– Лиса!– деді әйел.
– А кто такой Костя?
– Хамелеон
– А Ваня?
– Теленок! ‘
– А, Федя?
– Шорт!
Идаят қарқылдап кеп күлді, бұл қарқылда ерек бір дарақылық, тіпті ессіздікке
ұқсас бірдеңе бар еді. Вера Васильевна әуелі қосыла күлген, артынша теріс
айналып, бет-жүзін көлегейлей берді...
3
Дағдыдан ба, бұл телефон пайдаланбайтын. Үй адамдары да солай. Валя анда-
санда құрбы қыздарымен сөйлеседі. Ол да үйге берілген тапсырманы ұмытып
қалғанда, соны сұрарда ғана сылдыратып жатады. Вера Васильевна қолына
ұстамайды. Ұстаса шәй пісірім босатпай қоятын. Таңертең жұмысқа асыққанда
қанша кесе, кешке асықпай ішкенде қанша кесе шәй ішеді – түгел айтады. Не айтсын
– бәрібір, ішіне қиялындағы көп күйеулерінің бірін, есебін тауып қыстырмай
тынбайды. Осының бәрін телефон шыр еткен бір сәтте-ақ ойынан өткізіп үлгерген.
Тұра жүгіріп, трубканы көтерді: Кемел. Сыздап сөйлеуіне қарағанда, бір нәрсені
тындырған-ау деп ойлады. Сөйтсе, ТЮЗ-дің режиссерімен кездесіпті. Бір пьесаға
музыка жазатын боп, мұның атынан келісім беріпті.
– Соны ертең барып көрейік.
Ас үйден бір ожау салқын су ішті, беті-қолын жуды. Жалаң аяғын тас еден
қарып жүре берді. Табанының ыстығы барын сонда аңғарды. Кереуетінің астынан
нәскиінің бір сыңарын тауып, былай қойды. Аяқ жағына түсіп қалған бет орамалын
қағып-сілкіп, төсегінің басына ілді. Домбыраны бірер шертіп, әрі-бері пернелерін
шұқылап, қабына қайта сүңгітті.
Бойының қызуы сәл басылған сықылданды. Пианиноның қақпағын ашып,
аңырып қалды: Не ойнаса болады? Есіне кешегі шешімі түскен: Клавишты
тоздырғанша ойнап, жаңа ырғақ, тың үйлесім іздемек еді-ау. До-ре-ми-фа-соль-ля-
си-до-си-ля-соль-фа-ми-ре-до... до-до-ля-ля. Тоқта! Бұ немене? До-до-до-ля-ля, до-
до-до-соль... Бір нәрсеге ұқсап барады. Оп-оңай. Дзың-дзың-дың-джыжж – деді боз
шыбындардың бірі. Жабайы ара: Дзың-зың-дзұң-дзжж – деді. Әрі қарай ойнады.
Әдемі-ақ әуен. Ырғақты ерсілі-қарсылы бұзып көрді. Жан-жағының бәрі музыка:
до-ре-ми, ре-ми-соль. Фа-ля-ля-фа... Сезімін қытықтаған дыбыстар бірте-бірте
көбейіп, қалың шуылға айналып барады. Арасында мықты бір үн бар. Бірақ әлі
«жеті қырдың» аржағында сияқты. Кенет күйсандық баспаларын тіміски кезген
саусақтарын жұлып-жұлып алды. Саусақ басы от қарығандай дызылдап кетті.
Маңдайын пианиноның қақпағына сүйеп отыра қойды. Құлағына әлгі шудан
суырылып шыққан жалғыз, оқшау бір үн келеді. Біресе жақындайды, біресе
қашықтайды. Өзі атпен желіп келе жатқан кісінің салған әні сынды, селкілдеп
жетеді. Үш-төрт парақ нота қағазы қобырап столда жатқан, соған ұмтылды. Түбіне
резіңкі өшіргіш қыстырған қара қарындашты қоса тұтты. Әлдене ноталарды асып-
сасып жаза жөнелді. Қарындаш ұшы жуан, топастау-тын. Нота сызықтарына түскен
таңбалар доғал, ерсі бадыраяды. Оның сән-пәніне қарайтын уақыт жоқ, бір нотасы
тары дәніндей, екіншісі бұршақтай, түйіртпектеп ұрып, төгіп-шашып әкетіп барады.
Екі танауы тайлақтың жаңа тесілген мұрыны құсап, шу қағады. Әлсін-әлсін құлағы
шулайды, қайта басылады, қайта шулайды. Келесі сәтте жазуын кілт үзіп, тың
тыңдады. Бақса, ыңылдап отыр. Бұл ыңылдың қашан, қай уақытта басталғанын
білмейді. «Әйлә-лә-ләй-лә-ләй-лә-лімм, імм-імм». Терезе қайырылысында гуілдеген
боз шыбындардың бірі:
– Джжж-зың, дзың-жжжж,–деді.
Бұл:
– Ілімм-імм, ләйлә-ләй-ләй,– деді. Бұрын нотасы жалғыздап түсетін. Мына
жолы екеу-үшеу, одан да көп, топ-топ боп төгілді. Қағаздағы нота сызықтарынан
сауы қалмады, бәрінде шоқ, шоғыр нота, дыбыс. Қай үн не айтады, не береді?
Мақсаты қайда? О жағын ойлауға шама жетпеді, құлағындағы ың-жың, ызы-
ғызыны, тәртіпсіз-жүйесіз төге берді, төге берді. «Лә-ләм-лә-лә-ләм, пам-пам,та-ала-
лам, там-там, па-пам, бұм-бұм». Мұның ішінде күрделі-күрделі аккордтар бар еді.
Бірақ ешқайсысын тексере, тәртіптей алмады. Тексеруді ойламады да. Жаңа аннан-
мыннан тергенде жеті-сегіз парақ таза қағаз шыққан, соны түгел толтырды...
– Сіз немене, тамақ ішуді ұмытқансыз ба? – Сонда барып басын көтеріп еді.
Түнгі сағат он бір. Вера Васильевнаның столынан тамақтанып ап, қайта отырған,
зауқы соқпады. Тым құрыса, манадан бері жазғанын пианиноға салып тексермек-ті,
оған жүрегі дауаламады. Бәлкім, түкке тұрмайтын бірдеңе шығар? Не, баяғыдан
бар дүниені қайталап қоюы да кәдік қой? Өйтсе тірілей өлмей ме? Көңілі дел-сал,
кеудесі қуыс. Өзіне-өзі: «Ойнап көр!» «Жоқ, ойнама!» «Ойна!» «Ойнама!» деп, екі
ұдай боп біраз отырды. Ақыры, не де болса, ертең көруге бел байлап, жастығына
бас қойған-ды. Со бойда қор етті.
Ертеңіне таңертең көзін ашқанда жадына Кемелге берген уәдесі оралған. Тұра
қалтасын қарады. Түбі бүтін. Өткен, таяу күндерде әжептәуір ақшасы
болғандығының белгісі ретінде бір шеңгел тиын-темір саудырайды. Қалтасын
сыртынан қағып-қағып қойып, нәски іздеуге кірісті. О жер, бұ жерде шашылған
нәскилері баршылық екен. Тек пайдаға асары шамалы. Әр қайсын екі саусағының
басымен әрлі-берлі іліп тастап, іліп лақтырып жүріп, дәл бүгін киюге жарайтын
бірін аяғына сұқты. Орнынан тұра, барлық басқа к