: тық-тық-тық-тық. Табаны жерге жиі, жеңіл тиеді. А-ааа-аа-һаһ! –
Көзін ашып алды: шам жанып тұр, ешкім жоқ. Біреу есікті тоқпақтап қиратып
барады:
– Ида-аят, Идаят?
Зібайра ішке жыламсырай, сөйлей кірді. Бұл жаңағы әсерден айыққан соң ғана:
– Сағат қанша?– деп сұрады.
– Время вчерашнее. Зачем тебе время? Умирать рано еще. – Жағынан жағып-
жағып жібергісі-ақ кеп ұмтылып барған, ақылды, әрі қарау бір пиғыл қолын қағып
тастады: «қатын боп қалар-қалмасы беймәлім, ұрып қайтесің?» Ұмсынған қолымен
келіншектің білегінен ұстады, жұлқынғанына қарамай, зорлап сағатын көрді: он бір
жарым. Сабақ алтыда бітеді. Ім-мм! Зібайра дереу өзгере жөнелді. Жаңағы
ашу-өкпесі зым-қайым. Үлкен, аумақты жанары жыпылықтап, кешіккен себебін
түсіндіре бастады:
– Знаешь, любимый, комсомол жиналысы. Қалмаймын дедім секретарьға.
Үйде күйеуім бар, муж ждет дедім. Болмады. Содан шығып автобус күтіп... Пойми
правильно, дорогой, первый и последний раз. – Идаят шыдамай:
– Что первый, последний? Комсомольское собрание?– деп салды.
– Да, да, любимый,– деді анау ойланбастан, сосын көзін жыпың-жыпың еткізді,
нағыз бишара, аянышты халге түскен күйде мынаны қосты – автобустың іші толған
мас. Содан үстім водкой пахнет, да?
Түнімен теріс қарап жатқан күйеуінің иығын құшып, комсомол жиналысында
не мәселе қаралғанын сөйлеумен шыққан. Ертеңіне Кемелге шағым жасады. Әуелі
институттың алыс, қиырлығын, автобусқа мас кісілердің сенделіп кіретінін сөйледі.
Сонсоң мырс-мырс жылады. Ақырын:
– Ол сұмдық қызғаншақ, оның үстіне көзқарастарының бәрі ескі, старый,
понимаешь, да?– деп бітірген.
– Сағат нешеде келдің үйге? – Зібайра төмен қарады.
– Жетіде,– деді Идаят.
– Жалпы, пардон, Зібайраш,– деді Кемел кейісті сөзіне әдейі әзілдің сәулесін
себе,– жалпы менде ескілеу кісімін, өз күйеуінің үстінен бөтен еркекке арыз айтқан
әйелді өле жек көрем!
Жаңа парақ нота қағазына тосын бір жазулар түскен. Алдымен әуенді әрлі-
берлі ыңылдап домбыраға салып байқады. Сосын ысқырып көрді: тың нәрсе
сияқты. Әдетінше, бұрынғы жиған-тергеніне қоспақшы-ды, стол, этажерка, терезе
алды, кереуеттің астына шекті тінтілді. Қалтасына шейін, темекі қоқымын
қаққандай, түбін айналдырып тінтті: жоқ, жайшылықта шаңға бөгіп, әр жерде бір
жататын көне, сонысымен дүниеге сыймайтын қадірсіз, кәдімгі қоңыр бума үшті-
күйлі.
Келесі жетіде қаралы жүрді. Есінде қалған қайсы біреулерін қағазға қайтадан
түсірді. Не бір қызық, өз ойынша үздік санаған, әрі тосыннан туған тұстары со
күйінше, із-тұзсыз кетті. Қанша оқталса да ешкімге, тіпті Кемелге де айта алмады,
батпады: Бір бума жаңа ән жоғалттым деген композиторға кім сенеді?! Жұрт өткен-
кеткеннің күлін көсеп, содан жылусыз болса да жылт тауып, күн көріп жүрген
заманда... бір пәпке ән! Мұндай «өтірікті» айтып, күлкі шақырар жайы жоқ! Бірде
жәй ғана:
– Зібайра, сен әлгі, шәй-құманның астына қоятын папка бар еді ғой, соның
қайда, көрінбейді,– дей салды.
– А, какая папка? Да. Вспомнила. – Осы сөздер шыққан ауыз кімдікі
болса да сүйіп алуға дайын-ды, бірақ анау іле иығын көтерді,– черт ее знает!
Қайтып қоңыр бума хақында сөз қозғалмады. Кейінгі кезде Мәліков, неге
екенін кім білген, бұрынғыдай емес, аз ұрсады. Қанша бұзып, бүлдіріп ойнаса –
жеңіл ескертумен қайтарады. Бұл одан сайын сол тоқ-мейіл доцентті жек көреді,
тіпті, өшігеді. Өз әлсіздігіне өзгені кінәлі санайтындарды бір адамдай шеней алады,
бірақ, сөйте тұра, бір ұтыры келгенде, кафедра бастығына өтініш жасады. Басқа
мұғалімге – консерваторияда ондай жағдай ұшыраса беретін-ді – ауыстыруын
сұраған, кафедра меңгерушісі қарт композитор, академик сәл ғана езу тартты:
– Мәліковтың несі ұнамай жүр саған?
– Ештеңе ала алмаймын ба деп қорқам.
– Жарайды, қарағым, біздің Мәліков, әйтеуір жоқтан тәуір ғой, оқи бер, оқи
беріңдер, үлкен сыйлап өскен елдің бАлларысыңдар. Үф-үфі,– деп, көкшіл бастон
бешпетінің өңіріне жабысқан бір-екі тал ақ буырыл шашты үріп түсірді. Бұл енді
басқа айтарым жоқ дегені.
Мәліков шәкіртінің әндерін «әжептәуір» санайды, Ал, домбыраға келгенде? О-
оо! О кісі өтірік айта алмайды.
Мұның ашқан жаңалығы: былтырғыдан биыл, үшіншіден төртінші курс
сабағының жеңіл екендігі еді. Осы ойын бірде Кемелге айтып көріп еді. Кемел безек
қақты:
– Ойбай, үндеме, біреу естісе – қиындатып жібереді. Сорың құрғыр-ау...– Бұл
түк түсінбейді:
– Қалай қиындатады? Оқудың әлдеқашан қалыптасқан жүйесі бар емес пе?
Одан артық не талап етеді?– дейді.
– Әй, өлдім-ау, сенен-ақ. Не оңай – қиындату оңай. Кәзірдің өзінде
консерватория, екі жылдық дайындық курсымен есептегенде, жеті жыл. Сен екеуіміз
ана шалдың арқасында бірден біріншіге қабылдандық. – Кемел әрі қарай дәлелдей
түседі. Әбден сеніп, мақұлдап құтылмасаң – құтқармайды. Пионер газетінен бастап
оқымайтыны жоқ. Ал, кітаптан қарайтыны өлең. Романдардың мазмұнын оқыған
жұрттан сұрап алады. Сол сұрап алған түсінігімен таласқанда бар ма, ол
жеңілмейді, жалынып-жалбарынып өзің жеңілесің!
Өнер мен ә