дегені басқа еді. Неге екені белгісіз, жүрегі дауаламады. Әйел сәл кідіріп, мұның
бетіне жақтырмай, кекей бір қарады да ащы жымиды, сосын бір тіні жібек
халатының жоғарғы, омырау түймесін сипалай ішке енді. Қайнысы жаңағы аттаған
күйі тұрып қалған. Анау әлденелерді салдырлата, құлата үй-ішін ұзақ шарлады.
Қай бөлмеде жүргенін, аяқ тысырына қарап мөлшерлейді. Оң қолдағы есік
ашылды. Түпкі бөлмеге өтіп барады. Міне, залға шықты. Бір кезде барып қараңғы,
үңірейген ауыз үйден өзіне қарай созылған әйелдің бозғыл білегі көрінді. Бауы сала
құлаш, жуан, мыртық ашқышты мұның алақанына тастап жіберді. Үлкен тақтай
есік сол иығын қаға, дәл мұрнының астынан сарт жабылды. Бұл тіл қата алмады.
Есігін қалай ашқанын білмейді, әйтеуір, бөлмеге еніп, шамын жаққанда көзі түк
көрген жоқ. Үй ішінен алғаш аңғарғаны: жалаңаш, тақтай стол үстіндегі бір
жапырақ қағаз. Ол да қауырсынына қан жұққан аққудың сыңар қанатындай
қайғылы әсер етті. Өзі жоқта асыранды аққуын әлдекім атып ап, мұны қорлау,
мазақтау мақсатында бір қанатын қырқып әдейі қалдырған сықылданды. Не болса,
ол болсын деген қыңыр ерлікпен қағазды столдан жұлып ап, көзіне апарды. Ілкіде
әріптер ери жүзіп, оқытпай қойған, бірте-бірте орныға бастады: «Дорогой, если
тебе нужна твоя любимая – я дома. Зина». Осынау тілдей хатқа бір, даладан әлгі
алып кірген кастрюліне бір қарап, шағын бөлмеде түнімен сенделді. Ертеде бір
атасы «қарын аяғын» далада қалдырғанына бола қатынын салақ еткен екен. Соны
ел әлі күнге аңыз ғып айтады...
Бұ секілді қатал, әрі шолақ хаттың шын мағынасын ертеңіне әрең түсінді.
Зібайра Қасибамен сырласқанға ұқсайды. Идаяттың көп қылығын, шамасы, кінәлай
сөйлеген секілді. Биге, сауық-кешке апармайтынын, іргедегі кинотеатрдың өзіне
қиналып баратын үйкүшіктігін, әлі күнге бірге оқитын жолдастарымен де
таныстырмағанын шағып, Қасибаның көңілін біраз босатыпты. Ел құрып, су
құрып, қайдағы бір қара байыр қалқан құлаққа тап қылған тағдырын тілдеп, тағы
талай төгіледі. Ақыры, өзі сынды сүйкімді, сүйіп алған жарын ертпей, жалғыз
тастаған ерінен тастай түңіледі. Әсіресе, осы соңғы қорлығына төзе алмайды, бұл
кеткесін, сөйтіп, алты күн зарлап, жетінші күні Күреңөзектегі төркініне тартып
отырады да, со күні кешке шешесімен екеуі қайтып кеп бір түнейді. Сонсоң тағы
ғайып болады. Мұның бәрін таңертең сегіз жарымда аздап ішілген жартылығының
мойнынан қылғындыра ұстап келген Қабекең баяндады. Ол есіктен кіре:
– Інішек-жан, ау, інішек,– деп дауыстаған. Бұ кезде столда екі қырлы стакан
арақ, ортасынан екіге жарылған пияз дайын болатын, тартып-тартып жіберісті.
Идаят әшейінде жиіркене, биіктен қарайтын көршісін бүгін тұңғыш рет, іші-бауыры
елжірей, өзгеше ілтифатпен қабылдаған-ды.
Екі жүз грамдық қырлыны салып алғасын, тіпті, жақын тартты: Қабеке, мен
жүгіріп барып бүтін біреуін әкелейін, отырыңыз,– деп елпектеді. Қабекесі:
– Жоқ, інішек-жан, Қасиба көріп қалар. Тағы бірде,– деп қалбақтап шыға
жөнелді. Біз мұрнының ұшында мөлдіреген жалғыз тамшы терді сілкіп, Идаят
үйінің босағасына тастап кетті.
Зібайраның хаты қысқа болғанымен жолы дәл сол күнгідей ұзақ көрінбес. Төрт
сағаты төрт тәуліктей қинады. Үйі селоның құбыла батыс шетіндегі дөңнің үстінде-
тін. Зібайра аулада самаурын қайнатып жүр екен. Мұны көріп:
– Ойһ, какой сюрприз!– деп құшақтай алған-ды.
Осы кезде іштен шешесі шыға келді, келіншек дереу өзгеріп:
– Еһ, келдің бе? Келме-дағы,– деп бұртиып, бұрылып кетті. Қарт шын қуанып,
жарқын қарсы алды. Бұл «ассалаумағалайкүм» деп дауыстай кірген. Атасы белін
таяна көтерілді.
– Оныңды қоя тұр, ұлым, өзің аман-сау оралдың ба? Үлкен-кішілерің, торпақ-
торымдарың күйлі ме екен?– деп төкпектетті. Ол сөзге сараң, қаталдау кісі еді.
Ешкіммен шешіліп сөйлеспейді. Кімге де болса аларып бір қарайды да қояды.
Сыйға, құрметке де жібімейтін қыңырлығы тағы бар. Мұнысы көп жұртқа
ұнамайды-ақ. Қабаққа қарсы біткен қарағай іспетті, ел көзінде оқшау, ерсі жан.
Жасы алпыстан асқан. Білетіндердің сөздеріне қарағанда, көрмегені аз. 1940–45
жылдары соғыста бопты. Көп-көп қызметтер атқарған. Қызметтері түрлі-түрлі:
мектепте мұғалім, темір жол станциясының бастығы, киоскіге сатушы, ауыл
советтің хатшысы, асфальт заводында жұмысшы, мал дәрігері.
Самай шашының буырылдығы болмаса, бетінде әжім шамалы, екі қасының
арасы мен мойыны ғана қатпар-қатпар. Дөңгелектеп қырыққан көк шулан сақалы,
сол түстес кірпі шашы, ақ еті қанталай қарайтын ала көзі әлі де бір қарпыры бар
кәрі арланды елестетеді.
Бұл үйде Идаят өзін еркін ұстайды. Қартқа күйеу баланың осынысы ұнайтын
тәрізді. Күйеу демей, ұлым дейді. Көктемде біреу осы шалға ассалаумағалайкүм
деп дәудірлеген. Шал ананы жақтырмады ма, әлде қырсықты ма, әйтеуір: «естіген
сөз» деп сырт берді. Атасының сонысы есіне түссе әлі күледі. Сырын білмейтіндер
оның мұндай ноқайлығына қатты ренжиді. Тіпті осы қарттың ақыл, есі түзулігіне
күмән келтіріп, елге жаяды. Қарт кез келген кісіге өйтпейді, өзінің ерек қ