ырсығатын
адамы болады, соған істейді. Бұрын таныс па ол адам, емес пе – бәрібір, бетіне
қарайды да қырсыға салады. Ал, уағалайкүмассламды өлсе айтпайды. Осындай
қыңырдың өзін кісі санап, жөн сөйлескеніне күйеу бала мәз, «қайын атам мұндайда
былай дейді, менің әкем алай дейтін» деп екі қартты тіліне тиек ете сөйлейтіні содан.
Сол Қырсық шәй үстінде «жақсы келдің, ұлым, тура келдің» деп емпілдеп еді,
айнала беріп күңкілдеп, қатал ескертті: «Бекер келесің ұлым, бекер. Қатынды
басындырмау керек!»
Ертеңіне Зібайраны алып қайтты. Бұл жөнді ештеңе әкелмеген-ді. Ұсынған оны-
мұнысы келіншекке ұнамады. Қасиеттеп ұстатқан болашақ баланың жөргегіне
Зібайра қатты қорланды. Оның үстіне бабушкаға внук жоқ екенін айтып салды:
алдырып тастапты.
Зібайраның Садықжановты жүрегі қалағанымен, ақылы менсінбейтін. Бұған
алдымен кінәлі – курстас қыздар еді. Екеуі үй болғалы талайы келді. Ешқайсысы
«қалқан құлақ қараны» ұнатпады, бірі көзін сынаса, бірі сөзін, екіншісі маңдай
бітісін шенеді. Ақыл, парасаты, білім-тәлімі түгел сарапқа түсіп жүрді. Сынала-
мінеле келгенде Идаяттың тұла бойынан сау қалғаны – жалғыз шолақ жең ақ
көйлек. Басқасы бүтіндей «отсталый, невоспитанный, грубый» боп танылды. Осы
мінеу-кекеу, сықақ-мазақ, түгелімен Зібайраның алдында өтеді. Күйеу жігіттің бар
міні Зібайраны мұқатуға терілетін тәрізді. Жас келіншек мұндай әңгімелерден
қажып, қашқақтайды. Тыңдағысы жоқ. Аналар қуып айтып, зорлап тыңдатады. Ал
Зібайра осыны өңменімен, бүкіл жанымен осқырып қабылдайды, ауыр алады.
Құрбыларының сөзін күйеуінің тұлғасына өлшеп көрсе – шақ, бәрі рас. Неғып қана
байқамаған? Оңашада, өзін бұ сықылды есекке тап еткен тағдырына қазақ, орыс
тілдерінде шатпақтап қарғыс айтатын.
Ерінің берілген, сеніскен адамын ғана танып, қалғанына жон көрсететін
итмінезділігі бар-ды. Бұл оның табиғаты, болмысы емес, бержағында, ақылмен
жасап алғаны. Өзін бірінші сұлу санамайтын әйел – әйел ме, ЖенПИ-дің қыздары
да солай, әркім өзін Қыз Жібек көретін. Зібайраның достарына қалқан құлақ қара
Төлеген мүлде ұнамады. Астарлы, ыстық әзілі түгіл, жәй әңгімесі жоқ неғылған
мақау! Әттең, Идаят мұндай мінезді Зібайраны өкпелетпеу, соның көңілінен шығу
мақсатында әдейі ойлап тапқан-ды. Қателігін сезем дегенше, өзі жайлы
жоғарыдағыдай жаңсақ ұғым туып, орнап үлгерді.
Үйіне барған күні қарт қызының жанына кемпірін қосып, қайта қуғанын, содан
бір қонып, тағы кеткенін келіншегінен естіді. Сонымен, қиыны қаша бастаған семья
әлдекімнің жіңішкелеп жасаған қамқорлығымен әрең селбесіп, қиқым әңгіме, қым-
қуыт тұрмыс кешіп жатқан-ды.
Сабақ басталуына ешқайсысында дайындық жоқ-ты. Бірінші сентябрь күні
таңертең дирижер таяқшасын, дәптер, қарындаш, өшіргішін Садықжанов шағын
бөлменің әр бұрышынан зорға тауып, шаңын сілікті. Қаңсып, сырғып кеткен
домбыра пернелерін орнына қойып, құлақ күйін саусақтары дірілдеп әзер келтірді.
Домбырасының екі шегін бір-біріне үйлестіре алмай, со күйінде қабына салып
жапты да, пыс-пыс күлді: екі шек – келіншегі екеуі сияқты көрінді.
Зібайра дайындығын жылаудан бастады. Әуелі есіктен төрге, төрден есікке
жүгіріп, тықың-тықың, тып-тып етті. Одан әр затты бір уыстап лақтырып, жаңағы
күйеуі қоқытқан үйдің ішін жинастырам деп шаша түсті. Содан тағы да ұйқы-тұйқы
боп халатын шешіп төсекке атты. Одан қайта киді. Капрон нәскиінің бір сыңарын
іздеп, қолына ұстап жүрген екіншісін жоғалтты. Кенет, отыра ғап, кішкентай қол
айнаға жүзін тосқан: «ой, ой, ужась». Бұрын жылап сөйлейтін, осы жолы сөйлеп
жылады.
– Ой, какой вид у меня, какой вид. Я в таком виде должна идти, да? Показаться
девчонкам, всем, да? – Сөйдеді де, не қара, не сары емес, сыр сасыған күлді-балам
шашын екі самайдан жұлқа сілкіп, қобыратып жіберді. Ебіл-себіл жүзін жалт
бұрып, күйеуіне: да? да? деп бақшаңдады. Сонсоң шиланын түбінен сілке көтерген:
ақ, қарасы аралас бір уыс тиын шашылып қалды. Идаят үн-түнсіз екі саусағының
ұшымен тары шоқыған тауықша шымқи теріп, қалтаға ұрды да, шығып жүре берді.
«Ақша деген піше-енн!»
– Сен үшін заказ алып жібердім,– консерваторияда тұңғыш кездестірген адамы
Кемел, аман-саудың орнына,– Отан, Партия туралы ән керек, он бесіне дейін бітіріп
әкелесін дейді. Тез жазып таста. Айтпақшы, сенің әндеріңді бірінен соң бірін айтып,
тойды түгел аузыма қараттым. Қыздар бар ғой, қырылып қала жаздады. Содан үш
күн бойы кеңірдегім қаңсып, жұтына алмай қойдым. Бірдеңең болса осы қазір де...
Не оңған сабақ өтер дейсің бүгін!– деп сусылдатты.
Сосын мән-жайды асығып-аптығып сөйлеп шықты. Мұның ұққаны, радиода
істейтін біреумен жолығысып қап, табан астында ұсыныс жасайды және досының
сол тақырыпқа жаңа жақсы ән жазатынына ананы әбден сендіреді.
– Ісің құрысын! Қандай хақың бар! – Кемел ырсиып бір күлді. Бұл қолын
түңіле сілтеп, бұрылып кеткен. Жарым сағаттан соң радиоға арнап ән шығаруға
қалай көнгенін өзі сезбей қалды. Ал, осыдан екі жұма өткенде маңдайында музыка
редакциясы деген жазуы бар есікті ашты. Редактор ештеңеге уәде берген жоқ, тек
жылы шыраймен сыпа