылдың атқа мінгендері, әсіресе, Бекең қарттың сонысын-ақ ұнатпайды. Ол
бірдеңе сұраған сайын басқарма тәсін қайтаруға, бермеуге тырысады. Бірақ, шын
мәніндегі еңбек адамының қайырымды жеке басына тілемейтінін, бәрі колхоз
шаруасының қамы екенін қайдан ескерсін. Ықыласов шығарып салуға асығады.
– Кабинетке кірген шаруаң осы, а? Колхоздың күрегі, сындыруға болмайды.
Жарайды, мақұл делік.– Ықыласов төс қалтасынан қалам алып, әлдене жазуға
ыңғайланды. Қарт басқарма атаулының бұйрықты қағазсыз бермейтінін білетін,
анау алдындағы газеттердің бірінің шетіне әлдене әріптер сала бастағанда қайта
жадырады.
– Дұ-ры-ыс, қарт, жолдас отағасы, заппермілеріңе айтармын, шешер. Күн
тәртібінде күрес мәселесі,– деп ыңыранды.– Есік сарт етіп, сыртынан жабылды.
Қатты жабылғаны сонша, тіпті, әбден қажалған, ескі топсаның өзі ешқандай дыбыс
шығарып үлгіре алмай қалды. Келесі сәтте басқарма әлгі сын-ды жабысқақ
сұраушыдан мұнша оңай құтылғанына қуанды.
* * *
Бекеңнің де үлкен қаупі бар. Ол – халық алдында қарапайым, кішік боп
көрінуден мықтап қорқады. Оның ойынша жәй кісі басқарма бола алмайды.
Басқарма болдың екен – басқасың, қараса – көз, ұсынса – қол жетпейтін жан ғана
басшы. Ондай адамның жүріс-тұрысы, қимыл-әрекеті, тіпті, атқа отырысына шейін
көпшілікке айбар, қыр болуға тиіс. Сөйлеген сөзің де дәрежеңе лайық, сызданып,
нығыз жатсын! Әйтпесе, қалың бұқарадан нең артық? Артық болмасаң бас
болғаның қайсы? Артықшылық туралы Ықыласовтың өз түсінігі өзіне жетеді.
Біріншіден, басшы адам қарауындағы ешкімнің сөзіне түсінбеуі керек, екіншіден,
оның сөзін де біреу-міреудің ұғынып жатуы шарт емес. Үшіншіден... үшіншіден
бағынышты кісінің сөзін тыңдап керегі жоқ, тыңдасаң түсініп қоюың мүмкін!
Түсіндің екен – құрыдың. Жалпы, осы сөз деген бірдеңе бере ме? Түк те бермейді.
Бермесе керегі де шамалы. Тек аудан алдында, қызметі жоғары жолдастар алдында
пайдаға асады, ал, жиналыста ең керек зат сөз. Бірақ сөздің мағынасы емес,
дыбысы. Неғұрлым қаңғыр-күңгір, у-шу көп болса, соғұрлым ешкім ештеңе
түсінбейді. Ешкім ештеңе түсінбесе – жиналыстың жақсы өткені; жиналыс жақсы
етсе – қызметің де жақсы! Міне, гәп! Әрине, сіз осындайсыз деп, жоғарыдағыны
оқып берсеңіз әркім-ақ секіріп түсер еді. Бірақ шындықтан асып қайда секіреді?
Ықыласов та сын атаулыға қарсы. Мұны, өзінің сынға қарсы екенін де
мойындамайды. Бәрі ішінде. Кімнің ішіне кім кіріп шыққан? Міне, осы аксиома көп
былықты жасырады. Этика керек, этика. Мәселен, сәл әдепсіздік етіп, Бекеңнің
көкірегіне үңілсеңіз, оған... сөз, әсіресе, біреудің бірдеңе сұраған сөзі жақпайды-ақ.
Қарауындағы кісінің именбей сайрап отырғаны қандай жаман! Именбегені –
сыйламағаны емес пе!
Сөз атаулыдан ұнататыны – баяндама. Әсіресе, өзі жасаған баяндама. Неткен
рақат! Жұрттың бәрі жалаңбас. Үштен екісі түрегеп тұрады. Сенің не айтатыныңды
ішкім (Ықыласов солай ойлайды) білмейді. Бөтен планетадан келгендей кірпіктері
жыпылықтап тыңдайды. Әлдекім құйып әкеп берген судан бүлк-бүлк жұтып,
тамағыңды қырылдай бір кенеп қойсаң! Көрсеткішің жақсы болса, кейінгі
сөйлеушілер сенен үзінді келтіреді. Сен оның сөзін естімеген, елемеген боп, сүлесоқ
қана отырсаң. Жалпы, бақыт қой, бақыт.
Басқарма баяндамашыға лайық көп өнерді соңғы бір жылда үйренді. Мысалы,
су ішу тәртібі. Бүрын ыдыстағыны түгел ішетін. Кейін колхозаралық үлкен
жиналыстар