басын иді:
– Сәләмәтсіз ба, апай, денсаулық қалай? – Осыны айтпағанда да есігін табатын-
ды. Сәлемінен қанша кесел тапқанын бес сағаттан соң ұқты. Мәселе: тақтай
орындық бос емес-ті, үстінде көрші кемпір отырған.
– Сәләмәт бол, шырақ, е-ее, әлгі біздің Вераның үйіндегі композитор бала
екенсің ғой, қалай, апаңмен тату тұрасың ба? Дені-қарның сау ма?
– Шүкір, апай, шүкір. – Бұл бұрылып кетуге ыңғайланған. Кемпір ишаралап
қасына шақырды. Өзі тақтайдың шетіне таман ығысты.
– Сәләмет бол,– деп қайталады кемпір,– сәләмәт бол, е, өстіп сәлем беріп
жүрсеңдер нелерің кетеді? Біз соған мәз боламыз. Әке-шешең бар ма, қалқам? Е,
анада айтқан екенсің ғой, әкем жоқ, шешем бар деп. Әкем соғыста өлді де, иә,
бейбақ-ай. Оқыған кісі ме еді? Иә, оқымаған деген екенсің-ау. Оқыған да өледі,
әйткенмен ағымнан қалмаған жөн. Өзің нешінші курстасың? Ә, айттың, айтқасың,
соңғы курс деп: Сөйт, шырақ, қазақтың қара домалақ балалары адам боп келеді,
әйтеуір.
– Жарайды апа, асығыс ем.
– ...Мен әлгі персональный пенсия аларда тап өзіңдей бір балаға
ұрыстым. Ол да әртіс, композитор болам деп жүрген. Қайрекең марқұм, қартымды
айтам, онда тірі-тін, маған ылғи, ее-ей, топырағың торқа болғыр, көп сөйлейсің деп
ұрсатын. Жөнін айтпай қалай отырайын. Содан... не деп келе жатыр ем әлі? Е-ее,
тап өзіңдей композитор, әртіс бала, әке-шешем қой бағады дейді, өзі әртіс, аяйын
ба, алып кеп ұрыстым. Ән салам дейді. Ән не керек, одан да адам бол, бір тұмау
тисе әніңнің күлі көкке ұшады дедім. Өспейсің, ән өсірмейді дедім... Жаңағы, есті
бала екен, келесі жылы зооветке түсті. Төрт жыл ма, бес жыл ма – оқып бітірді. Ол
да сәлем беріп, иіліп-бүгіліп тұратын. Қазақтың қара домалақ балалары, адам
болыңдар. О бала,– кемпір қолымен иегін бірдей көтеріп, батыс жақты нұсқайды,–
ана подъезде біреудің үйінде жүрді. Кейін келіншек алды. Келіншегі ақылсыздау,
сенің Вера апаң сықылды мақтаншақ кісі боп шықты. Оқу бітіргенде екеуіне екі
жаққа жолдама берген құсайды. Сол айырылудан айырылысып кетті. Келіншегі,
біздің Вера сықылды, ана баланың көзінше ойдан шығарылған таныс, жақын
жігіттерін айтып, мақтанып жүрді. Өзің үйленген жоқсың ба, қалқам? Ә, жалғыз
тұрасың. Білем.
– Апа, мен кетейін.
– Апаң үкіметке көп еңбек сіңірген адам, шырақ. Үлкейген кісінің осындайы
болады, қалқам, айып етпе. Білдей фабриканың бір деген қызметкері болдым. Одан
горсоветте жасадым. Мына Вера Васильевнаға үй алып беруге сонда көмек еттім.
Бишара алсын дегем. Алды ғой әйтеуір. Күйеуі маскүнем болып кетті. Өзінде де
бар. Қайдағы біреулердің ғашықтығын айтып, сандалады да отырады. Сол арқылы
қадірімді арттырам дейтін шығар. Мұндай да әйел болады екен. Айып етпе шырақ,
біз осы заманның адамдарымыз ғой, қала тәрбиесін білеміз. – Кемпір, кенет, айнала
жалтақ-жұлтақ етіп ап, мұның шынтағынан түртіп, өзіне тартты, сонсоң аса сақ,
құпия үнмен сыбырлады: – Вера күйеулерін сөз ғыла ма саған? – Бұл басын изеді.
– Өтірік, қалқам, бәрі өтірік,– деді кемпір, мұның құлағына ернін тақап,
сосын сәл қашықтай, шалқая беріп аузын ырситты. Асты-үсті темір тістер бір түрлі
көк-сұрланып көрінді.
– Не, не өтірік?
– Вера апаң, Вера Васильевна ше? Неше күйеуге тидім деді саған? – Идаят
жалма-жан саусақтарының бірінен соң бірін бүгіп, ішінен мына есімдерді күбірлеп
шықты: сөзге, өсекке елігіп бара жатқанын сезген жоқ.
– Бесеу. Коля, Костя, Ваня, – Федя деп іркіліп қалды.
– Төртеу,– деді кемпір.
– Бесіншісі...
– Бесінші емес, біріншісі, Валяның әкесі Саша.
– Оны айтқан. Жиырма бірдеңе жасында рактан өліпті.
– Іші жарылсын. Сен барда еркек келді ме?
– Келді,– Идаят сәл ойланып,– біреу келген.
– Саша сол.
– Қойыңызшы, апа.
– Мұны, шырақ, бәрі біледі. Сашасы тірі. Арақ ішіп кетті. Вераға көп қорлық
көрсетті. Иә, содан, не деп келе жатыр едім әлі? Вера жақсы адам. Адал. Сашаға да
солай сөйледі, жігіттерім көп деп мақтанды... сонымен ақыры солай болды. Ешкімі
жоқ қасқаның. – Идаят таң боп отырып қалды. Келесі сәтте, неден екені беймәлім,
көкірегінен түсініксіз бір қуаныш, сәуле түйсінді. Әлденеге күлгісі, әлденеге
жылағысы келді. Ең ғажабы: осы екі сезім жүрегінде қабат оянды. Бірін ақылмен
басса, екіншісі ытып шығады. Таразының екі басы құсап көңілі қапелімде батып-
шығып, теңгеріле алмай қойды.
Айнала беріп қайта серпілді; мұныкі не? Не үміт, не қуаныш? Дүниеде бұндай
да аңғал, қожанасыр әйелдің болатынына, болғанына қуанған, содан өз жанына
үміт, медеу тапқаны шығар? Кім біледі?
Кемпір әлі сөйлеп отыр. Бірақ бұл кейінгі сөздеріне зейін салмағанды. Кенет
жұлып алғандай ғып:
– А, Коля? Ал, Костя? Ваня, Федя?– деп аптықты. Кемпір әңгімесін кілт үзіп,
мұның бетіне таңырқана назар салды:
– Аа-а? Айттым ғой, бәрі өтірік, өтірік деп. – Кемпір артынан дауыстап еді,
қарамады: композитор үйіне келе жатқанын ұмытьш, көшеге, басы ауған бағытқа
тартқан. Ымырт жабыла оралды. Ас үйде жүрген Вера Васильевнаның иығынан
құшақтады:
– Тетя Вера, кто такой Коля?– деп даурықты