ғдай мықты. Ешкімізге дейін жібек жейді.
– Құйсайшы, қағынды кегір? Жылтыратпай, сұрап алдың ба? – Идаят қонақ
болған азғана күнде әйелдер жағының шаруадан қолдары босап, қыдырып, оқып
қалған. Кетем дегенде алдымен ренжіген де солар:
– Үйбай, әртіс қайным-ау, не бар, от ала келдің бе?
– Жат бауыр боп жаман үйренгенсің ғой!
«Әртіс» кеткенмен ол жайлы әңгіме басылмады, қайта күн санап өрши
түсті. Мұның екі түрлі себебі бар-ды, бірі: оның үйленгендігі туралы хабар.
Екіншісі дәл сол күні Ақ ешкіге жем болған Мархабаттың іш көйлегі. Біріншіні
әженің өзі таратты. Баласы аттанысымен кемпір төрт-бес көршісін шақырып ап,
шәй берді. Жаңалығын қуана хабарлады. Болашақ жас иіске арнап жөргек
жолдағанына қараптан-қарап риза боп, көзіне жас алды: «жалғыздан қалған
жалғыз!» Осы сөздерді айтқанда иегінен бастап кимешегінің шалғайына шейін діріл
қақты. Естіген ағайын-туғандардың бір тобы қуанды:
– Дұрыс, азамат болды деген осы! – Бір тобы өкпе айтты:
– Оның несін жасырды бізден? Ұялған сиқы ма?
Алтын әуелі меңірейіп отырып қалды. Сонсоң қуарды, сонсоң қызарды.
Жастығын тістеп бір түн жылады. Ертеңіне үш рет хат жазып, үшеуін де жыртып
тастады. Оның ертеңіне бұрыннан қырындап, бірақ ашып сөз айтуға бата алмай
жүрген бір жігіт өз жүрегінің сырын екі сағат сөйлеп, бас қатырды. Сендіре
алмаған соң, ымыртта су алуға шыққан басқа қыздың жолын тосты. Идаяттың
үйленгендігі жөнінде әңгіме, өстіп, бірте-бірте ешкімді қуантып, не өкпелетпейтін
үйреншікті халге жеткен. Сөйте-сөйте ондай адамның дүниеде бар-жоғының өзі
беймәлім боп бара жатқанды, бір күні радио қақсап ала жөнелді. Сөз қайтадан
жанданды:
– Үндемей жүріп, қара бәлесін! Жақсы әртіс екен ғой?
Өнер, өнер адамы хақындағы өсек, ол жайлы сөз алыстаған сайын күшейіп,
құлпырып жетеді ғой. Идаяттың астана радиосынан берілген әндері ауылға, сөйтіп,
он есе көркейіп, қуаттанып келді. Астананың сүйікті әншісінің өзіне газеттер «Айта,
айта «Алтай-ды», әнші апай қартайды» деген тәрізді әзіл, қалжың басып жүрген.
Жұрттың бәрі ұғынып, жүрттың бәрі айта алатын бірдеңе керек-ті. Садықжановтың
әндері осы кезеңге дөп келді. Қаланың студенттерінен бастап, ауыл
трактористеріне, тіпті қойшы, сауыншыларына дейін бірден қағып әкетті. Әрбір
жаңа нәрсе сықылды, бұл әндердің де жұрт мін-сынын алғашында аңғарған жоқ.
Оқыған, маман музыканттардың тиіп-қашты пікірлерін кім тыңдайды? Ән жақсы,
кәдімгі ән. Созуыңа, қайыруыңа мол жетеді. Өзі жаңа. Енді кімнің не атасының
құны бар?!
Мархабаттың Астраханнан алдырған етегі, өңір тұсы шілтерлі іш көйлегі
болатын. Мұндай сирек затты жуған соң таса жерге жаюға дәті шыдамады, жайып
көрсетпесе... басқаша қалай көрсетеді? Керілген жіптің ең биік жеріне-ақ ілген-ді.
Ақ ешкінің бойы Мархабаттан аласа болмай шықты.
– Ойбай, қағынды кесін, жеп қойыпты. – Ел-ағаң шынтақтап, газет қарап
жатқан, басын көтерместен күбір етті:
– Нені? – Келіншегі тарс жарылды.
– Нені, нені, нені көресің сен! Әне соны... тап соны жеп қойды жалмауыз,
кеңсеңнен басқа... нең бар сенің! Әлгі ананы жеп қойды.
Директор дәл бұлай шаптыға бермейтін әйелінің жүзіне таңдана, ештеңеге
түсінбеген күйі жатырқай бір қараған да, машинасына мініп тайып отырған. Кейін,
дастарқан басының тағы бір жиынында, Идаяттың әні әңгіме болды, өзінің ауылдан
қай күні кеткені жайлы талас туған. Шәй құйып отырған бір әйел қозғалыңқырай
беріп, айтып салды:
– О бала ма, әлгі Мархабаттың камбинатциясын Ақ ешкі жейтін күні. –
Сөйтіп, Идаят аттанған күн – Мархабаттың мақтаншақтығы мен Ақ ешкінің
жебірлігі арқасында – календардың «тарихи» парағына айналды.
Бүгін де жұрт біраз дуылдасып қап еді. Әйелдер мен директордан
басқаларының омырау түймелері ағытыла бастаған. Тер шыққандары – бабында,
қызара бөртіп, есіп отыр. Ал, ұзаққа сілтейтіндер – оңайлықпен терлей қоймайтын,
әзірге қабақтары қатыңқы, сөздері аз, мінездері кіді. Қонақ иесі – Идаяттың немере
ағасы, совхоздың кейінгі әкімдерінің бірі Ғинаят, әлсін-әлсін ұша тұрып, қайта
қонады. Самаурынға тақай салынған титтей құрақ көрпешеде біресе малдас құрып,
біресе жүгініп әлек-шәлек. Төрдегілердің бірі қыбыр етсе – қалбалаң қағады. «Не,
төрем, мен, өзім әперейін!» Шәй келгенше екі-үш күл салғыш, үш-төрт сулық
орамал ауыстырды. Мұның бәрін ол қонақтарына қылған ілтипаты, құрметі
санайды. Дембелше, төрт бақ денесіне тыным жоқ, сырт көзге тоқ, ауыр
көрінгенмен, қимылға жылдам, балықтың торсылдағы секілді жеңіл, қопаң-қопаң
етеді. Тұрған сайын құрақ төсегі жабысып, құйрығында кетеді. Отырса, құдды
иесінің бөксесіне өлшеп жасалған дерсің, бірде бір қырпуы, шет-бұрышы
байқалмайды, астында түгел қалады.
– Іш, төрем, же төрем! – Оған қонақтың үлкен-кішісінің бәрібір, бәрі қонақ.
Осы қасиетінен шығар, Ғинаят ағайын арасында аса сыйлы, арақты өз үйінде ғана
татады. Бірақ ертеңіне ауырады: ас қазаны жамау. Жұмыста ыңқыл-сыңқылмен
әзер жүреді.
– Кеше қонақтар алсын деп кішкене нетіп жіберіп ем! – Қашанғы айтатыны сол.
Қонақты ол: «жермен келген Құдай»