есептейді. Өзі шақырмаған үйге кірмейді,
сирек шақырады.
Жуу да «Махамбетке» келген шұғыл жаңалықтардың бірі-тін. Кәзіргі Ғинақаң
үйіндегі отырыс сол жуу. Мана, жұмыстың соңына ала Ғинаят Қадырғалиға қатты
шүйліккен, әшейінде момын кісі кейігенде тілді еді, бүктеп, жапырып бара жатты.
Ғинақаңның жайын жақсы білетін Қадырғали реніштен ештеңе өндіре алмасын
сезгесін дереу айла-амалға көшкен:
– Жарайды, Ғинақа, оны қойшы, жұмыс бабы ғой. Бүгін таңертең радиодан
естідім: әлгі астанадағы жаман ініңіз кампазитор болыпты. Канцерт берді. Одан да
соны... былай жумайсыз ба?– деп тамағын кенеп, кеңірдегін шертіп-шертіп қойды.
Ғинақаң радионы Идаяттың аты шыға бастағалы ғана тыңдайтын, бүгін таңертең
«құлағын бірер бұрап көрмегеніне» қатты өкінді де үйіне асықты.
– Ғинақаңның ниетінің өзінен-ақ кісі тойып болатын сықылды, қонақ күтуді осы
кісіден үйрену керек қой!
– Іш төрем! Же, төрем!
– Немене өзің – директор Қадырғалиға қарата қабағын шытып, тыжырына сөз
тастайды,– стакан түбінде құның қалғандай сонша үңіліп, өліп барамысың! –
Қашанғысынша Қадырғалиға өкпелі. Ылғи соны қағып, соны түртеді. Өңге ел
өңештеп жұтса – елемейді. Мұнысының орынсыз екенін ішінің арғы қатпары әдемі
сезеді. Сезген сайын баса, бағынта түседі. Отырыс сайын қажалуға Қадырғали да,
қалған жұрт та үйреніп алған, ешқайсысы мыңқ етпейді. Әсіресе Қадырғали. Ел-
ақаңның сөзі бата бастаса-ақ қалтасынан қарта суырып, жая қояды. Мына жолы да
рабочком сол, ескі әдетіне басты.
Еділхан басқа көп бастықтар сықылды, жағымпаздарды жек көреді. Қолпашты
құлқы сүймейді. Өтірікке өңменімен өш, көз бояушыларды көмекейінен таниды.
Қарауындағы адамдардың адалдығын, бетке айтатын тілмелігін, көкесінің
кемшілігін көре білетін көрегендігін бағалайтыны туралы бір жұма сөйлеуге бар.
Әттең, мұның бәрі сөз жүзінде ғана. Өткен жылғы бір жиналыста... жарайды, Ел-
ағаңның директорлық беделін сақтай сөйлеген жөн! Сөйтсе де бір ферманың
зоотехнигіне обал жасады. Сонда ол «Н. жолдастың сынының орынды, әділдігі»
жайлы тура жарты сағат баяндаған. Артынша, ай өтпей жатып, Н. жолдасты
Қалқаманның қарауына, қой бағысуға қосты. Не үшін бұлай болғанын ешкім
түсінген жоқ. Осы уақиға жұрт аузында әлденеше саққа жүгірді. Аңқаулардың түк
ұқпай таласатын ежелгі ауруы, олар зоотехниктің қой баққанын қалайда, өздерінше
дәлелдеуге тырысады. Әйтеуір сөз, әңгіме үдей береді. Әркім әртүрлі сәуегейлік
айтады. Ешқайсысы техникум бітірген зоотехниктің қалайша, неліктен қойшы
болғанын ұғынбайды, ұғындыра алмайды.
– Иә-әә, қойдың бағы жүріп тұр! – Бұ сықылды әңгіменің ішінде, әдетте,
елдің соңын бағып, өз пікірін соңына сақтап отыратын ақыл-дәме бір қарт, сөз жоқ,
болады. Ол әуелі басын шайқайды, сонсоң аса құпия мағына көрсетіп, астарлай
жымияды, біраз мүлгіп алған соң тіл қатады:
– Ее-ее, біз пәнде не білеміз, нені білеміз біз! Бүгінде неге дерің бар ма, е-
ее, бір шыны құйшы шырақ. Сосын болдым, қандым.
Өстіп, қойға барған зоотехниктің хикаясы ұмытылып та үлгірген. Бұның бәрі
қарттардың айтуынша, «қойдың бағы» саналады. Сондай бақыт дару қаупінен,
әсіресе соңғы әзірде, Қадырғали да құр емес-ті...
Бабасының ақ таяғын күтпеген жерден қалай ұстап қалғанын дұрыс танып,
таңырқамаған, жағдайын шошымай, туламай түсінген зоотехниктің өзі. Тек... екі
жылдан соң.
Еділхан асықпай, сатылап өсті: звено бастық, пішенге бригат. Есепші. Жылқы,
сиыр, қой, түйе. Осы төрт түлік мал фермасынан меңгермегені жоқ. Бекеңнің
тұсында алты ай кіші басқарма болды. Оралда екі жылдай оқығаны бар.
«Басқармалық оқу». «Махамбет» совхоз боп жаңа құрылғанда ол ферма
меңгерушісі болатын. Есімі баяғы – Еділхан, Еділжан-ды. Аупарткомның
бюросына да сол ферма бастығы Еділхан күйінде кірген. Екі сағаттан соң (Теңіз –
теңіз болғалы ең тез біткен жиналыс) «Махамбет» атты іріленген совхоздың
директоры Ел-ағаң боп шыға келді. Ауданға атпен келген, машина мініп қайтты.
Содан әлі мініп жүр.
Ауылда Еділханды жақсы көретін адам көп-ті. Жетім. Қолда өскен бала.
Әсіресе шал-кемпірлер жағы қатты ұнатады. Қашан көрсең сәлемі түзу, жүзі жылы.
Оны жөнді танымайтындардың өзі директор болғанын естігенде «е-ее, болсын
бақыр, болсын! Жыртық үйдің Құдайы бар» деп қалбақтасқан-ды. Құттықтап
қолын қысқан, тіпті қуанғандарынан көздеріне жас алған ағайын өз алдына.
Қысқасы, Еділхан, өзінің Еділханы бірінші басшы боп оралғанда ауыл түгел
қуанған. Дүниедегі ең бақытты адам – досы көп адам.
Неге екені белгісіз, жеңіл машинаға алғаш отыра бергенде, Еділханның ойына
ауылдағы сансыз көп тілекші, достары емес, азу батырған азғантай қастары
оралды...
– Ғинақа, келінді де алғансыз ба, құтты болсын!
– Айтсын, төрем, айтсын!
– Тойыңыздың үлкені алда!
– Радио о баланың үйленгенін айтқан жоқ.
Әйел атаулыда өз күйеуіне дән ырза, оның бойынан мін таппайтыны кемде-кем
шығар. Мына отырғандардың да әрқайсы, кем дегенде, өз күйеуінің сыншысы
болатын. Біреудің теріс қылығына тыжырысқанда, әдетте олардың көз алдарында
өз жұбайлары, солардың мін,