ағаштар сирек болғандықтан, туып-туып кеткен сабан шөп
қап-қара, сүңгі-сүңгі. Ерік иісі шығады. Орекең, етігін шешіп тастап, пеш түбіне
отырды. Кемпірі пештің маңдайына сүйеніп ап, Орекеңнің аузына қарайды. Қарт
Сағынай берген отыздықты кемпіріне көрсетті де, қалтасына қайта салды. Көрген-
баққанын айтып, не деп мақтанарын білмей:
– Сағынай қарағым өзімді әбден сыйлады кемпір-ау,– деп бір қойды.
– Бар кісі базар ғой,– кемпірдің одан арғы сөздері түсініксіз: бат-бұт, лап-лұп боп
естілді. Аузы жалп-жалп етеді. Айнала түкірігі шашырайды.
– Келін қарағым сары қаймақты күрең шайға омырып салды. Ақ нанның қабығын
алып тастап, сүр майға шылап берді.– Кемпір тамсанып:
– Маған ғой бар тұрып татырмайды. Бат-бұт, лап-лұп, – деп қызғаныш етті.
– Шыныаяғымды Сағынайдың өзі әперді...
– Ақшаны неге берді, Қанішкеннен бірдеңе әкел деді ме?
– ...Бір мәрте жазып құйды. Іш-іш деп екеуі екі жерден...
– Көйлектік матаға қосты ма ақшаны.
– ... Ореке, қайнаға деп асты-үстіме түсті...
– Ақшаны неге берді деймін, бақыр! Бақыр, өміріңде шай ішіп көрмеп пе едің?
Сонша... мұқым... тіпті.–Кемпір Сағынайдың үйінен өзі күнде шай ішіп жүргендей
сөйледі,– ішіп атқан үстіне барғасын бір шәшке суды аясын ба?! Бат-бұт, лап-лұп.–
Орекең кемпірінің сұрағы құлағына жаңа жетіп, таң қалған қалып танытты:
– Неғылған ақша? Қай ақша?
– Қай ақша? Жаңағы қызыл ақшаны айтам.– Оразғали шалқалай күлді.
– Хе-хе-хе-хе! Әй, кемпір-ай, надансың-ау. Сағынай қарағым жеңешеме шай-секер
әпер деп берді. Дүние қолында тұрғасын қарасып жатқаны да.
– ?
– ... Әбден сыйлап... келін қарағым қайнаға деп қиылып болмаған соң отырып
қалдым. Жаңа да қимай әрең жіберді. Ел басқарған азаматтардың осындай кішіпейіл
болғаны қандай жақсы. Тіпті, мені өзіне тең адам көріп, Ореке деп, күле сөйлесті.
– Жә, жә! Бар кісі не істемейді. Сені сыйласа сақалыңмен барып отырғасын ұялған
болар. Сақалыңды сыйлаған ғой. Сағынай почта таситын жаман шалды қайтсін. Бір
колхозды билеп-төстеп отырған адамға сенің қызметің керек болған да. Соны қайта-
қайта айтып, қоймай не боп барады... бат-бұт, лап-лұп – деді кемпір. Орекең
шамданып қалды. Әсіресе, «Қызметің керек болғанда» дегеніне ыза болды, намысы
келіп кетті:
– Дадансың-ау, дадансың, кемпірім,– деді Оразғали,– Сағынай менің қызметімді
қайтсін. Темірәлінің оң қолы бола тұрып, жұмсайтын кісі таппай отыр деп пе едің?
Бүкіл бір колхоз қолында отырған жоқ па? Маған үш хат берді. Мен оны ақша
бермесе де тасымаймын ба? Әй, дадансың ғой сен, не білесің, не түсінесің?
– Әдіре қал, мен емес, сен надансың! Хат пен «қара қағазды» айыра алмай масқара
ғып... мұқым, надансың, надансың деп қарашы мұны!
Хат пен «қара қағазды» айыра алмай ұят жасағанын Оразғали іштей қызара
мойындайтын. Сол оқиға өзінің де мазасын кетіріп, жатса-тұрса ойынан шықпай қинап
жүрген-ді. Ол бір ащы шындық, жалаңаш жарасы еді. Мына сөзді өзге емес,
кемпірінің аузынан есту – оңай тимеді. Кілең кісінің осал жерін аңдитын әйел халқына
тән безбүйректікпен тап берді. Жаңа-жаңа қабыршақтана бастаған жарасының аузын
осып кеп алды, аямады. Орекең қисайып жатқан-ды, мына сөзді естігенде орнынан
қалай ыршып тұрғанын өзі де аңғармай қалды, аузына басқа сөз түспей:
– Әй, қоясың ба, жоқ па? – деп күдірейді.
– Қоймаймын ал, ал не істейсің,–деп кемпір де міз бакпады.– Сол-ақ екен қарт
қабырғаға сүйеулі тұрған қысқалау балдақ таяғын алып жіберіп:
– Мә, қоймасаң мә!,–деп кемпірді жауырынынан періп-періп жіберді.
– Ұр, тағы ұр, өлтір!
Кемпір таяққа қарсы ұмтылды. Өзін-өзі билей алмай кеткен Орекең булығып:
– Мә, мә! Аз ба? Мә, тағы...–деп ентіге айқайлады. Қара көлеңке үйде ақ таяқ
ағараң-ағараң етіп, сілтеніп жатты. Енді бір сәтте кемпір етпетінен түсті. Онсыз да
ыдырап, жыртылуға сылтау таппай жүрген кимешегін айырып-айырып тастап, дауыс
етіп жылады. Орекең кенет басылып, қарқыны қайтып қалды. Өйткені ол үшін кісінің
көз жасын көруден артық қасірет жоқ-ты. Тұла бойы босап, көз алды мұнарлана
қалды. Ең соңғы күшін жиып, таяқты есікке қарай лақтырып кеп жіберді. Таяқ босаға
жақтағы шелек пе, шылапшын ба бірдеңеге тиіп, салдыр-гүлдір етті. Қарт қауқылдап:
– Қой, қоя ғой енді! Өзің де кісінің ашуын келтіріп. Байқап сөйлемейсің бе еркекке!
– деп жұбата бастап еді, кемпір:
– О, Құдай зауалыңды берсін, әдірә қал еркек болмай, бат-бұт, лап-лұп,– деді.
Сүт пісірім уақыт өткенде пеш түбіне қатар жайғасып алып, кемпір-шал екеуі
қосылып жылап отырды.

13
Күн сәске түс. Маң дала. Мәруә колхоздың ноқталы сары атанын мініп шыққан.
Күнге қарсы жүріп келеді. Атан аяғын баспайды. Бұйдасын жұлып, ана шөпке, мына
шөпке бір ұмтылып оттайды. Ноқталы басы күш бермейді. Тарта-тарта келіншектің
қары талды. Түйелігін істеп ауық-ауық «ауф», «вауф» деп бақырып қояды. Сетік
мұрыны шу-шу. Сары деген аты болмаса, дәл қазір сүдіні өзге. Сор, күл көрсе аунай
кету – ата-бабасының салты сары атанға да жұққан. Түр-түсі сол мінезіне сай, адам
айырғысыз күлді-балам. Құдай берген зор денесін арытпай, ауыртпай сақтайтын