бір сыпырып, орнына жүгері ексе, шіркін!
– Әйткенмен, сен оның сүйікті шәкіртісің!
– Міне, сол сүйіктілігім – сорым.
– Дәл бұ тұста сорлы мен шығармын. – Кемел, қашанғысынша, сыңар
езуге сап, өзінше түйін түйеді:
– Сен бақытты жігітсің. Сені жаман кісілердің бәрі жек көреді. – Ол мұның
әрі қарайғы дәлелін тыңдамайды, дереу басқа әңгімеге көшеді. Тауып айттым,
осымен арылдым дегені.
Қалқан қара екі аяғын айқастыра апарып, кереуеттің басына ілген. Бұ
жатысына қарағанда, төрт құбыласы тең адам. Ауық-ауық жаңа шығарған әнінің
ырғағымен тербеліп қояды.
Бөлменің бұрыш-бұрышы қарауытып барады. Терезе әйнегін екі-үш ірі тамшы
шертіп-шертіп өтті. Әлдекім өз маңдайына шерткендей, басын тітіркене көтеріп, екі
қабағының үстін сипап-сипап тастады да, екінші бүйіріне аунап түсті.
Әнеукүні «Өнер және өмір» журналының редакциясына кірген. Жаңа ән
апарды. Радиоға берген әні. Тағы сол Кемелдің зорлығы еді. Әдебиет пен музыка
бөлімін басқаратын ит-мұрын сары бір парақ нота қағазын аударып-төңкеріп
жіберіп: «қол, виза, сосын аккомпанемент» деп қайтарып бергенде бұл мықтап
қорланды. Қосалқы музыканы өзі (аккомпанемент) жаза алмайтын. Тағы біреуге
жалыну керек. Ондайды істеген адам «өңдеген түгенше» деп өз атын қыстыратын
індет бар. Тағы да Кемелдің бастауымен Жарқыновқа барды. Жарқынов, мұның
қатты риза болғаны, орнынан тұрып, аттарын атап амандасты, қолдарын қысып
хал-жай сұрады. Ол – ол ма, бүкіл тісін тізе көрсетіп, күліп қойды. Дәрежелі
кісілердің алдында үндемеуді сыпайылық санап, әрі үлкен адамға салғалы отырған
қызметінің кішкенелігін ескеріп, Идаят ілкіде сәл іркіліп қалған. Кемел жылпытып
кеп берді: «солай, Жолаға, сіздің оң қолыңыздың ұшы ғана... мына бір жерге түрте
салсаңыз!» Бұл не жазылғанын сыртқа шыққасын қарады, орысша жазыпты:
«мелодия И. Садыкжанова заслуживает внимание».
– Үлкен адамдар осылай сөйлейді. Ананың өзі де баяғыда: «заслуживает
внимание» деп жазған ғой,– деді Кемел,– ән өтті, бізге бәрібір емес пе? – Суайт!
Суайт!
Алдыңғы күні сол әнді радиодан: «композитор Идаят Садықжановтың жаңа
әнін үйретеміз» деп көпіртті.
Мұның ешқайда барғысы жоқ. Неге барады, не іздейді? Атақ па, ақша ма?
Оның екеуі де тәтті, тек кісіні әлдекімге, әлденеге тәуелді ететін сықылды. Жігіт өзін
тәуелді сезінгісі келмейді. Даңқ, бақытты ақындар құсқа теңеп жатады. Құс болса
қонар, қонақтар бұтасын өзі таңдамай ма? Құсқа кім орын дайындаушы еді?!
Осылай толғап кеткенде шетсіз-шексіз күдікке, күмәнға малтығады. Өз жанының
күш-қуатын, отын сезген сайын жүрегі әлденеден суый, түңіле береді.
Осы жылы әнді өте мол жазды. Бар дәрмені сол әндерді, әйтеуір, әзірге
Кемелден жасыруға ғана жетіп жүр. Кемелдің білмегенін шынымен қалайды, білсе –
дедектетіп сүйрей жөнеледі, сонысынан қашады. Ол есік атаулыны жатсынбайды,
қағып та, қақпай да кіреді.
– Сен бар ғой, әкең... ерте туыпсың! Қашан болып, толып алғанша
шешеңнің құрсағында жата тұрмадың ба?! Қылығың – кісі өлтіреді. Ешкімнің
еркіне иілгің келмейді. Жүру аз, жүгіру керек, неткен көкірек сендегі? Штраус
ғұмыр бойы қаңғыған!
Ана жылы Сейсімет былай кінәлап еді: Сен бала, нағашымнан тумай кетки,
кімге тайтып мұнша ынжық болып жүйсің? Ей жігіт – жайып отимас болай ма, тым
құйса ата-бабаның әйуағын сыйла-дағы, өй күшік!
...Аяқ-табақты салдырата жүріп, қалған-құтқан суық тағамды қаужап отырған-
ды. Қабекең кіріп келді. Айналасына жалтақтай, қойнынан жарты суырып, столға
қойды.
– Қане, інішек-жан, қағыстырып жіберейік. – Қабекең қатқан нанды жоғарғы
ернінің үстіне сап, екі-үш мәрте терең күрсінді, тістемеді. Босаған шөлмекті жалма-
жан қойнына сүңгітіп, теңселе, есікке беттеді:
– Ал, інішек-жан, с-сау бол, кетейін, Қасиба... – сөзінің соңы мұрнының
астында кетті. Сыртқы баспалдақтан аттай бере құлап түсті. Жоқ, сүрінген екен, аяқ
дыбысы өшпеді. Дозор жатқан үйшікке қарай бұрылды. Идаят біраз тың-тыңдап,
есікті ілді. Шешініп, ішкен адамға әсіре үйір мылжың ойлардан қашу мақсатында
этажеркадағы үш қара томның бірін алып, төсегіне жатты, шамды сөндірмеді.
Көзі ілініп жүре берді, қайта ашты, қайта жұмылды. Әлденеден елегізіп,
кірпігін қайта көтеруге күш салған, қабағына қорғасын ұйығандай, қозғалтпай
қалды... бөлме ішінде біреу жүр. Әрлі-берлі тоқ-тоқ басады. Кішкене үй ана
бұрышы мен мына бұрышы ат шаптырым боп, кеңіп кеткен сын-ды. Аяқ дыбысы не
алыстап, не жақындап болмайды. Тоқ-тоқ-тоқ-тоқ. Сирек, ауыр адымдайды. Бір
кезде зор тұлғалы біреудің жауырынын көрді. Қайтып көзін айырмады. Бөлме
ғаламат ұзын екен, әлгі адам арғы, алыс қабырғаға жеткенше күндер өткен
сияқтанды. Ырғала басатын толық, тоқ қимылында бұған ертеден таныс бірдеңе
бар. Екі қолы артында. Кенет, ана бұрышқа жетті де, бері айналды: көкесі, Әжекең
қарт, бұған қарай келеді. Атып тұрды. Бірақ бірде-бір саусағын қимылдата алмады,
айқайлап сәлем берді, бірақ... үні қайда? Қарттың жүзі сабырлы, көздері бір түрлі
жат, қайнаң-қайнаң етеді. Бір кезде бүкіл ұлы денесіне жараспайтын жылдамдықпен
тұра кеп жүгірді