шешуден үміткер, бәрі уақиғаны ұғынғысы, білгісі келеді. Не болды? Неғылған
жиын? Басып кетті ме, қағып кетті ме? Мұндай сұрақтар біреудің тілінде, біреудің
көзінде. Бойы ұзындар жұрттың иығынан аса, милиционерлердің алдына қарайды,
тапалдар иін тірескен көптің ара-арасынан, қолтық астынан сығалайды. Бір кезде
әлдекім айқайлап жіберді: «әне, әне, улик». Сөйдеп, асфальтта қалған қоңыр дақты
мегзеді. Жұрт жапырыла, топтан шеткеректегі, тоқты терісіндей ашық жерге үңілді.
Біреу көзілдірігін киіп, біреу алып қарайды. Сержанттың назары да енді соған
ауды. Сонсоң тұтқалы лупаны даққа апарды, одан көзіне тақады. Осы қимылды
төрт-бес мәрте қайталаған соң сержант таңдайын тық еткізіп, басын шайқады.
– Ол емес! – Әлгіден бері демдерін ішіне алып, тұншыға тынған көпшілік
гуілдеп жүре берді.
– Ол емес, дым көгіс,– деді анау. Күткендері болмаған ел бірте-бірте
қозғалақтай бастады. Күбір-күбір етісіп, біреулер сағаттарына көз салды. Сосын
әркім өз шаруасын есіне ап тықыршыды. Бірақ ешқайсысының кеткісі жоқ. Әлі де
әлдене күтеді, бірін-бірі бағады. Әне бір көк бешпетті семіз еркек нағып тұр?
Соның бір нәрсе біліп кідіруі кәдік. Ал, анау бұйра шаш ше? Белгілі болған жоқ
па? Жүре берсе қайтеді? Дүкенге соғып сүт, айран алуы керек еді, қап! Әйткенмен
елдің үймелеуіне қарағанда бір сыр ашылатын шығар. Қой, кідіре тұрайын. Он,
он бес минут кідіргенде... о жұмысты жау шаба ма? Бір әйел осылай ойлап, бұл
уақиғаны кешке барғасын күйеуіне, есік алдына шыққан көршілерге қалай
жеткізеріне шейін пайымдап, дайындап қойды. Екі милиционер өзара сөйлесе
тұрып, бір парақ қағаз толтырды. Тағы біреулерден жауап алды, бірер адамға
қалам ұсынды. Жаңағы тастағы дақты тағы тексерді. Осы кезде жаңағы қарт
сержантты жетектеп апарып, асфальттағы дақты қайыра нұсқап, әлдене деді.
Манағы кішкентай шөлмегін, сосын аузын көрсетіп, таяғымен жерді түйіп-түйіп
салды. Көпшілік біртіндеп тарап бара жатты. Ақыры шатақты кім бастағаны
анықталмады. Бейтаныс екі жігіт қарбаласты пайдаланып тайып тұрыпты. Ешкім
оларды байқамаған, аңғармаған боп шықты. Идаят пен Кемелді қанша
ақталғандарына қарамай, сержант жібермеді. Қайырболатты Кемел ұстап қалған.
Сөйтіп, бірін-бірі бөгеген, бірін-бірі тұтқан үш жігітті милиционер ірей-тірей ғып
апарып, жабық машинаға сүңгітті. Ақ сақалды кәрия куә, айғақ ретінде өз еркімен
отырды. Машина қозғала бергенде Соня жетті:
– Хэлло, достар, не боп қалды?
Милиция бөлімшесінде бұларды ұстап жарымады. Екеуін қарт ақтады. Кінәні
Қайырболатқа аударды. Ана жігіттерді ертіп әкелген сол, жауапты да өзі ұстасын!
Ол шал – қара көзілдірікті шешкенде танылды – Зібайраның әкесі, баяғы
қырсық еді.
Соня Садықжановты жұбатумен болды. Композитордың пәлендей езілгені
шамалы-тын. Анау жұбату сөздерді үсті-үстіне төкпектеткенде ғана көңіліне белгісіз
бір мұң, жалғыздық сезімі оралды. Бір сөзінде Соня:
– О жігіттер мені қызғанып тиісіп жүр,– деді. Кемел: өз басын бұлдап,
қымбаттатып жатқаны,– деп сыбырлады. Милиция бөлімшесіндегі капитан
протоколына «қызға таласқан» ғып жазып, жақшаның ішіне «махаббат мәселесі»
дегенді қосты. Бұл ештеңеге түсіне алмады. Қайырболат бағанағы екеуді
танымайтынын, көшеде кездейсоқ кезігіп, шылым тұтатқанын айтып, ант-су ішті.
Сонымен ол да құтылды. Соня, қарт, Кемел төртеуі бірге қайтқан. Қырсық жан
танымастай боп өзгеріп, ерек қартайып кеткен. Үніне дейін біртүрлі, қарлығу ма,
сырыл ма, бөтен бірдеңе бар. Идаят басында кінәлі пішінде, ыңғайсызданып
амандасқан, бір-екі көше жүргесін онысын ұмыт етті. Ұмыттырған қарттың өзі.
Соня қайта-қайта мұның арқасынан қақты: «сен ренжімейсің бе? Ренжіме!» Бұл неге
ренжіп, неге ренжімейтінін тағы түсінбеді. Қарт Интернационал мен Шевченко
көшелерінің қиылысқан жеріндегі «Динамо» стадионының алдына тоқтады.
Соняның қолын ұстап, қоштасып тұрып, мынаны айтты,– жазықсыз кісіге ор
қазбау керек! – Мұнысы бірінші кластың баласына ойнама, әліппеңді оқы деген
сықылды естілді. Соня әлгі сөздерден кейін ғана үйіне бұрылды. Идаят қыздың
соңынан қимай қараған. Келесі минутта осы сезіміне өзі қайран қалды. Сонсоң
қыздың бүгінгі жұбату айтуы шамға, тіпті намысқа тиетін қылық екенін қазір
аңғарды да іштей бекініп алды. Бұ не қорлық! Сонда бұл бір адамды өкпелете де
алмағаны ма? Ештеңеге татымағаны ғой? Әп-сәтте жаси, ортая салды. Сосын
қараптан-қарап әлдекімге қас сағынды, әйтеуір біреуге үстемдік, зорлық еткісі кеп
кетті...
Қырсық бұған сөйлеп келе жатқан. Құлағы шалғанмен көңілі ұқпады. Оның
үстіне қарт мәнсіз, мағынасыз мылжың көрінді. Ілкі ұшырасқан адамы – Кемелден
де қаймықпады. Аузына, ішіне берік кісі еді. Қажыған екен ғой бейшара. Тағы да
аяй, тағы да мүсіркей қойғанын сезініп үлгірмеді.
– Балам, шешең бар ма?– деп сұрады қарт.
– Бар, ата, аман.
– Ей, бейшара-ай.– Идаяттың да бір жайды сұрағысы келді. Бірақ ретін
таппады. Тіліне қапелімде оралған сөздердің бәрі орынсыз көрінді, бар тапқаны
болар:
– Көңіл-күйіңіз қала