ырсия күліседі де, бастарын шайқайды, ештеңе демейді. Директор ақ сарайға
кірмей жатып, тағы бір қыстаудың іргесі қалана қойды. Ол өте тез бітті. Қамыстан
ызып жасаған дайын қабырғаларды керегеше қабыстырып-қабыстырып жіберіп,
бөкпен қара балшықты жаға салған, үй боп шыға келді. Үлкендер жағы, өздері
ғұмыр бойы шеген зілмәңкелерде өсіп-өнсе де, дәл осыған, қамыстан қалқалаған
үйге, қашан бозқырау түсіп, мұржасынан түтін шұбалғанша сене алмады, ішіне от
жағылса өртеніп кететіндей сезілді. Сөйтіп үй үстіне үй салына келе, бас-аяғы бір
жылда «Махамбеттің» орталығы алыстан қарағанда, Қанішкен құсап көзге кәдімгі
шоғырланып шалынатын болды. Төр майлау тойы алғашқы үйден бастап-ақ
дәстүрге айналды. Еділхан барлық бастық атаулы сияқты, қарауындағыларға
жомарт-ты, ақ сарайына жиналған халқын жыға сыйлады. Директор
болмағандарымен қалған жұртқа да намыс керек, ешқайсы аянбады.
Дүкен – тұрғын үйлерден кейін салынды. Сыртынан қарағанда, терезелеріне
крестеп қаққан темірі мен мұржасының жоғы болмаса ол да үй-тін. Дүкен
ашылғанда жұрт тағы қуанды, ең қатты қуанған – шоферлер. Өйткені, елдің
астығынан бастап қара сабынына шейін алыстан таситын солар еді.
Совхоздың директорынан завгарына дейін төр майлау тойын түгел өткізген
соң салынған кеңсе – кеңседен гөрі есіктерінің ересен зорлығын ескерсе, гаражға
көбірек ұқсас еді. Ол алаңда кеңседен бұрын да бір құрылыс бар-ды. Ол: биіктігі
кісі бойы қол созым тақтай – құрмет тақтасы, алғашында жұрттың сиыры сүйкеніп
құлата бергесін, директордың бұйрығымен айналасын қоршап тастады. «Құрмет
тақтасына» қағылған суреттер Идаят келгенде сарғайып үлгірген-ді. Совхоз
басшылығының дастарқан басында ашылған көп мәжілістердің бірінде: «әр кім өз
үйінің алдына, ауласында ағаш отырғызсын!» деп қаулы алынды. Соның ертеңіне-
ақ әр үйдің айналасынан бастарына сиырдың жас тезегін жағып, шүберек
байланған тал, терек, қарағай бұталары сидиысқан, көктемде бәрін ешкі жеп қойды.
Идаят келгенде кемпірлердің жүн сабайтын сабаулары сықылды, аршын-аршын
таяқтар ғана тұр еді. Қылжақбас ауыл жігіттерінің аузында күні бүгінге дейін
жүрген: «арақтан аяған ақшаң құрысын, ақ ешкіден аяған бақшаң құрысын!» деген
мақал сонда шыққан. Мұны шығарған Ғұмарға кезінде екі шөлмек арақ сыйлық
берілді. Со күні-ақ осы сөз бүкіл «Махамбетке» жайылды. Бір ғажабы: оны өздері
мақал демейді, өлең атайды.
Ел-ағаң бас боп, бүкіл ауыл зиялылары түгел ұнатпайтын атақты жебір – Ақ
ешкі Қадырғалидың енесінікі, жұрттың айтуынша, тас пен темірден басқаның бәрін
жейді. Бірақ Ақ ешкі ондай талғамсыз емес. Рас, шөп тектіден ештеңе тастамайды,
ал шүберектен таңдайтыны тек қана жібек. Ақ ешкінің екі мүйізі желкесіне қарай
қайқая, бұралып біткен, ежірейген екі көзінің жиектері ылғи да қызарып жүреді. Ақ
ешкі аты көктемде қойылса керек, өйткені, күзде қылы оттан қалған қағаздай сап-
сары, жағал-жағал боп кетеді. Яки, көктемдегі пәк түсін – күзде күнә, сары лай
басады. Басын тым шалқақ, тәкаппар ұстайды, төмен сирек салады. Сақалы
шамадан тыс ұзын, жерге еңкейсе ұшы аша тұяғының арасында қалады. Жаюлы кір
мен жас ағаштың жапырағын екі артқы аяғымен тұрып та жей береді, жерге
үңілудің керегі жоқ. Жұрт оның жебірлігін содан – сақалының ұзындығынан
көреді. Өз сақалына өзі сүрінген... қай бір жақсылық дейсіз!
Қос бүйірі дәйім орта, қос жұдырық сиғандай шұңқырайып жүреді. Қарыны
жер сызып, бүйірі аш тартқан сайын омыртқа, қабырғалары терісін жыртып
шығатын тәрізді, әсіресе, қырықтықтан соң үсті-басы ырсалаң қағады. Арыған
сайын тәбеті күшті, мұрыны иттен де иісшіл, аулада жайылған кірді шақырымнан
сезеді, сүйтеді де бүйірі бүлкілдеп желе жөнеледі. Тұғыр аттарша, қазыққа соқпай
кетпейтін әдеті тағы бар. Сүйкеніп біраз тұрады. Бұл оның алдын ала жасалған
барлау, бақылауы іспетті. Сонсоң... қысқасы, ол мүйізін қай үйдің қазығына үйкесе
– сол үйдің бір нәрсесі жем болды дей бер! Қорқып, қорғап, әуре болмай-ақ қой, Ақ
ешкі бәрбір, қапыңды табады!
Ақ ешкіні әлдеқашаннан-ақ сойып тастауға болатын еді, арықтығы кесел етті,
оның үстіне малсақ кемпір қимайды. Өйткені, жыл сайын үшем туады. Жыл сайын
қораға сылдыр-сылдыр маңыратып, үш бірдей лақ қосып отырған ешкі – жебір де
болса керек қой.
Идаят келіп кеткенде сол Ақ ешкіден өңгенің бәрі тоғайған, күйлі кез-тін.
Ауылдың ешкісіне дейін жібек жейтін болғанда әйелдеріне не сын, бірінен бірі
көріп, бірінен бірі естіп, дүниеде жібектен тігілмейтін киім болмайтынын түсініп
үлгергендері сол-ды, газ, капрон деген мода тарады. Бет-ажары бар келіншектер
күйеулеріне онсыз да әбден еркелеп алған-ды. Гурьев, Астрахань, Орал. Осы үш
бұрышты «жібек жолына» айналдырып жіберген еді. Бірінен – газ, бірінен –
панбарқыт, бірінен – капрон. Орамал, шұлық, көйлек, іш көйлек, атын жазуға
болмайтын тағы бірдеңелер – қос-қосымен әйелдердің қолдарына тиіп жатты.
Жібегі осыншама мол елге бір ешкіні асырау шын-ақ қиын ба? Амал не, пенде деген
– пенде, дүние қимайды.
Ғұмар ана жолы Идаятқа мақтана қалжыңдаған:
– Шүкір, жа