тексермей, індете зерттемей жазылған. Мәселен шоқалды не үшін
санатты? Өтіріктің түбіне жету мақсатымен болса керек, демек, оның ешқандай айыбы
жоқ. Басқарма бәрін білгісі, түсінгісі келді. Соған да хақы жоқ па? Сол да қылмыс па?
Егер Тем-ақаң ондай-ондайды көрмеген, сезбеген боп жүре берсе қайтер еді?
Онда, әрине, елге күлкі болмайды, өтірікшілерге мұндай мінез, әсіресе, жағады.
Өйткені, оларға анау-мынауға мән бермейтін, сенгіш, секемсіз кісі керек. Онда олар
Темірәлінің бұзауын беріп жеген жарты сиырын әңгіме етпейді. Сөйтіп, бірінің-бірі
«жабулы қазанын жабуымен» тастап, біріне-бірі өтірік сеніп, өтірік иланып жүре
берсе... «халық та орнында, хан да тағында». Ондай басқарманы, қайта, мақтайды:
«Пәленшекең ер ғой, ондай ұсақ-түйекті қайтсын, бойына лайық көрмейді!»
Тындырған ісіңнің 65 проценті өтірік болса... оның несі тындырған? Жалпы
шаруашылық үшін ұсақ-түйек деген ұғым болмасқа тиіс! Сатым көз алдына басқа бір
Темірәліні әкелді: Ол ешуақытта шоқал санатпайды, бір сиырдың жарты еті тұрмақ,
бір ферманың жартысын жесе де ешкім үндемейді. Ауданға да, ауылға да жағымды.
Басы аман, малы түгел. Биылғы қыс сықылды қыста оның малы өлмейді дейсіз бе?
Өлгенде топырлап қалды. Бірақ ол... біледі. Шығынның жартысын жасырып қалды.
Орынын төлмен жапты. Есесіне ол колхоздың қойы егіз тумайды. Егізің қайда, ол
неге аз? Бүйтіп ешкім кінә таға алмайды. Бәрі күлкі болудан қорқады... Сонда, осы екі
Темірәлінің қайсысы шаруашылыққа пайдалы? Қайсысы іске көбірек пайда келтіреді?
Сатымның ойынша алдыңғысы, өзінің Тәмірәлісі дұрыс секілді. Себебі? Себебі сол.
Басқарма болғасын адал болу керек. Ең алдымен адалдық, қалғаны содан кейін. Ал,
сол адалдығы үшін біреу жапа шегіп жатса... «газеттікі шын», демек, дұрыс деп,
Мәсәлім құсап, қымызды ішіп отыра беру керек пе? Отырмағанда не істейді?
Сақалымен «Социалистік жол» газеті басқарманың, басқасынан бұрын, шоқал
санатқанын қолақпандай мәселе қып, бүкіл аудан көлеміне жайып отыр! Тап осыны
айып етіп тағатын орыны жоқ еді. Азар болса, қарқылдап тұрып бір күліп, қоя салуға
болатын жәйт. Қысқасы, Темірәліні құрту үшін газет келтірген көп фактіңің біреуі де
жетеді екен, мысалы, әскер семьясы М. жолдасты сабағаны... онысы енді дұрыс емес.
Тем-ақаң неге өйтті? О жағын ешкім білмейді, білгісі де келмейді. Жігіттік шығар дейін
десе... бір түрлі қисынсыз. Ондайға қамшыдан басқа құрал керек... Осының бәрін
бажайлап, бақайшағына шейін шағып сөйлеуге Сатым мына жұртты түсіндіре
алмаспын деп қорықты, өйткені, ол өзін әжептәуір ақылды адам есептейтін. Ал, өзін
ақылды санайтын адам өзгенің ойлау қабілетіне сене бермейді ғой. Сондықтан
жайбарақат қымызын сораптап, бұл не айтар екен деп манадан күтіп қалған жұртқа
жағалай бір-бір қарады да жауап қатқан жоқ. Газетке, Темірәліге, Сағынайға тіпті,
осы отырғандардың да біразына іштей өкпелеп әрі кешіріп, кешірген сайын, үмітсіз,
түңіле ой жіберді... Мәсәлім:
– һүүфффі– деді. Бір аяқ қымызды, шетінен екі-үш жұтып алдына қойды.
– һүүфф!–деді Сисенбай.
– Ащы екен!– деді бір әйел. Бір әйел:
– Удай!– деді.
– Қайткенмен ел азаматы ғой,– Сатым енді осылай бастады,– қайткенмен Тем-ақаң
жақсы адам, жаман да бастық емес. Адалдығынан басқа жазығы не? Оның століне
басқа кісі ие болса да, тап содан дүние алға баса қоймас... Сатым тағы да іркіліп
қалды. Отырғандар бір-біріне қарасты. Сақал... Сатымның сөз таппай іркілмегенін
бәрі түсінді. «Оның орнына» демей, оның століне дегенін жатырқай таңдана
қабылдады. Бір түрлі жаңа тіркес, жаңа ұғым, образды сөз құсап ойнап, түлеп естілді.
Басшы адамның столге отыратынын, оның орнының сол екенін ұғынса да, Темірәлі
деген сөз бен стол деген сөздің қай жерден, қалай байланысатынын біле алмай, әрі
ылғи екі айылын салақтатып ат үстінде жүретін басқарманың столге қайтып
отыратынын көз алдарына келтіре алмай дал болды.
– Е-е, саған жақсылық жасаған ғой, сосын айтасың.– Осы сөздермен Мәсәлім
Сақал-Сатымның бетіне сынай, сықсия қадалды.
– Маған не жақсылық жасасын ол!
– Әйтпесс жақсы адам екенін қайдан білдің!
– Жақсылық жасамаған адам,– жақсы адам емес пе?
– Ер ісімен ғана танылса керек!
– Тем-ақаң не жаманшылық етті?!
– Жаман іс етпегеннің бәрі жақсы кісі ме?
Сатым бұ жолы шынымен тосылды. Айналасындағыларға тағы бір-бір қарап өтті:
бәрі қымыздарын сораптап, бұл екеуінің аузына кезек-кезек үңіліп, үнсіз отыр.
Сөйлемесе де ойлап отырған ешқайсысы байқалмайды. Көздері бар, құлақтары жоқ,
ауыздары бар, тілдері жоқ секілді. Түсінбесе де тыңдап отырған жалғыз Сисенбай.
Оның изеуге, шұлғуға ғана жаратылған жаңқа-басы тынымсыз қалтаңдайды. Сатым
сөйлесін, Мәсәлім сөйлесін – бәрібір, қоштай береді, шұлғи береді. Сатым түңіліп
кетті. Алдындағы сыры әр жерінде бір жылтырап көрінген ағаш аяқты қолына алып,
түбіне көз салды: бірер ұрттамдай ғана қымыз қалыпты. Оны жұтып жіберсе бұ
дастарқанда бұдан әрі отырудың сәні де, мәні де жоқ екенін іші сезеді. Аяқты оң
қолының үш саусағының басына қойып, олай-пұлай айналдырып көрді: а