– Да, да! Кіріңіз.
– Ты, вы, проснулись? – Вера Васильевна. Әйел бөтелке «Сарыағаш» пен
стакан алып кірген, соны Идаятқа ұстатты, сосын алжапқышына қолын сүйкей-
сүйкей сап, сіз бен сенді араластыра сөйлеп шығып кетті. Бұл «Сарыағашты» екі
құйып тартып салды. Содан кейін барып, рақмет деп айқайлады.
Ерсілі-қарсылы теңселіп жүре бастады. Жіпсіген маңдайын білегімен бір
ысырды. Қызуы бетін шарпығандай болды. Қашан,– кеше ме, бұрнағы күні ме...
консерваторияға барған. Мемлекеттік емтиханда ойнайтын шығармаларын
бекіттірді. «Той бастар»– Шабельский, Шаргородский, «Полонез Огинский» екі күй
– «Абыл» мен «Теріс қақпай». Содан стипендиясын алды. Радио, телевидение,
газет-журнал... бірнеше бухгалтерияға соқты. Қасына Кемел, тағы бірер жігіт
ерген-ді. Кейін көбейіп кетті. Соңғы бухгалтериядан шыға беріп айтқаны есінде:
– Ақша деген пішен! – Орындық арқалығына ілінген бешпетінің қалтасына
қолын сүңгітіп, барып қобырата суырып шықты. Ал, саған пішен! Мақтанып жүріп
біраз жұмсаған тәрізді бірақ ұрт толтырып ұрттағандары шамалы. Кемелдің
сөзімен айтқанда, ылғи су-суан, шалап (коктейілді ол осылай атайтын), ал
неменеге өзеурескендері тағы бимәлім. Саяз жігіт сөзге қызады деуші еді, соның
кері ме? Әңгіме, әйтеуір, ақын, ақындық хахынан өрбігені аян. Екі-үш жастың басы
қосылса, олар баяғы өлең, поэзия төңірегінде білік, талғам таластыратын-ды. –
Поэзия деген, шырағым... Өстіп өзеуреген қайсысы? Е-ей, ие, анау. Көз алдына
қатынша қақ маңдайынан айырылған шаш елестеді. Бет жүзі, бода-бода тер, біресе
сол тер кеуіп, терісі кәдімгі сортаңға айналатын сияқты. Ақын. Өлеңдері тым саяз,
қыл-қыбырлау, дегенмен тілі мірдің оғындай, өткір. «Қырық аяқтың қырық
біріншісі – қисық». Өзі бүкіл кеш бойы бұған тиісті:
– Сен, ей, менің өлеңдеріме неге ән шығармайсың?
– Мен сықақ жазбаушы едім.
– Сөзіңе болайын! Сенде сықақ емес не бар? Бәрі сықақ. Сен де, сенің әнің де,
мына дастарқаның, тіпті, қалтаңдағы ақшаңа дейін сықақ. «Мен сықақ жазбаушы
ем!» Сөзін, сен сонда серьезный жігіт болғаның-ау?
Бұл: пәлсәпасының түрін сайтанның деп ойлап, мырс етті.
– Ендеше сықақ деп неге ат қойып, айдар тағасыңдар?
– Тағасыңдар деме, тағасың де. Өй,– қалқиған құлағыңды ұрайын! – Ана
столдан екі-үш жігіт жұлына, тістене жетті:
– Әй, сен не дедің? Ұршы кәне, ұрып көрші! – Иә, осы арада Кемел
кіріскен, жігіттерді алдап-сулап орындарына қайтарды, одан ылғи бір жез
табақшалардан құралған оркестр мұның екі-үш вальсін орындады. Жұрт
жапатармағай биге жұмылды. Қызып алған біреуі автор, автор деп өзеуреді. Бұл
біреулермен би биледі, бір қыздың аяғын басты. Туфлиі әппақ, тұмсығы біздей
екен. Әне, соны басқан – өзінің батпақ-батпақ бәтіңкісі. Құлағында қалыпты: Сіз
немене, биді аюдан үйреніп пе едіңіз? Бұл әлгі ақ туфли иесінің айтқаны болса
керек. Соған қарағанда, қыздың аяғын талай басқан шығар әйтпесе бұлай қатты
сөйлей ме?! Бір кезде сол туфлидің өзінен алыстап бара жатқан өкшесін, бозғыл,
толық балтырды көргені есіне келді.
– Сен немене мені қызу деп тұрсың ба? Мен саумын. Мені м-мас етуге,
айналайын, сен сықылды бес-алты, тіпті он композитордың ақшасы жетсе қалай!
– Қосеке. Қосеке! Сіз осы аздап бөспелеу емессіз бе? – Мынау Кемелдің
сөзі.
– Тсе-һе-һе-һе. – Соня өстіп тілін тістеп күледі. Қайдан тап болғанын
білмейді. Жұрт сыйлайтын әншінің қызы. Өзі де ән салады. Әр кездескенде әр түрлі
сөйлейді. Бірде ЖенПИ-де оқып жүреді, екіншісінде аяқ киім фабрикасында
жұмыс істейтін болып шығады. Тағы бірде – сатушы, айнала беріп – мұғалім.
Қайсысы – рас, қайсысы өтірік – айыру қиын. Бірақ, қашан көрсең аузында сынық
сүйем сигарет, күледі де сигарет тұтатады, сигарет тұтатады да күледі. Соняны бұл
екі қасиеті арқылы жазбай таниды, бірі – даусы, екіншісі – тізесі. Үнін өзгемен
шатастыра алмайсың, ерекше. Ілкіде шіркін, әні қандай екен деп ынтығасың. Әттең,
әні бір-ақ мәрте тыңдауға лайық. Ал, күлкісі? Ең талантты актрисаны жылдар бойы
жаттықтырсаң да ондай ерсі, ондай сүйкімді күле алмайды! Енді тізесі; әйелдің
тізесін көрсететін киім деседі. Қате ұғым. Киім көрсетпейді, жасырады, жабады.
Соняның көйлегі осындай, мойны мен тізесінің арасына жетем, жасырам деп әуре.
Сондықтан, не мойын-өңірді, не тізе-санды жаба алмайды. О, көйлектің
тапшылығын кешіруге болады, өйткені иесінен, Сонядан сегіз-он жасы кіші. Он екі,
он төрт жастардағы қыз балалар кисе – жарасқалы-ақ тұр.
Соня жайшылықта көрінбейді. Қайда жүретіні белгісіз. Кино, театрлардан
сирек жолықтырасың. Оны көргің келсе кафеге, не ресторанға бар. Соня отырады.
Аузында – күлкі, жүзінде – күлкі, көзінде – күлкі. Сигареті – екі саусағы арасында,
екі аяқты әлсін-әлсін бірінің үстіне бірін алмастырып қояды. Сонсоң танымайтыны
жоқ. Ана стол, мына столға қарап шұлғып бітеді: Привет, друзья. Хэллэу! Привет!
Привет! Хэл-лэу!
– Тсе-һе-һе, мерси, мерси. – Қайсыбір мезетте:
– Ага десе, ага-о-оу,– деп қиылғанда бар ма, елжірейтінің сонша, жүрегің
тоқтап қала