Ақша емес, от ұстағандай, жұлып алып, қалтасына сұғып кеп жіберді. Уһ! Қарттың екі
шекесінен тер шып-шып етті. Рақат болды! «Енді кемпірі де ұрыспайды», «Сағынай да
өкпелемейді». Манадан бері қиналып таба алмай отырған амалының аяқ астынан
табылғанына қатты қуанды. Әй, айналайын, ақыл-ай, кім ойлап шығарды екен сені!
Кім шығарса ол шығарсын, ақыл деген алапат зат.
Орекең өзіне-өзі дәп мұндай риза боп көрмеген. Өзінің ақылына, тапқырлығына
сүйсінгені сондай, тіпті, ірге жағына шырт еткізіп түкіргісі келді. Амал не, айналаның
бәрі төсеніш болғандықтан, жұдырығымен аузын басып, бір-екі жөтелумен
қанағаттанды. Әрі ақылды, әрі қадірлі екеніне, осы үйге келіп көз жеткізген Оразғали
кетуге ыңғайланды. Үй иелері де бұдан әрі бөгейтін бейіл байқатқан жоқ. Әйел ғана:
– Отыра тұрмадыңыз ба, қайнаға,– деген болды. Мұнысы әлгіндегідей емес, пәс,
бәсең естілді. Сөйтті де есікке қарады. Одан, шығатын жерің анау ғой дегендей боп,
Орекеңе көз тастады. Орекең оның ешқайсысын елемеді. Тек ұша түрегеліп,
қалбалақтап қоштаса бастады. Сағынай, қия алмай отырған кісі құсап:
– Ойпырай, үстесіз енді, асығасыз... Қанішкенге қашан жүресіз? – деді.
– Ертең, қарағым, ертең жүрем.
– Хаттарды кімдерге тапсыруды білесіз ғой?
– Білем, қарағым, айттың ғой өзің.
– Жолыңыз болсын, Ореке!
– Айтқаның келсін, қарағым.– Оразғали қауқалақтап, есік алдына шешкен етігін
тез-тез киді. Сонсоң артына бұрылып: «Қош, қарақтарым» – деді де, шыға жөнелді.
Мәз болып, бір жасап кетті. Сағынай әйеліне қарап жымиып қойды. Әйелі де
қарыздар боп қалмады: күйеуіне қарап ол да жымиды. Сонсоң тұрып барып есікті
жапты. Жалпы, бұл үйдің есігі жабық үй болатын. Сөйлесе, есікті жауып қойып
сөйлейтін. Күлсе еріндерін жауып қойып күлетін. Әйелді кім білсін, әйтеуір,
Сағынайдың қарқылдап күлгенін ешкім байқаған емес. Ғұмыры аузын ашпайды. Сөзі
де тісінің арасынан сыздықтап, қысылып әрең шығады. Көмейінде көмбесі бар кісідей
ылғи күлкілдеп, сақ отырады, аңдап сөйлейді. Дауыс шығарып сөйлемейді. Көмей
көрсетіп күлмейді. Әрине қарқылдап тұрып бір күлсе, тісі қанша жиі болғанмен,
көмекейі көрінер еді. Оған Сағынай бармайды. Сырт көзге сыпайы, жайсаң жан.
Әкім азамат қарқылдап-тарқылдап күліп жатса... халықтан ұят қой. Сондықтан оның
сөзі – сыбыр, күлкісі – жымиюдан аспайды. Барлық ақылды кісі сияқты, Сағынай да
ой-пиғылын сақтай біледі. Ішімдегі ғаламатты ешкім білмейді деп ойлайды. Онысы,
көп жағдайда, рас та. Шынында, кімнің ішінде кімнің не шаруасы бар! Әркім өз ішіне
ие болса болды емес пе? Әйелі де өзіне лайық, сұңқылдап отырып, су
татырмайтынның өзі. Бірақ ол да ерінің арғы, түпкі сырларын біле бермейтін-ді.
Әйтеуір, күйеуінің аузын ашса, түбі көрінетін жайдақ кісі емес екенін іштей сезеді.
Мана почташы қартқа Сағынайдың сонша неге жалбақтағанын, әйел, әрине, ұғынып
жарыған жоқ-ты. Сөйтсе де, мұның бәрі тегін бейіл емес екенін түйіп, өзі де ілтипат
көрсетуге тырысты. Оразғали әкеткен үш конверттің құпиясын да толық ұқпады.
Сағынайдың қалтасынан ақшаны тектен-тек суырмайтыны өзіне аян. Демек, өте
маңызды бір іске жұмсап отыр. Не іс екенін білгісі-ақ келеді. Әттең, білер ме еді! Әт-
те-ең, Сағынай, айтса ғой! Жоқ, ол тіріде айтар ма? Тапқан екенсің, қатынға шынын
айтатын ақымақты! Әйел күйеуінің бетіне жалтақ-жұлтақ қарай берді. Бірдеңе
сұрағысы кеп отырғанын Сағынай біле қойды да:
– Атты жіберіп келші, суыған шығар,– деп әдейі жұмсап жіберді. Ол келгенше өзі
төсегіне жатып, ұйықтап та үлгерді.
Адам қулығын қанша жасырғанмен, қанша бүркегенмен ешқашан «Жабулы қазан
жабуымен» қалмайды ғой. Өмірде әр түрлі қулық-сұмдықтар болады. Сұмдық
жасаған адамдардың бірде-бірі өзін олақпын, айласызбын деп ойламайды. Бұл істі
өзімнен бөтен ішкім білмейді деп жасайды. Біреу түннің қараңғылығына сенсе, біреу
адамның надандығына сенеді. Қай-қайсысы да сездірмеймін, білдірмеймін дейді. Бірақ
дүниеде жазадан құтылған жауыз, ашылмай қалған қылмыс аса сирек болса керек.
Президенттер мен халық данышпандарын өлтірушілердің қылмысындай үлкен
болмаса да, осы «Жаңа өмір» колхозы үшін ұлы бір қылмыс істелді: Не қылмыс дейсіз
ғой? Оның сізге бәрібір. Кейінірек белгілі болады. Сағынай менің ісімді кім біледі деп
ұйықтап жатыр. Қазір ешкімнің білмейтіні рас. Алай да әркімнің қолымен істеген ісі
түгел, көкірегіндегі ой-пиғылына шейін тәптіштеп, сезіп түйіп жүретін біреу бар-ды.
Ол көзге елеусіз, жамандық та, жақсылық та жасамайтын, сый-құрметтен, атақ-
абыройдан дәмесі жоқ, төменшік, жетім жан. Ол еш бір заманда ұстаз көрмеген,
арабша, латынша түгіл орысша да оқымаған сауатсыз, нағыз тас қараңғының өзі.
Есімі – уақыт, кәсібі – бет ашу...
Жүріс қанша өнімсіз болғанмен, тұрғаннан тәуір ғой, ақыры Орекең де үйіне жетті.
Күн әлдеқашан батқан, қарттың жалғыз терезелі кішкентай шеген қыстауы тым
көңілсіз. Қазандық мойнына қойылған жайдақ, жетілік шамның жарығы нашар-ақ.
Төрде бір-екі жыртық көрпе мен бірер жастық жинаулы. Төсеулі алаша да жыртық,
кір, лас. Төбеде, арқалық