Содан түн ортасында оянған, ас үйдің алдынан өте беріп, тұрып қалды.
Таңданғанынан шошып кетті: Вера Васильевна, толық жұмыр денесі солқ-солқ
етеді. Дыбыссыз, булығып жылап отыр. Алдында жеті жүз грамдық бөтелке,
«Вермуттың» түбінде жарты стақандай ғана сұйықтық күреңіте түнереді. Идаят
қанша оқталып, айтатын ештеңе таппады, жақындай да алмады.
Қарсыдағы есікке сыбдырсыз кірді. Мысықша басып қайта шықты. Әйел
көрмейді. Краннан аққан судың жымысқы, ұры даусын да естімеді. Бұған бір
қырын, екі шынтағын столға тірей, екі алақанымен жүзін басып алған,
қозғалмайды. Бір қимыл жасаса дыбыс беру, тіл қату оңай болар еді. Стақанда
жуан елідей шарап қапты, бәлкім, соны ерніне апаратын шығар – о да қимыл ғой,–
деген оймен тағы бірер минуттай күтті. Одан да ештеңе шықпады. Ақыры, жұрттың
жасырған қайғысына сұранып ортақтасып нем бар деп, өзін-өзі жұбатты да,
бөлмесіне кеп жатып алған. Бірақ түннің қалған уақытын ұйқысыз өткізді. Келесі
күні таңертең есік қағылды. Бұл басын көтерместен «да» дей салды. Үні ренішті,
немғұрайды шыққанын іле сезе қойып, сонысын жуып-шаятындай ширақ, көңілді
дауыспен: да-да-да! деді. Вера Васильевна бөксесін табалдырықтың аржағында
қалдырып, көкірегімен кірді.
– Ты, вы проснулись?
Уақыт, заман жаңарып, есейген сайын адам мінезі де өзгереді деседі. Кемелдің
айтуынша, әйел айтатын өсекті қазір еркектер соғады. Өсек айтудың, соған
дағдыланудың басы – кісі құпиясына құмарлық. Бұ да Кемелдің пікірі. Бұған
досының осы, соңғы айтқаны дұрыс көрінген-ді. Өзі таңға ұйықтай алмады. Себеп –
Вера Васильевнаның түндегі қылығы. Әйел сөйлегенді, көп сөйлегенді қалайтын
кісі екенін бұл жақсы біледі. Тірісі, өлісін қосқанда өзі тиіп шыққан бес күйеуі
хақында бес күн, бес түн әңгімелеуге бар. Сондай жанның да көкірегінде көп-көп
көмбесі болып шықты. Ертемен шәйға шақыруына қарағанда бір нәрсе ашуы,
ақтаруы мүмкін. Неге екені белгісіз, Идаят осылай ойлады. Әйелдерге тән кісі
сырына ынтызарлық, соны қазір естимін-ау деген үміт тұтанды. Жамылғы көрпесін
қалай лақтырып жібергенін өзі де сезбей қалды. Жалма-жан киініп, жуынып шәйға
барды. Вера жалғыз емес-ті. Қарсы есікте тұратын қазақ кемпір болатын. Ол да бір
сөзшең жан. Екі мылжың бірін-бірі бөліп, бірін-бірі тоқтатып қойып, сөйлеп кетер
болса қашып құтыла алмасын сол арада бір-ақ ұқты. «Мен әлгі персәнәлний
пенсияға шыққан жылы». Кемпір әңгімесін нақ өстіп бастайды. «Вы, ты
понимаешь...» бұл Вера Васильевна. Екеуін ойша, осылай салыстырып, мырс күлді.
Мәліков ұрсып қарсылады: Сіз немене? Сосын не кінә тақсам екен деген кісіше
ойланып, әлгі сөзін қайталады. Содан кейін шешіліп жүре берді,– імм, сонша
немене? Болдым, толдым деп жүрсіз ғой. Біз көргенбіз болып, толғанның талайын!
Сізге тудырылған жағдай, консерватория тарихында, ешкімге жасалған емес! Соны
көтере алмай жүрсіз бе. Айтайық, олай боса жоғары жаққа. Біз де адам баласымыз.
Сіз, сіз іммі-ммі – өз сөзінің өзіне әсер еткені сондай, мұғалім теңселіп кетті.
Маңдайынан бастап иегінің ұшына дейін күлкілдеп, ісіп шыға келді. Содан мойны
тым жіңішке көрінді. Идаят үн қатпады. Ұстазының сөзі мыңғырына дыңғыр етпеді.
Көп естіп, еті үйренгеннен бе, тіпті, күліп жібере жаздады. Ол кейіп тұрғанда езу
тарту болмайтын. Деканға, кафедраға сүйреп есіңді алады.
...Соңғы курс студенттерге жеңіл тиетін-ді. Сабақ аз. Емтиханға, диплом
жұмысына берілген уақытты әр кім әр қалай пайдаланады. Көбі жұмыс істейді.
Біреу Құрманғазы оркестрінде, біреу мектепте. Қайсыбір қулар консерваторияға
айына екі-ақ рет қатынайды. Бірінде стипендия алуға, екіншісінде арызбен
кәсіподақтан көмек сұрай келеді. Бұл кезде пысықтар оқу бітіргенде істейтін
жұмысын, әрі қарайғы өсу, үстеу жолдарын, құрығанда бес-он жыл алдағысын
болжап, белгілеп қояды. Садықжанов үшін осы оқудың аржағында оқу да, өмір де
жоқ секілді. Алда-жылда біреу-міреу сұрай қалса: бітіріп алайықшы, көрерміз дей
салады. Пәлен пәннен «құйрық» бар. Кезінде әне тапсырады, міне тапсырады деген
уәдемен келесі курске көшіріле берген. Қазір көп адам соның бәрін ұмыт еткен
тәрізді. Ешкім ештеңе демесе мұның да қайғырар түрі көрінбейді, жағасы жайлау,
төсі қыстау, әнін салып жүріп жатыр еді. Өйткені, аржағында сенім мол. Бұл
сықылды атақты композитордан кім ұялмай шұқшиып сабақ сұрап, гармония,
диамат, шет ел музыкасының тарихын ездіріп отырады? Жұрт бұл жазғанның
оннан бірін жазбай-ақ бітіріп жүр. Сенері осы, аты, атағы. Идаят Садықжанов!
Композитор Идаят Садықжанов! Бұл есім үнге, дыбысқа айналғалы қашан!
...Ол түні Идаят Кемелдікіне түнеді. Аралары жақын-ды, екеуі де
микроауданда. Кемелдің дүние, адам, тұрмыс танымы бұл білетін жұртқа
ұқсамайды. Өзінше бөлек, қызық. Кісінің әңгімесін тыңдағаны да бір түрлі, өзіне
таныс емес, ғұмыры көрмеген, естімеген уақиғасын сөйлеп берсең, соны өз көзіңмен
өткізген, бүкіл жұлын-жүйкеңмен сезген сенен артық түсінеді. Айтып отырғаныңда-
ақ сөз қыстырып, өз бағасын, көз қарасын білдіру арқылы өзгертіп, өңдеп жібереді.
Әңгімеңді аяқтағанда көңіліңде: «осыны мен ай