үштен кісі. Астарына газет, қағаз төсеген. Кілең қыз-келіншек. Арба-бесік сүйреген
қазақ кемпір шеткі отырғышқа кеп жайғаса берген, шалбарлы екі қыз жақтырмай
бір қарап, тұра, бөкселерін сипасты, алаңның арғы түкпіріне қарай аяңдады. Сол
орынға қара көзілдірікті, ақ сақалды кәрия келіп отырды. Шал ұшына қалың
резина кигізген таяғымен аяқ астын, асфальтті түйіп-түйіп қойды. Сосын
қалтасынан умаждалып қалған орамалын алып, арасындағы темекі қиқымдарын
қақты. Орамалын екі алақанына жаба апарып, мұрнын басты, көкірегін солқ еткізе,
оқыс бір көтеріп, дар-дар сіңбірінді. Сонсоң ақшыл мұртының үстін ысып-ысып
алды. Орамалды қалтасына қайта тығып, қағаз тығынды кішкене шөлмекті суырып
шықты.
– Мына ара жақсы екен,– деді Кемел.
– Жүре тұрайықшы. – Бұларға қарсы бешпеттерін қарларына асылдыра салған
үш жігіт келе жатты. Жақындағанда таныды: біреуі Қайырболат. Бұларды көргенде
бір-біріне бұрылып, іркілген сияқтанды...
Қарт шөлмектің аузынан шеки шертіп, уысына әлдене құйды. Екінші қолының
бас бармағымен сол құйғанын уқалап-уқалап жіберіп, айнала назар тастады. Сонан
кейін мойнын кегжите, сақалды иегін ілгері созып, тісін ырситты. Түсіп, сиреген тіс
пен төменгі еріннің аралығына жаңағы, алақанындағыны аудара салды...
Қайырболат бұларға өңменін тірей тоқтаған. Қасындағы екеу Идаяттың иығын қаға
тұрды.
– Сен,– деп сыздады біреуі, бөтен сөзге келместен Идаятқа төне: – Сен неге
құтырасың осы? Ана жаман тұмсығыңды қашанғы көтересің?
Идаят:
– Не, немене?– деп аңтарылған, анау Қайырболатқа қарап, мырс күлді.
– Көрдің бе, түк білмеуін?!
– Бұл не біледі?
– Жігіттер,– деді Кемел,– біз ішкендермен байланыспаушы ек.
Ұзынша, жіңішке алаңның екі жағындағылардың беттері түгел осылай
бұрылды. Біреулер сақиналарын жылтылдата, саусақтарын шошаңдатысты.
Бірінші жігіт Кемелге:
– Сен дос, қыстырылма!– деді.
– Сен де жайыңа жүр!
– Не керек өздеріңе?
– Мә, мынау керек.– Сөз Кемелге айтылды да, жұдырық Садықжановқа тиді.
Тура иектен сарт етті. Әп-сәтте сатыр-сұтыр, ұмар-жұмар болды. Кең проспектімен
жоғары заулаған екі-үш жеңіл машина сыңсытып, сигнал беріп өтті. Идаят бетке,
көзге соға алмайтын. Шықшыт, жақ, өңмен, іш. Ернінің ісіктен жуыспай кеткенін
сезген сайын қимылдап бақты. Бұрын мықтап ашуланбай төбелеспейтін. Мына
жолы қалай тез қызып, лез кіріскенін аңғарып үлгермеді. Қарбаласта қолына
біреудің жағасы іліккен, бөксеріп түсті. Енді бір сәтте әлдекім шашынан алды.
Басын сілкіп кеп қалғанда төбесі қайнаған су құйғандай ашып қоя берген.
Қайырболат айқасқа араласпады. Араша түскенсіп, Кемел мен Идаяттың қолын
кезек ұстайды. Бірақ болмысынан шынықпаған, әлуетсіз, оның үстіне жігерсіз жан
тұтқанына иелік қып жарымады, келесі минутта арғы, консерватория жақ беттен
айқай естілді. Сонша болмай машиналардың ара-арасымен төрт-бес бала бергі
жаққа жүгіріп шыққан. Қолтықтарында қысқан папка, кітап, нота, дәптерлерін
асфальттың майда шаңын бұрқ еткізіп атып-атып ұрып, араласа кетті. Біреуі келе
Қайырболатты ұрып жіберді. Бейтаныс екеу тың күшті енді байқап, төменгі
жақтағы ұзын үйдің үлкен қақпасына ұмтылған, жаңа келгендер құтқармады...
Ақыры арашаға Кемел мен Идаят кірісіп, әзер ажыратты. Бұлардың маңайына
біраз бөгде адамдар да жиналған-ды. Ең соңында жеткен милиционер жұрттан
жағалай жауап ала бастады. Сөмкелерінен табанда блокноттарын жұлып ап,
қаламдарын ыңғайласты. Жұртта береке жоқ, бірін-бірі киіп сөйлейді. Ештеңе
ажыратып болар емес. Милиционерлер дембіл-дембіл қолдарын сілтелеп тәртіпке
шақырады.
– Төбелесті бастаған кім? – Сержант осы сауалды әлденеше рет
қайталағаннан кейін барып бір келіншек Кемелді көрсетті: «міне, мынау». Бір қыз
дау айтты: менше ол емес. Енді кім? Қыз иығын қиқаңдатты, сосын оң қолының екі
саусағы арасынан сигарет шығарды.
– Азаматтар, тынышталыңдар! Жанжал басталғанда сіз осы жерде
болдыңыз ба? Тек, шыныңызды айтыңыз. – Бір әйел көп ішінен көзге ілінгеніне
көңілі өскен шыраймен екі адым алға аттады:
– Мен бе?
– Сіз.
– Иә, ана орындықта отырдым.
– Төбелесті көрдіңіз бе?
– Көрдім. – Сержант қағазына әлденені жазып алды.
– Кімнен шықты?
– Мына екеуі, сосын тағы бір үш жігіт...
– Қайсысы бастады?
– Айналайын, мен білем, бұлардың бәрі кінәлі. Осылар түгел тәртіпсіз
балалар, ешқайсы үлкенді сыйламайды. Қалайда, түге, шетінен бетімен кеткендер.
Қазір тіпті біздің ауылда да сол, айналайын, мен ешкімге тартпаймын, өз ұлым
оныншы оқығалы бұзылды. Рас, бұзылды. Тілімді алмайды, үкімет өздерің
тимасаңдар бізден қайран кетті. Міне, енді қартайдық. Қайратымыздың барында
алдымыздан өтпеуші еді. Қазір көкшешек келгірлер шетінен тілазар, қылжақ.
Тиыңдар, айналайын...
– Сонымен азаматтар, төбелес неден шықты?
– Бірін-бірі қойып қалудан,– деді біреу.
– Қалжыңдамаңыз,– деді сержант.
Топ молая, шұбарыта түсті. Көшенің арғы беті – ана бұрыш, мына бұрышта
ұйлығып-ұйлығып ап, сырттай қызықтаушылар өз алдына. Көшемен жоғары
жүргенд