Даусы неткен зор еді мына шыбынның!
Әжекең қайдан айттым күйге түсті. Адам көңілденіп отырғанда анау-мынау құпиясын
ақтара салады ғой. Темірәлі де сөйтер, жасырмас дегенді. Олай болмады.
Айтпайтынын білгенде... қарт қысылғаннан терлеп кетті. Қалтасынан етектей
орамалын алып, ірге жағына сілкіп-сілкіп жіберді де, маңдайын, көзін сүртті.
Орамалдың бір ұшын шиыршықтап алып оң жақ танауына сүңгітіп кеп жіберді.
Қайтадан суырып алды. Нақ осы кезде... Әй, айналайын Идаят тәмпіш мұрынының
үсті жыбыр-жыбыр етіп сәл отырды да:
– Әтпішу, әтпішу, әтпішу!– деді. Отырғандар ду күлді.
Бәрінің иығын басқан зіл-батпан жүк «әтпішу-әтпішу, әтпішу» деп жан-жаққа
ұшып-ұшып түскендей болды. Әңгімені тағы да Сағынай бастады:
– Әнеугі тілші бала қызық бала екен. Сөздері де бір түрлі. Сіздің үйге қонып
шыққан күні,– деп Темірәліге қарады,– маған келіп: Қалай, ақсақал, халық игілігі
үшін, сиырларыңызды бұзаулатып жатырсыз ба?– дейді. Мен: «Иә, шырағым,
бұзаулап жатыр ғой» деймін. Ол: «өнімге әр сиырдан қаншадан сүт бересіз?» деп
сұрайды. Мен: «қайдан білейін, шырағым, оны сиырлар білмесе»... деймін. Ол:
«Ақсақал, қыңыраймайық, қыңыраймайық»,– деді. Мен: «Иә, шырағым,
қыңыраймайық» деймін. Бір уақытта қалтасынан қалыңдығы жуан елі дәптерін
суырып алды. Зәрем ұшып кетті. Бірдеңе жазар ма екен деп едім, жоқ, жазбады, маған
қарап: «һім, һім» деді. Сонсоң саусағының сыртымен дәптерін тырс-тырс еткізіп, бір-
екі рет шертті де, қайтадан қалтасына салып қойды. Көп қиқаңдама, әйтпесе, сорың
қайнайды дегені болар.
– Ондай қызық біздің үйде де болды,– деді Темірәлі,– сол күні таңертеңгі шайға
қатын бауырсақ пісіріпті. Тілші: «халықта нан жоқ дейсіз, өзіңіздің жеп отырғаныңыз
мынау» деп, бауырсақты көрсетті. «Е, жарайды онда, мұны сол халыққа бөліп
берейік» деп бауырсақ салынған табақшаны былай алып қойдым. Ұн қоңыр ұн еді,
қатын шикілеу пісіргендіктен бауырсақ ақ-боз болып шығыпты.
– Ха-ха-ха,– деді Тәмірәлі.– Сағынай:
– һі-һі-һ,– деді.
– Сіздің үйдің ақ наны жәйлі әңгіме көп!
Әжімгерей қыстырылды:
– Е, әйел көбейген заман ғой, өсек қайдан азайсын! – Әйелдің өсегін қойшы,– деді
Сатым,– осындай ұсақ-түйек әңгімені азамат айтса, сол ғой қиыны...
– Иә, әйтеуір ұсақтап барамыз ғой.
– Солай, сола-ай-ай.
Өздерінің де сондай ұсақ-түйек, өсек-аяңды талғажау ғып уақыт өткізіп
отырғандарын ешқайсысы ойлаған жоқ. Бірақ, әйтеуір әлдекімдердің «ұсақтап бара
жатқанын» бәрі бір ауыздан мойындап, шайға отырды.
– Содан,– деді Тәмірәлі сөзін жалғап,– бауырсақтан басқа тіске басар іштеңе жоқ-
ты. Екеуміз құрғақ шайды тартып отырмыз. Байқаймын,– жігітімнің жағдайы онша
емес сияқты. Бауырсаққа бір, маған бір қарап қояды. Аяп кеттім. «Жарайды, жолдас,
бір табақ бауырсақ халыққа үнем болып жарытпас, екеуміз жей салайық» деп,
табақшаны алдына ысырдым.
– Ат қай тауға шабатын болды?–деп сұрады Сатым.
– Бұрынғы шауып жүрген тау бар ғой.
– Неше айналыс?
– Оны ертең камиссия шешеді.
– Әжеке, сізді келмей қалады екен деп қорқып ем. Келгеніңіз жақсы болды.
– Әй, шырағым-ай, келмей қалатын хал бар ма менде! Шақырмасан, да келем ғой.
Мына қарғадай жалғыздан қалып не бітірем. Бұдан басқа кімім бар менің!
– Амал не, солай болды ғой енді. Жасым елуден асып қалды. Ең болмаса, майданға
алғызып, қайғысына алданатын да бала болмады менде. Жасы ұлғайған адамға не
болса сол азық болады-ау деймін. Мен неме алданам, нені азық етем,– деп күрсінді
Сақал-Сатым.
Даладағы қараңғылық қоюланған сайын үйдегі аспалы ондық шамның жарығы
молая түсті. Манағы күңгірт, көмескі көлеңке қарайып, айқындалып көрінді. Шам қақ
ортада, әрі төменірек ілінген-ді. Дөңгелене отырған жұрттың жалпылдаған ауыз,
шошаңдаған сақал бейнелері уықтың қарына түсіп, ебедейсіз ерсі ербеңдейді. Айнала
қараң-қараң, қалт-құлт еткен бейнелер, шамды айнала ұшқан көбелек, шыбын, шіркей
де зорайып, бір түрлі қорқынышты болып елестейді. Көбелектер шам астына әдейі
қойылған бір аяқ суға ауық-ауық жалп-жалп құлап түседі... Үйдегілер ұсақ-түйек
әңгімелерін айта отырып ас жеді. Астан кейін тағы шай ішті. Ақыры, әңгіме бітіп,
жатуға ұйғарысты. Сақал-Сатым далаға, жирен айғырдан арқан бойы жерге төсек
салдырды. Маңай тым-тырыс. Үп еткен жел жоқ. Бір жақта түйе бақырады, екінші бір
жақта ит үреді. Екеуі де тым алыстан, екінші бір дүниеден шыққан дауыстар сияқты,
өліп, тұншығып естіледі. Әлем тарылып, көкжиек жақындап кеткен сықылды: бір-екі
батыл адым аттасаң маңдайың тиердей. Аспан да аласарып, төне түсіпті. Ірі
жұлдыздар суық, жасыл сәуле шашады, сиқырлана құбылады.
Ертеңіне Идаяттан басқасы ерте оянды. Әжімгерей мен Темірәлінің әрлі-берлі
теңселіп, жүріп әңгімелескендеріне біраз уақыт болған. Күн көк жиектен тұсау бойы
биікте тұр. Айнала көкпеңбек. Батыс жақтағы біріне-бірі жалғаса, іркес-тіркес біткен
кішкене шағылтақтарды айнала мінбелей ескен қалың шөп қысып, торлап тастапты.
Қошалақ таулары аталатын кішкене қоңыр-көк төбелер бірінің қолтығына бірі кіріп
бұйығып жатыр. Анау, ең шығыс шеттегі Алтай, одан былайғы Бәйге тау, Қазанғап,