ттым ба, әлде Кемел айтты ма» деген
дүдәмал туады. Сен өзіңді онымен салыстыра көрме, оқи бер – бәрібір түк
білмейсің. Оқыған, оқитын сен болуың мүмкін, білетін Кемел. Әдетте әңгіме былай
басталады: Кемел, пәлен деген кітапты оқыдың ба? Жоқ. Қане, айтып қарашы.
Ананың оқымаған тұсынан соққаныңа мақтанып, баяндай жөнелесің. Ол бәрін
тыңдап алады, сонсоң қайтадан өзіңе сөйлеп береді. Жоқ, сен оқымапсың. Оқыған –
Кемел. Сондықтан Идаят оқығаны жәйлі сөз етуді сүймейді. Мұның айтатыны –
ауылдың әңгімесі. Сейсімет, Темірәлі хикаясы. Кемел де осындайларға қатты
қызығады.
– Сейсімет бар ма қазір,– деп сұрайды.
– Бар.
– Не істейді?
– Совхозда, сиыр бағады.
– Сиырды жылқы ғып бағатын шығар?
– Қалай? – Идаят түсінбейді. Иығын бір көтеріп, досының бетіне үңіледі.
– Мәселен: «әк» деп қайырудың орнына «әй, былай!», «қау-қаудың» орнына
«құрау-құрау». Қазақ төрт түлік малды төрт түрлі қарғайды. Жылқыға қара қарын
келгір, талау келгір, қойға: топалаң келгір, қасқыр жегір, түйеге: сарып келгір, қара
борша болғыр, сиырға: әлекпе келгір, аусыл болғыр, шошала тигір, т. б. Бұл негізгі
қарғыстар ғана. Әркім талантына, тіл байлығына қарай күшейтіп, байытып
отырады.
– Дұрыс. Сейсімет сонда қашақ болған сиырын «талау тигір» деп қарғай ма?
– Білмейім,– дейді Кемел, мұның таң қалғанына таңданған кейіппен,– білмейім,
әйтеуір, Сейсімет сөйтуге тиіс. – Идаят, тіпті, қайран. Есіне жаңа түсті. Сейсімет
сиырды «қайа қайын келги» деп қарғайды екен. Ауылға барғанда естіген.
Кемел әлсін-әлсін сыңар танауынан пысқырына күледі. Бұл аузын ашып
тыңдаған сайын сәуегейсиді. Идаят айтқан ауыл кісілерінің әрқайсысының басына
соғып баға береді. Сақал-Сатым жайлы пікірлерін шорт түйеді: ұсақ менмендік.
Ұстамды, бірақ ақылы аз. Сейсіметті былай мақтайды:
– Басына, әкең, жеті шырақ жағып қойып күзететін әулие. – Кемелдің ойынша,
Сейсімет те бүгінгінің адамынан алшақ жатыр. Ескі, тым ескі. «Музейный
экспонат». Жұрт мұндайларға енді күлмейді де. Таң боп, аяп қана қарайды.
Мономахтың бөркі секілді, артық байлық.
Ой-қиялы жүйрік, ылғи да күтпеген жерден табылып отырады. Бұл досының
осы қасиетіне сүйсінгенде: «кәдімгі жазушы, мықты жазушы?» деп таңдайын
қағады. Ондайда Кемел тағы бір қырын ашады, басқаша түйеді. Ақымақ болатын
тағы да Идаят.
– Мен көп білетін сықылдымын, а?
– Оның үстіне ақылдысың.
– Онда менен түк шықпайды.
– Өмірді білесің.
– Өмір сүруді білуім мүмкін. – Кез келген, сырт байқағанда, бос сөздердің
өзінен пікір шығарып, түйіп-түйіп тастайды. Келесі сәтте адамға біткен ақыл, білім,
парасат деген ұғымдардың өзін топ-топқа бөледі.
– Сен-ақ бөлуге құмарсың әйтеуір.
– Қосылатын заттан бөлінетін зат көп.
– Тағы да философия ма?
Композитор терезе алдында отырған, көшеге көз салды. Ағылған машина.
Оқтын-оқтын қысқа сигналдар беріледі. Оқыс басқан тормоздан резина
доңғалақтың асфальтқа үйкеліп, шурр етіп тоқтаған даусы құлақ жарады.
Шамдары қызарып кетіп жатыр, кетіп жатыр…
– Жоқ, өмір, өмір солай.
– Осыларыңды қағазға түсір.
– Онда не болады?
– Кітап болады.
– Ха-ха-хаһ. Кемел кітап жазыпты.
Кемелге кітап жаз деп түнімен үгіттеді, қабілетті екенін түрткіштеп, теріп
дәлелдеді, сендіре алмады. Пиғылы шын болатын. Кемел бәрін мазаққа
айналдырып бітті. Бір орайда Идаяттың көзіне төне: сен талантты адамсың,
композитор болуың керек деп салды. «Мен и так композитор емеспін бе, болған
жоқпын ба?» Осыны бұл ышқына айтты да, соңынан тілін тістей қойды. Кеш, тым
кеш тістеді. Арзандығын, саяздығын және бір көрсетті. «Болдым, толдым» деген
тәрізді күмпілдек ойдың көкірегінің әлдене қуысында болғанына емес, соның сөзге
айналып, аузынан шығып кеткеніне өкінді. Кемел сөзді әбден сарқып, пікірін
індетпей тоқтамайтын. Сонысына бағып, тағы былай соқты: Сен композиторлық
қабілетіңді көрсеттің. Менде мынадай бар деп алтын қасығыңды жылтылдатумен
ғана келесің. Қасығың әлі құрғақ, соны ескер. Композитор екеніңді, талантты
ескермей отырып бірдеңе істеші.
Музыка жанашырлары Идаятты көп іздеп, көп еңбектенедіге саяды. Оларша,
Садықжанов ұйықтамайды, күні-түні ойлайтыны ән. Ішімдікті сол ән үшін, «шабыт
шақыру үшін» ішеді-мыс. Жақында «Қыз Жібектің» мыңыншы қойылуына барған.
Бір танысы: «сіз мыңыншы әніңізді қашан жазасыз» деп қалды. Әндерінің әрі көп,
әрі сапасыздығын айтқаны ма?
Сөйтіп, композитор мына елде бұған әлі де көңілі толмайтын адамның,
адамдардың бар екенін тұңғыш рет біліп алды. Ойланған, толғанған сайын бола
беретінін, көбеймесе азаймайтынын ішіне түйді. Үйіне келе консерватория берген
көне қара пианиноның тілдерін тоздырғанша ойнамақ-ты. Болашақ тудырар көп
дауысты, ірі шығармаларына жаңа әуен, тың келісім іздемек еді. Елең еткізер тосын
ырғақ тапса – аржағы оңай көрінді, симфония, не опера жазып тастайтындай
сезінгенді, басқаша шықты – кешке дейін өсек тыңдады. Подъезге кіре берісте екі
тас-қадаға қаға салынған кішкене тақтай орындық бар-ды, бұл соның жанынан өте
беріп кідірген. Орындыққа қарап