иімдерден бұрын нәски іздейтін,
соны киетін әдеті, ғұмыры жарымайтыны да сол нәски-тін. Өкшесі бүтін екі нәски
табылғанда, кәдімгідей, үстіне ілмеген жаңасын ұстаған сәби тәрізді, қуана киінді.
Жуынды, таранды. Айна алдында біраз күйбеңдеді: қалқан құлағын желкесіне
қарай жымита жапырып сәл тұрды, «тым құрыса, деп ойлады – осындай болса ғой.
Бір диірменге жарғақ шыққандай, үлкен». Содан ба, кім біледі, Идаят есек жәйлі
анекдотты өлгенше жек көретін...
Бөлмеден шыққалы бұрылғанда ғана столға – кешегі шатпағына назары
құлаған, бірер нотасын ойнап көруге көңілі тағы батпады, уақыттың тығыздығын
сылтау ғып, парақтарды сол қоқыған күйінде бір бұрышқа итере сап, есікті жапты.
Кемел ТЮЗ-дің алдынан жолыққан. Режиссер – қазақта кездесе бермейтін мыс-
сары, тапал, түймесінің тігіс-тігісіне дейін тырсылдап, сөгіліп кетейін деп тұрған
тығыз, пысық жас жігіт, ішке кіріп, аман-сау алысқан соң екі алақанын бір-біріне
шарт ұрды:
– Кане, бастаймыз! – Жаңа ғана жайбарақат, бұлардың келуімен бөгде сөзге
ауысқан артистер, әрқайсы сол тұрған-тұрған жерлерінен сөйлей жөнелді.
Қолдарында бір-бір уыс қағаз.
Кісілердің, орындықтардың ара-арасымен сырғып Соня келді, мұның оң қол
жағына отырды:
– Мен сізге бөгет болмаймын ба, аға? – Идаят ештеңе деген жоқ, тек ішінен
секем алды: «Сен қыз жүрген жер ішіссіз тарқамаушы еді».
– «Жүрек деген біреу-ақ, біреу...– актриса сөзін ұмытып қап, қағазына үңілді.
Бұлар, сірә, ұялмайтын жұрт шығар деп ойлады Идаят. Соня: «Самочувствиеңіз
қалай, аға?– деп сыбырлады. Актриса шаңқ-шаңқ етті: «Жүрек деген біреу-ақ, біреу
болмақ махаббат!» «Екеу деп кім таласқан!» ІШеттеңкіреп қалған зор қара жігіт
осы арада киіп-жарып ортаға ұмтылды: «Қылығына қыздардың таң қалам деп
қартайдым». Екінші біреу иығын көтеріп қойды: «Қызда нең бар қартайсаң?
Жүрмеймісің жайыңа!» Актриса: «Қыз келемеш бәріне» деді. Сонсоң қағазына тағы
бір көз тастап, бір-ақ үкім кесті: «Осы тұрған ішінде үйленбеген бірің жоқ». Үні
ерекше нанымды, әрі әсерлі естілді. Жаңағы жігіт шұбыртып әкетті: «Сенен бөтен
қыз көрсем көзім шықсын дер едім, шыққан көздің орнына құм толтырсын дер
едім. Сәл жылышы, суырып жүрегімді берейін...» Актриса сыңқ-сыңқ күлді:
«Керегі жоқ шикі еттің, мұздатқышқа қойыңыз». Іле қабағын түйді: «Айтып
тұрмын мен сізге, сүйгенім бар қалада». Режиссер алақанын шарт еткізді: Сіз, Рая
– Ақбикеш, сөзіңізді білмейсіз, жаттамапсыз. Актриса: «Сүйгенім менің қалада»
деп әндеткен, әлгі жігіт: «Жүрек барын бізде де есіңізге салсам деп ем қарындас»
деп шіренді». «Жүрегіңізді көрдік» деді анау. Режиссср тағы тоқтатты: «Сіз тым
өзеуреп кетеді екенсіз». Анау бір сәт маған ақыл айтқандай бұ кім деген кісіше
режиссердің бетіне бажырая қарады, сонсоң көкірегін бас бармағының сыртымен
нұқып қалды: «менің дикциям осылай қалыптасқан, басқаша сөйлей алмаймын».
«Сіз актерсіз, дауысыңызды, қимыл-мәнеріңізді ойнайтын роліңізге сай өзгертіп
отыруыңыз қажет». Жігіт: «мен өзгерте алмаймын» деп нықтады. «Ештеңе етпейді,
бәрі болады,– деді режиссер алақанын сарт ұрып,– қане, жолдастар, басынан, Рая –
Ақбикеш». Рая – Ақбикеш: «Жүрек деген біреу-ақ, біреу болмақ махаббат» деп
сұңқылдады. Соня мұның бүйірінен түртіп, құлағына сыбыр етті: «Какая наивная,
ескі, не современная пьеса!» «Бұ жігіт,– деді Кемел режиссерды иегімен сілтеп,
мына жақ құлағынан – Москвадан бітірген, қазақша нашар біледі, әйтпесе бар ма,
әкең, іскер». «Қылығына қыздардың таң қалам деп қартайдым» деді қара жігіт.
«Вот-вот, міне, деді режиссер,– көрдіңіз бе, қалай құбылғанын. Сіз бұл рольде,
өзіңіз түсінген шығарсыз, жұртты шыныңызды айтып алдауға үйренген алаяқсыз,
пройдохасыз. Әр сөз, әр мәнеріңізде осыны ұмытпасаңыз болғаны». Анау бұған
жөткірініп, әжептәуір өсіп қалды. Соня оң жақ құлағына ып-ыстық қып үріп
жіберді: «Фю, парни сейчас о любви так не говорят. Что это такое? Сүйдім, күйдім.
Махаббат, фю!» Идаят сахнадан көз айырмайды. Бірақ тыңдап отырғаны шамалы.
Тура, алдына қараған күйі серігіне бағыштай: Әй, білмейім, жаза алмаспын-ау,
асылы, деген. Оттама!– деді анау. Режиссер екі қолын бірдей көтерді:
– Стоп! Хорош! Хорош! Екінші картина! Қане басынан. С самого.
Рая – Ақбикеш бір адым алға басты: «Жүрек біреу, бір адамға берілмейді екі
рет. Арсыз жігіт майпаңдайды жорға боп, ал шынында құр текірек, текірек».
«Абыройды кетіред»– деді бір актриса. Жаңағы актер көкірегін қағып шықты:
«Бостан босқа бүлінбеңіз, қарындас, бір жігіттен түңілем деп, бәрінен, түңілмеңіз
қарындас». Кемелдің түсі күл боп кетті. Ешкімнің бетіне қарамауға тырысатын
тәрізді.
Актриса әрі қарай шаңқылдайды: «Арым таза, ағайын, зәредей де кінәм жоқ. У
ішеді білмеген. Жеңгей сіз де білмей қалған шығарсыз. Еркек азса қашан да әдеті
ғой көретұғын әйелден. Кісім бар деп айтқанмын, бұл ағайға мен баста. Әңгімені
осымен тамам етсе болмас па?!» – Құндақты бала көтерген бір әйел (бала ғып
біреудің балон күртешесін өңгеріпті) тепсініп шыға келді: «Құбылуын сайқалдың!
Алты ай жатып қасына не бетімен сөйлейді-ай? Жігіт