жығылды, бар мұңын соған шағып, құшақтап жылағаны шығар. Құман кұлап түсті,
ішіндегі су төгіліп қалды, ит екі-үш қана жалап үлгірді. Соның күшімен тағы
түрегелді, үріп не ұлып дыбыс берейін деп еді, үні шықпады, тамағын жаңағы
жалағаны жібіте алмапты. Әбден үміті үзіліп, өлсе де әлдебір, белгісіз жерге жетіп
жығылғысы кеп бұрала басып, үңрейіп бос қалған ініне, жапырайған шөп көранаға
қайыра бір қарады да, басы ауған жаққа кете барды...
Бір жетіден кейін Оразғали пошташы Қанішкеннен түнделетіп қайтып келе
жатып, Тоғызқұдық шошағының басынан, ай сәулесінде қап-қара боп отырған
біреуді көреді, білген аятын үрейлене оқып, жанынан өте берсе, жаңағы қарайған
«ит болып ұлыпты-мыс...»
11
Құм елі әр кезде, шыбыннан өзгенің бәріне мұқтаж болды. Киім, кәмпит, шай,
қонақ... ең аяғы: айыр, күрек саптайтын ағашпен бітуші еді. Соғыс басылып, ел ес
жиғалы молда жоғалды. Дұға, бата сықылды, бұ жұрт үшін дін емес, үме салу
құсаған науқандық қана жиында бастары қосылғанда қарттардың көбі «ағоз» тарта
алмайды. «Сен білесің, сен оқы», «жоқ, жасырма, сен, өзің оқы» десіп, бірін бірі
түрткілеп әуре. Анада осындай қиындықтардың бірінен Сандыбай құтқарған.
Содан бері Сәкең молда. Кекетсе өздері білсін, қазір жұрт о кісіні кейде солай
атайды. Иә, кәдуілгі өсекші Сандыбай. Жо-оқ, дұға мен өсек бір-біріне кесел етпейді
екен. Сенбесеңіз, міне.
Сәкең сайғақтан күнбатысқа қарай үш қадамды көзімен өлшеп ап, барынша
ауыр денесімен тізерлей шөкті. Көлеңкесі аяқ жақтағы төрт құлақты үлкен балшық
бейітте, сақалы жалбаң қағады. Басының ауыздан жоғары бөлігі жоқ, бейнесі
моланың үстінен асып, әрі түсіпті. Аяттың бірінен соң бірін оқыды, молдалық –
жаңа қызметі еді, сонан ба асықпай, нанып, нақыштап сарнатты. Желкесінде, қырық
қадам жерде топылып тұрған жұрт, біраздан кейін-ақ тықыршып, өзара сөйлесе
бастаған. Құлағына сол жетті ме, әлде шынымен бітіргені ме, бір кезде қолын ауыр,
салтанатпен көтеріп көзінің деңгейіне әкелді, екі алақанын енді ғана жайды. Сақалы
тағы бірер минут жалпылдаған соң салмақпен бұрылып артына, жұртқа қарады.
– Жабағыұлы Жағыпар жақсы кісі ме еді? – Көпшілік осы сұрақты баяғыдан
күткен сынды, іркілмей, ойланбай жауап берді:
– Жақсы кісі еді! Керемет адам еді!
– Ақылды кісі.
– Керегі жоқ.
«Молда» әлгі сұрағын үш мәрте қайталады. Үшеуінде де Жағыпар қарттың
жақсы кісі болғанына күмән келтірген ешкім табылмады. Сөйтіп, бұ дүниенің дүйім
жұр-тынан мінездеме алған өлік қабырға түсірілді.
Көксау шал шұғыл үзілді. Бұрнағы күні кеште қойдың жел жағына, далаға
жатқан, таңертең ауырып тұрды, ымырт түсе қайтыс болды. Со күні күні бойы
жөтелмеген-ді. Күн бесіннен түсе келінін шақырып алып, сайрап қоя берді:
– Қарақ, келін, жөтел менің кәрі жолдасым еді, бүгін соқпады, безіп кетті. Мен де
ұзақ отырмаспын, жүрермін асылы. Дайындал. Бақұл бол, теңің тап!– Келін
атасының ыңқыл-сыңқылын елемеген, жөтелінің тыйылғанына қуанған. Түсте қой
суарып тұрып серігіне:
– Шүкір, атам жөтелінен жазылды, қиналып бітетін еді жазған,– деп жеңіл
күрсінген-ді. Мына сөзіне қайран қалады да, зарламай сөйлемейтін жасы ұлғайған
кісінің әдеті санап, самаурынын көтеріп шығып кетеді. Тезек қағыстыра, томаша
теріп, әрі өзге шаруаға айналысып жүріп шайын кешіктіріп алған. Қайнаған
самаурынды көтеріп кіргенде қас қарайып еді.
Атасын оятса... Соғыс кезінде ел іші де, әрине өлімнен құр болмаған. Бірақ
майданмен, «үлкен қырғынмен» салыстырғанға ма, көп жанға батпайтын сияқты-
тын. Мына қаза, сексеннен асып тұрған көксау қарттың өлімі кәдімгідей шығын
көрінді. Соғыстың бітуімен жер үстіндегі қайғы-қасірет бірге құрығандай сезілген.
Адам өзінің барын бағалап, жоғын ізденуге енді-енді көшкен күндер-ді.

* * *
Тереңқұдықтың бергі алдынан, ыстықта, сүйекті осында – Ашаққа жеткізу жеңіл
тимеді, о жақтың қауымына қойдырмай, мұнда, өз қасына тартқан Әжекеңнің ұйға-
рымын әркім іштерінен қош көрмесе де орындап салды. Сонымен, көксау шал
қауымның құбыла шетінде кішкене ғана қызыл томпашық боп жатып қалды.
Айтар сөзі, білім-парасаты болғанымен, өзі, айналамен араласы аз, аяулы, тұйық
өмір кешкен-ді. Бір көрген кісі-ақ іші жылып, құрмет, қадір тұтатын сыйы, берекесі
бар, бірақ, сол жақсы ойда отырған жанның да о қарттың қасында ұзақ қалуға
құлқы соқпайды. Неге? Жөтелі мен сөзінен безе ме? Кім біледі, әйтеуір, қалай
дегенде де, сексен жасап маңынан, ел ортасынан алғаны, осы кітаптағы орыны
сықылды тым жұпыны, жұрт келгені мен кеткенін қосып бір-ақ білген оқшау,
талайсыз адам-ды. Ақыры сөзіне «біссімілдә» боп енген «пайғамбарының» Алла
тағалаға не дегенін түгел, аяғына шейін тыңдайтын кісі таппаған күйі, дүниеден
озды.
Көпшілік жабысқан саз, топырақты, күректерін бір-біріне шаңқ-шұңқ ұрып
қақты, асығып-үсігіп көліктеріне міністі де, Ашақ қоңырынан жан-жаққа тарайтын
көп соқпақтармен пышырай жөнелді. Өлік құрметі үшін дәм ауыз тиюге бес-алты
адам ғана Тереңқұдыққа бағыттанған.
Жағыпар осы өлкедегі ең жасы үлкені, Әжімгерей секілді кісілер аға санап, құм
елінің ескі дәстүрі бойынша жа