реукесі
шалғандай ғажайып бір құпия сұлулық, қасиетті ажар табады. Айнала түгел көлкіп,
кілкіп тұр. Байланыс министрлігінің үстіндегі, әншейінде қатал, дөрекі көрінетін
төрт бұрышты сағат жапырақтар теңізінің бетінде бір түрлі нәзік, салмақсыз
қалқыды. Ағаш арасынан ақ үйлер мен көгілдір аспан жылт-жылт етіп, қалып
жатыр... Биік бұталар, қайсыбір сәтте төбеде ұйытқып, үйіріліп тұрып алатындай.
Үкімет үйінің бергі жағындағы қос фонтан дамылсыз сұп-сұйық күміс атқылайды.
Топ-топ адам, көбі-ақ көңілді. Автомобиль гуілінен үндері естілмейді,
жанарлары мен тістері ғана күліп барады, күліп барады. Тоқтай ғап, сөздерін
естігің, бірге күлгің келеді. Жастар жағы алабажақ, көзге ілігу үшін әдейі, байырғы
үйлесімді бұзып, осылай киінген дерсің. Бірақ, мына қалаға не кисе де жарасады,
қанат тапсаң көбелек боп ұшып кет, ерсі емес секілді. Машина светофордың
қарсысына аялдаған. Бір кемпірге көзі түсіп жымиып қойды. Кемпір жолдың
жиегінде машиналардың неге тоқтағанына түсіне алмай, аңырып қапты. Имек таяқ
ұстаған қолдары дір-дір етеді. Ерні бояулы, ірі гүлді крепдешин орамалының
маңдайынан сарғайып кеткен тұлымын қобыратыңқырап, шығарып жіберіпті.
Аяғында биік тақа ақ туфли. Күрең атлас көйлегі жылтыл қағады. Тек, шатыраш
клеенкадан істелген алжапқышын шешіп қалдыруды ұмытыпты. Сонда да келісімді,
сонда да шетін көрінбейді. Тіпті көктемнің соңғы айындағы осынау әдемі қалаға,
кілең алба-жұлба диуана қаптатып жіберсең де сәні, пәк, нәресте көркі өзгермейтін
сықылды. Мұндағы әрбір мылқау тас жаман ой, жаман пиғыл ойламашы деп
жалынады, әрбір сәби жапырақ алақандарын шапақтап сыңғырай күледі, лас
сөйлеп, ажарсыз қылық етсең түсінбейтін, кешпейтінге ұсайды. Шылымыңнан
ұшқан күлге шейін соның көзіне түсердей жасқана, жалтаңдай қарайды. Кінәсіз
тірлік. Бір сәт композиторға адам біткеннің бәрі маңдайынан сипасаң – мәз боп,
шекесінен шертіп қалсаң – бақырып қоя беретін ерке бала тәрізді көрінді. Осы
минутта адамға, айнала табиғатқа, жалпы өмірге деген мейірім мен махаббаттың
ыстығынан жүрегі еріп кеткендей еді. Кемел үйіне Садықжанов сондай сезіммен
келген болатын. Досының төрінен жақтырмайтын екі жігітті көргенде бірден
кібіжіктеп, сынығып қалды. Кемел құшақтай алды. Қашанғысынша ақ жарқын
кейіппен, ақылды сөздермен өз жайын баяндады. Бір сабақтан емтихан беріпті.
Газетке Жарқыновтың тағы бір ескі пікірі ме жаңа суреті басылыпты. Бұрнағы күні
жаңбыр жауыпты. Соның алдында дауыл жүріп, Шевченко – Панфилов
көшелерінің қиылысқан жеріндегі үлкен терек құлапты. Со кезде ағып кеп қалған
трамвай рельстен шығып, үш адам жарадар болған. Жалпы аманшылық. Бұл
Қайырболатқа қарады. Қайырболат дәл осыны, мұның назар аударуын күткендей,
орнынан атып тұрды. Соңғы модамен тігілген жаздық, жұқа костюмін шешіп
апарып, орындықтың арқалығына ілді. Бешпеттің бір иығы үстіне жабысқан
әлденені шымқып, жұлып тастады. Сосын, шалқасынан, бәтіңкілі аяғын кереуеттің
басына қойып, жата кетті. Бұл – үйдің өз адамы, еркесі, еркіні екенін көрсеткені.
Идаят мұнысын жазбай таныды. Әрі осы қылықтың тым арзан, тіпті балалық
сезілгенін кекеген пішінмен ішінен бір күлді. Онысын ешкім аңғармай, мән бермей
қоя ма деп қауіптеніп, артынша қарқ-қарқ етті. Сонсоң өзінің кір, көнетоздау
бешпетін шешіп ап, жаңағы орындық арқалығындағы Қайырболат «қымбатының»
сыртынан кигізді. Осының бәрін әдейі салақ, самарқау қимылмен істеді. Сонсоң
досына қарата: Жол соғыңқырап, шаршап келгенім – деп күмілжіді,
ыңғайсызданған кейіппен, кереует тұрған қабырғаны мегзеп, иегін көтерді. Үй
иесінен күткені: тұр, әй шалжимай, Идаят шаршап кепті, демалсын еді, Кемел басқа
жағынан шықты: Қайдағы батпаққа түсіп жүрсің, әкең, бәтіңкің... деп тоқтаған. Өзін
сыпайы, мәдениетті санайтын Қайырболат өтірік, шынын араластыра қысылып,
тұра, ана жаққа жөнелді. Кемел бұған жымиып, ым қақты: «жата бер». Садықжанов
поезда үш тәулік бойы жатып келген. Бірақ, дәл осы арада шынымен шаршап,
біртүрлі бойкүйездік түйсінді. Қайырболат аяғын шешіп қайта оралғанда бұл
бөлмедегі жалғыз төсекке жайғасып үлгерген-ді. Анау жақындай беріп, Кемелге
бір, төсекке бір жалтақтай кідіріп қалды, іле күліп жіберді:
– Ойпыр-ай, бұ жұрт тек көзіңді аңдиды-ау, қарашы, жата қойғанын!
Садықжановпын деп төсегімізге шейін тартып алады, сөйтеді енді, сөйтеді. – Осыны
айтқанда Қайырболат шынында күштіден қиянат тартқан кісінің түріне түсті.
Әжептәуір сымбатты бойын жаза алмай, бүгежектей кеп, Кемелдің қарсысына
отырған. Сонсоң әлсіздің араша күткен көзімен әркімге бір қарады: Естігісі келгені:
«Әй, қойшы, сен де ешкімнен кем композитор емессің ғой, қорлана бермеші»
сықылды жұбату еді. Бұ сөзді кейінгі кезде бірер жолдасының аузынан алып, ептеп
дәніккені бар-ды. Ол дәмесі негізсіз де емес. Соңғы екі жылда ол да ән шығарумен
әуретін. Үш әнін күні кеше радиоға жаздырды. Ал, әнеугі бір әні қаланың барлық
дерлік концерттік ұйымдарында айтыла бастаған. Жолымбол осыдан төрт күн
бұрын берген әлгінде Кемел айтқан, интервьюінде мұның атын «сауатты,
келешегінен көп үміт күттірер» ж