йы ғана:
– Қалдырып кет, талқыға салып көрейік,– деді. Екеуін есік алдына шейін
ұзатып салды.
О күні, расында, сабақ боп жарымаған. Ұстаз екі ай жарым демалыстың қалай
өткенін, әркімнің қалай демалғанын тәптіштеп, бөлек пейіл танытты. Шәкірт оның
ықыласын қарызға алғандай қайтаруға асықты. Өстіп, бірін-бірі делбеп, біріне-бірі
рақмет айтумен кішіпейілділік, ізет салыстырып отырғанда қырық бес минут өтіп
үлгерді.
Кешке қарай студенттер топ-топ боп астананың кино, театрларына қарай жол
тартқан.
6
Кемел екеуі бір, доцент Мәліковтың класында-тын. Екі дос домбыраларын
қолтықтарына қысып, әзір отырған.
– Әһә, жігіттер, сәләмәт жақсы боларсыздар, қане,– мұғалім бөлмеге сөйлей
кірді, бешпетін шешіп, екі иығын жиыра әкеп орындықтың арқалығына ілді. Сосын
екі шәкіртіне кезек көз тастап ап:
– Қане, Садықжанов, сенен бастайық! – Сонсоң галстугін ағытып
пианиноның үстіне тастады. Екі жеңін иығына таман сырғытып жіберіп, қолын
қусырды. Аянбай кірісем дегені. Идаяттың бастағаны сол-ды, Мәліков екі алақанын
бір-біріне шарт еткізді:
– Тремоло! Тремоло! – Анау басын изеп қойып, әрі қарай жалғастыра
берген, тоқтатып алды:
– Міне, бері қара, былай: лә-әә-ә, лә-лә-ләл, лә-ләл-лә-лә-лә-лә! – Алақанын
тағы бір соғып, оң қолының сұқ саусағын жоғары, басынан асыра атып кеп
жіберді:
– Басынан. Лә-әә-ә! – Домбыра безілдеп кетті. Шәкірттің салалы, ірі саусақтары
енді-енді шешіліп, еркін жорғалай бастаған, ұстаз тағы бөгеді:
– Стоп! Сен четвертной мен восмушканы айыра аласың ба өзің? Ритм. Ритм –
сөз ғана емес, бүкіл нәр, музыка. Қашанғы айтам, санап үйрен деп. Рас и, два и, рас
и, два и. Осының несі қиын? Қане, қайтадан. – Идаят жаңадан бастады. Он шақты
тактіге дейін Мәліков бас шұлғып, мақұлдаған шырай танытып отырған.
Аржағындағы екі-үш тактіге әрең шыдады. Онсыз да сарғыш, қызыл-шатыс жүзі
күреңіте бастады. Қабақ, қасты бағып үйренген Кемел мұның шынтағынан түртіп
кеп жіберді.
– Ә-әә, менің сізден не талап етіп отырғанымды түсінесіз бе?– деп
зілденді,– мына Кемел бар, мен сізге айттым ғой, рас па? Бұл тыңдауға жеңіл
болғанмен ойнауға ауыр шығарма. Өзіңіз өтінген соң көңіліңізді қимаған едім.
Қиын дедім, мына Кемел бар, Кемел, ана есікті жауып жіберші, өзіңіз
дайындалдыңыз ба? Шыныңызды айтыңызшы? – Садықжановтың жауабын
күтпестен тағы да оң қолын көтеріп, саусақтарының басын сытырлатты.
– Қане, әрі қарай! Рас и, два и. Рас и, два и – бәтіңкесінің тұмсығымен
еденді сырт-сырт еткізді. Домбырашының бұл шығарманы ана жолы қадалып
отырып сұрап алғаны рас еді. Консерваторияда өткен алғашқы айда-ақ осы
асылды иемденуді армандағанды. Талай тыңдап, тыңдаған сайын таңданған атақты
әуез көкірегінде дәйім жаңара, түлей құбылып тұратын. Сол көңілдегісін алуға қол
қауқары жетпегені ме? Идаяттың күйшілік шеберлігін бәрі мойындайды. Тек
Мәліков қана. Ол да қарсы ештеңе айтпайды, тек елемеген, көрмегенсиді. Мына
жолы әбден түңілген болды.
Тағы да басынан бастатты, тағы да бас шайқады. Нотаның қайталау белгісі бар
жеріне кеп мұның өзі тоқтады.
– Рас и-и. Әрі қарай! – Шәкірт дәптерден көзін тайдыра:
– Ұмытып қаппын,– деді.
Екінші қырық бес минуттың бітуін, есік алдында күткен. Әрлі-берлі сенделіп
жүрді де қойды. Ерсілі-қарсылы ағылған жұрттың бір-екеуімен қақтығысып та
қалды.
Кемел іштен қашанғысынша жайраңдап шықты. Өзінің құрмет тақтасына
қағылған суреті сықылды, қулана күлгенде ерек қисайып кететін сол жақ езуін енді
бір созса – құлағына ілуге келетіндей еді. Шылымын тұтатып жатып, бір шекесін
көтеріп, көзін қысты. Көшеде бұл серігі қанша әзіл, анекдот айтса да, өз көңілін
жұбата алмады. Кемел дос қабағының мына кірбіңін жаңағы Мәліковтың сөзіне
жорып:
– Ей, қойшы. Өзің де қызықсың. Огинскийде нең бар. Мен, міне, соның өзінің
жаман пьесасын ойнап жүрмін. Мен ұнаймын оған. Көрдің бе, мәселенің қайда
жатқанын?
Идаят ұстазының сөзін ұмытып үлгірген. Қанша желпінсе, көңіл көбігін баса
беретін арғы түкпірінде әлдене бар-ды. Қалай қозғалсын, қалың етке қадалған
шөңге құсап жанын зар қақсатады. Көгеріп көні,қызарып қаны көрінбейтін мылқау
сырқат, сол сыздауық қай жерінде екені беймәлім, әйтеуір маза бермейді. Ұмытам
деген сайын есіне түседі, жазам деген сайын жаңарады. Көкесінің бір сөзі көкейінен
кетпейді: «Әй, шырағым-ай, күнің не болар екен сенің». Бұл оныншы бітіріп, әрі
қарай оқуға құлшынғанда осыны айтып, сақалын сылап, басын шайқаған. Неге, не
үшін айтты? Әлі күнге түсіне алмайды. Тек қабағына әрбір көлеңке түскен сәтте,
қалайда осы сөз жадына оралады. Кәзір де әлденеге ызалы, өкінішті, неге де болса
тақымы толмай, неден болсын сәтсіздік, күдік іздеп, қайғыруға, түңілуге әзір келе
жатқан шағы-тын. Коммунист проспектісімен жоғары өрлеп, Шевченкомен
қиылысар жерге жеткенін бір-ақ аңғарды. Енді Кемелден бөлінеді, жалғыз қалады.
Сонсоң үйіне қайту керек екенін ойлағанда әлгіден бетер ұнжырғасы түсті.
Алдында қаннен-қаперсіз досының жымия ұсынып тұрған қолын амалсыз алып:
кетпеші, кетпе-дағы деп ай