екенсің, дүззі-қара!» Әйел Рая – Ақбикештің шашына ұмтылады. Жұрт араға түсіп,
айырғансиды. Анау тоқтар, басылар емес, долданып кетеді: «Жүрек біреу дегенге
жұрт сенерін біледі, он еркекпен күлуге шайлықпайды жүрегі, е-ө-өө, мә, мынаны
сен еміз, жеті баланы мен еміздім, сегізіншісін...» Рая – Ақбикеш жыламсырайды:
«О, жеңеше аяңыз, менің жасым жиырмаға да толған жоқ. Неге қатал сөйлейсіз,
өзіңіздің қызыңыз мендей болып өспей ме? Алдыңызда да өмір бар».
«Сайқалданба, сұр қаншық, тиіп тынсаң екен сен тиетұғын байыңа. Сені алатын
ақымақтың бетіне бір түкірсем деп едім...» Режиссер алақанын тағы соқты: «Рая –
Ақбикеш, жарадыңыз. Сіз шынымен ақталғыңыз келіп тұр. Сіздің, то есть
героинаның ерекшелігі сонда. Ал, Сіз – деп, балон күртеше көтерген әйелге
бұрылады,– жаны күйген адал жардан, көп балалы анадан гөрі, мынадай сұлу, жас
қыздың ар-ұятына дақ салуға тырысқан бетбақ, жалақорға көбірек ұқсайсыз. Қане,
басынан, қайтала!»
Режиссер көп үзді, көп бөлді. Репетиция, шамамен, екі жарым, үш сағаттай
уақыт жұтты. Пьесаның мазмұны, бұл сыртқа шыққасын Кемелден сұрап ұғынды,
қысқаша былай екен: сегіз баланың әкесі отыз бес жасар жігіт Ақбикешке ғашық.
Әйелдің айтуынша «бір пәле болған». Жігіт автоклуб меңгереді, артиссымақ.
Профсоюздан өңге ешбір ұйымға мүше емес. Өзі қыз, қызыққұмарлау. Ақбикеш
комсомол мүшесі. Әйел соның үстінен ұйым секретарына арыз түсіреді. Пьесаның
негізгі мақсаты: жас семьяны тәрбиелеудегі бастауыш комсомол ұйымының
атқаратын қызметі.
Кемел жаңа режиссерден:
– Бұдан гөрі тәуір бірдеңе табылмады ма?– деп сұраған. Анау бір жымиып,
кішкене кекілін келтең еткізіп, басын изеді. Қалтасына қолын салып, өкшесін
көтерді:
– Біз мұны комсомолдың тойына орай қоймақпыз! – Осы сөздер театрдың бас
режиссерінің аузынан шыққанда бір түрлі естілді. Режиссер сол арқылы пьесаның
нашарлығын кешіріп қана қоймай, ақтап тұрған сықылды. Демек, әлденендей
науқанға қатысты, соған өлшеніп жазылған шығарманың көркемдік сапасы жөнінде
байқап сөйлеу жөн. Мұндай дүниелердің бір көрініп, ешкімнің сезімін, ой-қиялын
оятпастан жоғалатыны, ізсіз кететіні содан да шығар,– деп ойлады қалқан қара. Ал,
жұрт осының өзін сахнадан көргеніне қанағаттануға міндетті дерсің! Өйткені, пьеса
белгілі күнге арналып отыр. Сол жетпей ме! Автор – жиырмасыншы жылдардағы
комсомол мүшесі, көрген, кешкен жанға ұсайды. Ленин комсомолының үлкен
тарихы, өмірбаяны бар, осындай санқырлы тақырыптан жүрек тебірентерлік,
бірдеңе таппағаны ма? Бұл – бір. Екіншіден... әсіресе екінші. Ол – режиссердің
осынша үлкен жұмыстың мағына, мен салмағын тақырыпқа аударуы. Тақырып
қанша белді болғанмен бұ сықылды жауапсыздықты көтере ала ма?! Жо-оқ, мынау
жеңіл-желпі іс емес, қылмыс. Қылмыс дегенде кәдімгі сотсыз жазаланатын Идаят
драманың Кемел түсіндірген мазмұн-желісіне қайта оралды. Ойша, бәрін бастан-
аяқ, қайыра тексерді. Көңіл түкпірінде тағы бір күдік туды: осында комсомолдың
не, қандай қасиеті ашылады?
Бұл көркем шығарма атаулыны ардың, сезім-түйсіктің ғана жемісі, соның бел-
перзенті санайтұғын. Ал, ар мен сезім ешқашан өтірік айтпауға тиіс. Әлгі пьесаның
Кемел айтқан мазмұнын түсінгенде шынымен таңданып қалды, өйткені, пьесаға
айла, қулық көбірек араласқан. Айла болғанда, ештеңені күректеп көмсе – жасыра
алмайтын арзан, кәдуілгі сауданың айласы. О секілді құйты-бақай айланы жұрт,
жазушы үйретпесе де, білер. Неткен масқара! Масқара! Композитор селк етіп,
айналаға қараған, Мир мен Абай көшесінің бұрышына таяп қапты. Жанында Соня,
жүгіріп еріп келеді. Өзі бұртаң-бұртаң өкпелейді. Кенет, қалт тұра қап, қыздың
бетіне:
– Не бар, ал не?– деп бақшиды. Соняның таңданғанынан жанары дөңгеленіп
жүре берген, артынша күліп жіберді.
– Пьесаны жазған мен емес қой, что вы на меня,– деді. Содан екеуі алпыс
алтыншы автобусқа отырған. Халық тығыз еді. Артқы алаңнан түрегеп тұруға ғана
орын тапқан.
Жарайды, деп ойлады. Садықжанов, пьеса қойылады. Көпшілік қалай
қарсылайды? Спектакльдің айтайын, көрсетейін дегені: «жас ұрпақты тәрбиелеудегі
комсомолдың ролі». Дұрыс, керек-ақ үгіт. Ал? Соны қалай көрсетіп отыр. Бұл өзі
драма ма, пародия ма? Әрі ойлап, бері ойлап келгенде осы пьеса арқылы автордан
басқа пайда табар ешкімді көре алмады. Сонсоң, мақұл,– деді ішінен бір күліп,–
тым құрыса бір кісіге – авторға пайда келсінші! Режиссердің айтуынша, автор –
белгілі драматург. Қай уақытта, несімен ауызға ілінгенін білмейді. Идаят атақты
кісілерге өте сақ қарайтын. Сондықтан көбіне сенбейді. Себебі, мұның аңғаруынша,
көпшілігі-ақ жиналыста сөйлеу, не соған ұқсас қалай да бір пысық тірліктерімен ат
шығарған адамдар құсайды да тұрады.
Екеуі автобустан түсті. Садықжанов ішінен ол пьесаға музыка жазбауға
бекінген. Бөлмесіне кіріп, төсегіне отыра бере, мойнынан ауыр бір жүкті аударып
тастағандай, жеңілейе күрсінді. Соняның жүзіне сонан кейін ғана көз тоқтатқан.
Бойдақ, жалғыз тұратын жігіттің үйіне шақырусыз, қыз басымен өзі еріп келгенін
ұнатпай, тіксініп қалды да, іле бұ