басыңыз ауырады деп естіп ем, тәуір ме? Шаруашылықтан кеш оралып, әрі
мазаламайын деп келмедім.– Басқарма жадырап қалды:
– Тәуір, тәуірмін. Екі-үш түн ұйықтамап едім... Ақжонас жақтағы қойшыларды
түгел жайлауға көшірдік. Солардың жүктерін артысамыз деп...
– Әй, Тем-ақа-ай, өзіңіз де қызықсыз,– Сағынай жымиып күліп қойды, сақалды
басыңызбен қойшылардың жүгін артысып жүргеніңіз... қалай болар екен?
Әжімгерей таң қалып отыр. Өткенде, Мәруәні сабады деп әкіт жасап, жұрттың
қолын қойдырып жүрген Сағынай ма мынау? Қой, мынадай адам оны істемес, әй,
Сисенбай қарт екі дүниеде де оңбайды-ау. Бәсе, бірге жүрген жолдасын қағаздатып не
жын соғыпты мұны? Ендігәрі кісінің сөзіне сенбеспін,– деп түйді ішінен.
...Дүниеде шындық, өтірік аталатын екеудің бар екенін Әжімгерей бір кісідей-ақ
білетін. Бірақ, сол екеуін айырып ажыратуда, ол да бір кісідей қателесетін-ді. Осы
Темірәліні Әжекең алғаш көргенде жынды, аузында сөзі жоқ, қолында шоқпары бар
ұрда-жықтардың бірі есептеген. Аман-сауы, түр-тұлғасы, жүрісі тіпті, айыл тартысына
шейін ұнамаған. Кепкісін де, таз кісідей, әдейі милықатып киетін сықылды көрінді.
Қателескенін келе-келе, бірте-бірте түсінген-ді. «Мынау да сондай бір жаңсақтық
болды» деп ойлады да, Сағынайдың бетіне үңілді. Жып-жылы жүзін одан сайын
жылытып тұратын миығындағы болар-болмас күлкіні көріп, кәдімгідей іш тартып
қалды. Көз жанары да сүйкімді екен: ағы ақ, қарасы қара, жайнап тұр. Темірәліге
қарап әңгімені ағытады кеп:
– Сонымен, сол саңырау қатынмен сөйлесем деп үш күн бойы тамағымнан жұтына
алмай жүрдім. Оның түгі кеткен жоқ, менің көзімше бір аяқ айранды қағып алды да,
аузын алақанымен сипай сап жүре берді... Темірәлі қарқ-қарқ күлді:
– Саған айран бермеді ме?
– Жоқ, бермеді. Қарным ашып келіп еді.– Темірәлі одан сайын қарқылдады.
Үйдегілер екеуінің аузына алма-кезек қарайды. Екеуі де қашаннан кәнігі, сырмінез
адамдарға тән ашық, адал кейіпте. Бірін-бірі түсінісе, сенісе сыр шертіседі. Бірі-біріне
мұңын шағады:
– Бір кісідей-ақ қайратым бар еді. Сағынжан, биылғы қыс қажытып кетті,– дейді
Темірәлі мұңайып,– ашуланшақ болдым, ештеңені көтере алмаймын, ылғи мінді,
кемшілікті көретін қарай, күдікшіл болып барам. Колхозшыларға батырып бірдеңе
айтайын десең... сөз көтерер қауқарлары жоқ. Шал-шапыр, қатын-бала... аяғанда
қолыңнан не келеді. Бәрібір жұмыс талап етесің. Жұрт қайғылы, шетінен қам көңіл.
Көңілге қарайтын уақыт па қазір! Ауданнан келгендерге «ассалаумағалайкүм» десең,
«жұмыс қалай?» деп сұрайды. Елдің көңілі мен күйін ішкім керек қылмайды...
– Солай ғой, Тем-ақа, қайтесің енді, басқа түссе баспақшыл деген. Баяғы әмеңгерлік
заманда бір келіншек жесір қалыпты. Өзі жуан атаның қызы болса керек, ел
ақсақалдары келіп: жесірді қайнысына атастыруға ұйғарыпты. Келіншек отыздың
үстіне шығып кеткен де, жігіт он жеті жасар бозбала екен. Қаде-сәдесін жасап, қосқан
түні бала әйелді кәрісініп, қасына жоламай қояды. Әйел әрі күтіп, бері күтіп, болмаған
соң қайнысын шақырып алып: «амалың жоқ, кішкенем, осы қатын бұйырды» депті.
Сол айтқандай амалың жоқ, Тем-ақа, осы колхозды басқарасың...
– Ойбай-ау, біз өз ара сөйлесіп кетіп, сіздерді шет қалдырып алдық-ау деймін,
кешіріңіздер,– деді Сағынай, Әжімгерей мен Сатымға кезек қарап,– жұмыстас
кісілердің осындайы болады енді.
Әжімгерей: «жөн білетін, әдепті жан екен» деп, іштей тағы бір сүйсініп қалды.
Сағынайды, атын естіп, түсін танығаны болмаса, көп білмейтін. Ол негізі, бұ жердің
кісісі емес-ті. Соғыс басталатын жылы Астрахань жағына көшіп келген. Кейін сұраса
келе Қанипаның жамағайыны болып шығыпты. Қарт осы сықылды азаматпен таныс
болғанына қуанды:
– Оқасы жоқ, шырағым, айта беріңдер, әңгімелерің бізге де ұнап отыр.– Темірәлі
де, үйдегі басқа қонақтар есіне жаңа түскендей:
– Иә, біз сіздерді жалықтырып алдық. Биыл халіміз өте қиын болды. Мал көп өлді.
Пішен жетіспеді. Аудан сыбағамызды берер әлі,–деді. Сағынай:
– Әсіресе, қойдан шығын мол болды ғой. Ақпарды біраз кемітіп бергенде болатын
еді. Мен жоқта бергізіп жіберіпсіз. Төлдеуі жақсы. Шығынды егіздермен... Асығыссыз,
Тем- ақа,–деп, басқармаға кінәлай қарады.
– Жоқ, Сағынай олай болмайды, мен коммуниспін. Партиядан жасыратын сырым
жоқ. Пішенді шоқалдың үстіне үйіп бір алдадық қой, сол жетер. Енді мен алдай
алмаймын.
Болмайды ол, болмайды!
– Шырағым, Темірәлі,– деді Әжімгерей,– шаруаларыңды өздерің білесіңдер ғой.
Біз жай, өз күнін өзі көріп отырған ел қартымыз. Менің бір сауалым бар: сен ана
жолы Мәруә келінге қамшы жұмсапсың. Соныңның жөнін айтшы, не үшін ұрдың?
Темірәлінің жадыраңқы қабағы жабылып, салқындап кетті. Отырғандардың бәрі
соның аузына қарап қалды.
– Әжеке, мені оған қинамаңыз, бәрібір айтпаймын... Сағынай:
– Жас, сұлу келіншек...– деп күлімсіреді.– Тем-ақаң қайырып тастады:
– Қой оны!
– Үйдің ішіне үнсіздік орнады. Жұрт бір-біріне ұрлана көз тастайды. Осыған кінәлі
кім, мен емеспін бе осы дегендей, әркім өз-өзінен қуыстанып отыр. Төбеде, шаңырақ
жақта шыбынның ызыңдағаны естіледі.