босап үлгіріпті.
– Мында отыр, Аққайша!
– Жоқ, Аққайша мында отырады.
– Бірге келген кісісінің қасына отырады да.– Әйелдер, осылай, жамырасып
жатты.
...Еділхан бәрін көңілінен біртіндеп өткізеді, бірақ ешқайсысына берер бағасы,
айтар үкімі жоқ, көзінің көргенін қиялы дыбыссыз, жансыз ғана қайталайды,
домбы-расын шертеді:
Дыңғыр-дынғыр-дыңғыр-дыңқ, дыңғырыл-дыңғырыл. Мұрнының астынан,
ыңылдап ән салады.
Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр,
Болады, баспағымен-ау екеу биыл.
Мұхиттың шаруамен шатағы жоқ,
Күнде той, жүрген жері-ай күнде жиын, аһа-һау
Күнде жиын, а-а-ай, а-а-һай-ау!
Дыңғыр-дыңғыр, дыңғыр...
Қолына домбыра ұстаса, қиялы қиырға кетеді, Ертеде өткен әнші, серілердің
бейнелерін елестетеді. Жүріс, тұрыс киген киім, мінген аттары. «Күнде той, жүрген
жері, күнде жиын». Неткен рақат өмір! Мұхит, Біржан, Ақан, Балуан Шолақ,
әрқайсысының әнін естіген, кейбірін өзі айта алады. Ең көп білетіні – Мұхит. Әлі
жетіп айтатыны жалғыз осы – «Жайма қоңыр». Қалғандары күш бермейді, биік,
зор дауысты талап етеді. Неге бұлай алыс, асқақ шығарды екен? Өзімнен басқа жан
салмасын дегені не? «Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр». Сиыр Еділханда да
жалғыз. Бірақ жалғыз сиырлылардың бәрі... қой, ол басқа. Бозбаланың көңілі
ортайып қала береді. Сыртта шөппен жабулы жатқан орағын есіне түсіргенде, тіпті
жүдейді. Дереу қолындағы домбырасына үңіледі. Одан сайын дегбірі қашады. Өзін,
өзінің кішкене өмірін, атсыз, атақсыз тірлігін ақтайтын қисын, сылтау ойлайды.
Оны да әлгі аталған әншілердің аузынан табады. «Сұлу қыз, жас келіншекке
тынышсыздаумын, жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ»?! Ағаң айтқан, а? Мұндай
өзіне аса жақын, түсінікті сөздердің тұсында сүйсіне жымияды. Домбырасын тағы
ұстайды, тағы да әндетеді.
* * *
...Төрт көз қара иесіне еріп үйренген ит емес-ті. Мекені, қыс болса – қыстаудың
ауыз үйі, жаз болса – көрананың күнбатыс жағындағы қияқ шоқалдың көлеңкесінен
қазылған ін. Сейсіметтің өзі қазған, іші бүкіл Қошалақтың ит атаулысын түгел
қамаса сыйғандай кең. Қара ит – үйкүшіктеу, әрі тәртіпті, ешқайда ұзап
шықпайтын. Ит-аяғы со маңда, асын ішеді, жатады, жатады, ит-аяғын жалайды.
Осы көктемде ептеп бозбалалық қылды. Онда да өзге иттердей басы бүтін
жоғалмады, шығып қана қайтып жүрді. Далаға түнеу – салтында болмаған,
көктемде бір мәрте қонып қалды. Со жолғы мәтоктігін әлі күнге кешірмейді. Несі
бар еді? Қайдағы бір жылмаңдаған сұр қаншыққа бола? Бет-аузын жалап кетпей
қойғасын көңілшектік қып, ілесе салған. Сөйтсе онысы нағыз сайқалдың өзі боп
шықты. Мұны ертіп апарып топ иттің ортасына тастады да, өзі басқа біреуін
ілестіріп тайып отырды... Сондағы таланғаны есінен кетпес.
...Со күні, Мәруә кететін күні, қара ит түкке түсіне алмады. Анау әлдеқайдан
шауып келді, мынау қылқиып алдынан шықты. Екеуі біріне-бірі қарап, тістерін
ақсаң-ақсаң еткізді. «Арсылдасып жатқаны шығар» – деп ойлап, бұл інінің аузына
екі-үш мезет ұмтылып қарап қойған. Шілденің ерке шыбындары көзі-басына қонып,
маза бермеді. Қара ит сонымен әуре-сарсаң-ды. Бір кезде алыстап бара жатқан ат
дүбірін құлағы шалды. Үй жақтан жағымсыздау дауыс тағы естілді. «Бұлар да
ұлиды екен-ау, шамасы». Өзінің де ұлығысы келді. Неге екені белгісіз, жүрегі езіліп,
шыдатар болмады. Көзін жетім боп ашқандікі ме, Төрткөздің ондайда жаны
төзбейтін. Үйшігінен шыға алдымен біраз үріп, аяғын ұлып бітірді. Құлағын салып
байқап еді, сыбыс жоқ, тек шыбындардың ызыңы мен түйе сонаның даңылы ғана.
Тыныштықта шыбынның даусынан зор дауыс бар ма! Сонымен ертеңіне түске
дейін удай аш, бүгіліп жатты да қалды. Итаяғына талай барып қайтты. Құйылған
дәнеңе жоқ, қаңсып қапты. Құдыққа жеткенше тіліне әрең иелік етті, салақтап түсіп
кете береді, қанша жинаса аузына сыймайды. Астауды жылқылар тепкілеп,
қисайтып тастапты, қауғада ортан белінен төменірек су бар екен, жылып кеткеніне
қарамай сылпытып тұрып соғып алды, сонсоң, құдықтың жарын қазып қазып,
дымқыл топыраққа баурын төсеп біраз жатты. Біреу-міреу келер деген, ешкім
жоламады.
Ертеңіне иесі келді, көранаға кіріп, әрлі-берлі жүрді-жүрді де атына мініп кетіп
құтарды. Астан, дәм-судан дәмеленді. Іші бұрап әкетіп бара жатқан соң, жасқана
жаутаңдап артынан еріп көрген, анау арс етті. Онымен қоймай қолындағы
шұбатылған кескінсіз бірдеңесін оңтайлап-оңтайлап қарады. Оның не зат екенін бұл
түсінбейді, әйтеуір, күйлі мүлік емес, соны ғана шамалайды: бір рет сол
шұбатылған су етіп, жонына тиген. Дүниенің иті жабылып таласа, денең ондай
тызылдамас! О сәтте аштықтан қорқыныш күшті көрінген, айбой дүние-ай, оның өзі
тоқшылық екен ғой!
Үшінші күні қара иттің халі тіпті ауырлады. Орнынан сүметіліп зорға тұрды,
тұмсығымен түртіп жүріп, ит-аяғын тапты: сол қалпы, кеуіп жатыр. Одан көрананы,
есікті жағалады, есік алдындағы қара құман бұлдырап, әрі лайлана сарғайып, бір
түрлі көрінді. Сонда Төрткөзге кұман ыстық, өмір, үміт сықылды боп кетті.
Бұрынғы кайран дәуреннен, үй-мүліктен қалғаны сол, қара ит құманды иіскей