жаздайды. Идаяттың миы зырқ ете қалды. Шашылған ақ парақтарды
жиыстырып, столға қойды. Тұла бойы лапылдап алып барады. Кереуетінің басына
жабыса кепкен екі нәскиін жұлып тастады. Еденге жұққан балшықты сүртетін
лайықты ештеңе таппай, носкиімен ысып-ысып алды. Вера Васильевнаның залына
өтіп, біраз сенделді. Сонсоң қолындағысын ас үйдегі шелекке сап, қақпағын жапты,
су ішті. Қайтып кеп шылым тұтатты. Джаз аспаптарының шаң-шұңы, бір-біріне
түйістірілген хрусталь үні, шампан бөтелкелерінің тарс жарылып ашылғаны,
әлдекімнің гүжілі, күлкі, күлкі тағы да күлкі.
– Тсе-һе-һе-һе.
Шың-шың құлап түскен шанышқы, қасықтар. Денесі бусанған сықылданды. Екі
самайынан дым сезінді. Тер ме?
Бұдан кім құрмет сұрады, өзі емес пе? Қалтасына тышқан кірді. Соқыр
тышқан. Түртіп бітті. Өз-өзінен қытықсынып шыдай алмады. Ақыры айтты да
қойды. Кемелге айтты. Топ адамның көзінше. Қошеметшіл жігіттер қаумалай, ере
жөнелді. Қалтасын түрткен тұмсықтылар қызыл-ала, көк-ала қағаздар боп
ағытылып кеп берді. Әрқайсының иығын тоқ омырауымен сүйкеп өтіп жүрген ақ
келіншектің алжапқышының далдасына түсіп жоқ болды...
Ғұмырында бірінші рет өзіне жаны ашыды. Есіне жүйелеп түсірем деген сайын
пышырайды. Жадында қалған үзім-жұлым көріністер. Көңіл жұбатар ештеңе
таппайды. Әбден торығулы. Құрысын! Ақыры өз ойынан өзі безіп, енді қайтып
ойламауға, еске алмауға тырысқан. Онысынан түк шықпады. Көкірек көзін қанша
жұмса да баяғы көрініс: самсаған бөтелке, Соняның саны. Тфуһ!
Вера Васильевна кірді.
– Вера Васильевна,– композитор бөлмесінен дауыстай шықты,– Вера
Васильевна, келдіңіз бе? Көк жуа алғансыз ба? Айтпақшы, «Сарағашыңыз» үшін
көп-көп рақмет. Білетін, түсінетін адамға не жетсін! Кеше бір ақша алып,
жолдастар, жігіттер қоймағасын... ішпейім десем көнбей үйге... кішкене бөсіп келсем
кешірерсіз,– деп төкпектетті. Жайшылықта бұлай, сөйлемдердің бірінің артынан
бірін тоғыта алмайтын. Соған қарағанда Кемелдің сөзі дұрыс: нашар білетін тіліңді
ойланбай сөйле.
Вера Васильевна әңгімешіл кісі. Әншейінде Идаят онымен тілдесуден қашатын.
Біреу адам көріп, сыр-шынын айтып отырғанда тыңдамау ұят. Тыңдаса –
таусылмайды. Бір жаманы әңгімені ол ылғи да бір қапылыста бастауға құмар.
Сабаққа асығып жатқанында, әсіресе, Кемел ресторанға шақыра кеп, есік алдында
күтіп тұрады-ау, Вераның шері дәл сондайда ағытылады. «Вы понимаете?» «Ты
знаешь?» Вера Васильевнаның сөзі бұлай басталса – асыға гөр. Қайтып келіп
тыңдарсың!
Жетінші класс оқитын қызымен екеуі тұрады. Жас шамасы қырық пен елудің
аралығы. Өзінің мойындауынша, бесінші күйеуінен айырылысқанына төрт ай.
Бұдан төрт ай бұрын, Идаят ілкі келгенде осылай деген, кеше таңертең де соны
айтты. Оң қолының бас бармағын алақанына бүгіп, төрт саусағын тарақтап
көрсетеді: четыре месяца!
Үйі үш ауыз. Садықжановтың тұрғаны соның бірі, екі түкпір бөлменің күн
түсетін жағы. Вераның айтуынша, бұл үйге көп күйеудің бірде-бірінің қатысы
болмаған, «жұмысты аянбай істегені үшін» Вера Васильевнаның өзіне берілген.
Бірінші күйеуі, Валя атты қызының әкесі жиырма сегіз жасында қылтамақтан
қайтыпты, адал, сыйлы жар болған құсайды. Ішімдікті өзінің үйлену тойында да
аузына алмаған сопы, асқан көрікті бола тұра Верочкадан бөтен ұрғашы атаулыға
көз сүзбеген бір сүйер, әйеліне екі айда бір алтын сақина сыйлайтын жомарт, сері
жігіт екен. Ол өлген соң Васильевна қатарынан төрт күйеуге шыққан. Ішінде кірлі
қолмен де ұстауға татитыны жоқ, шетінен ішкіш, суайт, беті жылтыр әйел көрсе –
ере кететін есер, жұмыстарына салақ, жалқау, әрі ұры-қары, бір сөзбен, түрмеден
бөтен жерге отыра алмайтын кісілер. Содан әйелдің әбден көңілі қалған, жүрегі
мұздай, енді қайтып еркек жақындатпасқа ант ішкен. Мужщина деген сөз құлағына
шалынса – мұрнына арақ исі келеді. «Не дай бог, не дай бог!» Мұны айтқанда ол
алақанымен бетін басады, басын шайқап-шайқап жібереді. Қалқан қараның
қысылып-қымтырылатыны осынысы еді. Алғашқы кезде көп іше алмай жүрді. Іше
қалса, соңынан шәй пісірім кешірім сұрайды. Бірақ Вера Васильевна сыр бермейді.
– Сіз, сен өте қайырымды адамсың. Сенің орныңда басқа кісі... демек нағыз
адам, а не зверь. – Аң емессің деп те мақтайтын жан болады екен?! Идаят ілкі
естігенде іштей таңданып қалған. Кейін құлағы үйреніп кетті. Дегенмен, әлі
ыңғайсызданады. Басындағы қайғысын, тағдырын сыйлайды.
Вера Васильевна ас үйде картоп аршып отырған. Жылыстап қасына келді:
– Кеше бір бөсіңкіреп қойып,– деп мөлтеңдеді, жаңағы әңгімесін қайта жалғай,–
кеше бір ақша алып, кішкене ішіңкіреп... өзіңіз түсінесіз, жолдастар болмағасын. –
Соңғы күндері байқап жүр: Васильевна ішкен кісіні сөкпейді, Ал, ішкіштерді
сырттарынан жамандағанда... қызы қолын бір сілкеді: да ну ее!
Ас үйден бөтелке үзілмейді. Бос бөтелке. Бір қарасаң самсап тұрады, екіншіде –
жоқ. Төрт айдан бері есік аттаған адам – жалғыз еркек, о да қызғын боп келді. Кіре
айқай сап, арақ сұрады: Налей, мне! Әйел бос шөлмектің бірін ала, жұлына
ұмтылды: на пей, паразит, мою кровь, кровь пей! Таң қалғаны, И