«сәлем» ете кірді. Үй иесі әдеттегіден тыс қуана жайдары қарсы алды. Қолтығынан
сүйеп әкеп төрдегі қалың төсекке жайғастырды. Үй ішін, мал жанын, денсаулығын,
әкесінің құны қалғандай қазбалап, теріп сұрады. Жұмыс бастылықтан қолы тимей,
көптен сәлем беріп, пейіл білдіре алмай жүргеніне кешірім өтінді. Дайын тұрған
шайды «өзіңізге арнап қайнаттырып ем» деп бұлдап құйғызды.
Оразғали қарт өзін кем санауға үйренген, төменшік, момын адам-ды. Жан ашыры –
кемпірі де, қамқоры – қара сиыр болатын... Сағынай сықылды ортаң қолдай
азаматтың осынша ықылас көрсетуін ол ерекше кісілік, кішіпейілділік санады. Бұрын:
«Оразғали ақсақтың қу мүйіз сиыры сабанымызға шейін жеп қоймайтын болды-ау,
Құдай» деп айқайлағанда даусы жер жаратын Сағынайдың әйелі де бүгін «қайнаға»
деп қылқия қалыпты. Сүттің сары қаймағын сындырып салып, күрең шайды лықытып
кеп құяды, «Қайнаға, тісіңізге жұмсақ болады» деп, нанның қабығын алып, ішін
ұсынатынын қайтерсің! Орекең риза болғандықтан жаны шығып кете жаздады.
Сағынай тас-аяғын әперген сайын: «өзім қарағым, өзім» деп қалбаң-қалбаң етеді. Әйел
әр шыны аяқты құйған сайын: «көп жаса, қарағым, бақытты бол» дегенді бар ниетімен
сарқыла, таусыла айтады... Ақыры, адам басында дәурен ұзақ тұрған ба, шай ішіліп
бітіп, дастарқан жиналды. Оразғалидың бүкіл алғыс-батасы да, сол бүктелген
дастарқанмен бірге бүктелді, бірге кетті. Мұндай бейілді адамдар мен жұмсақ төсекте
ұзақ отыруды Орекең өзіне тым көп көрсе керек:
– Алла разы болсын, қарағым,– деп тұруға ыңғайланды. Сағынай иығынан
басып отырғызып қойды. Әйелі бір жақтан:
– Үйбәй-ау, қайнаға-ау, айда-жылда бір келгенде сонша асыққаныңыз не?
Шайыңызды басып, отыра тұрмайсыз ба?– деп майысты. Оразғали қарт: «сау бол,
қарағым, бақытты бол, қарағым, көп жаса, қарағымнан» басқа түк айта алмайды.
Айтар еді, аузына алғыс түспейді, негізі, бақытсыз, бейшара адамдар алғысқа кедей
келеді ғой. Бұ қарт та сол екі-үш сөзден әрі аса алмады, сарқылып қалды.
Ақырында, көзіне жас алудан өзге амалдың біткенін сезді, қалтасынан кір-кір
орамалын алып, мұрынын сүртті. Бірақ мұрын астының шаруасы сүрткен сайын
молайып, күш бермей бара жатты. Енді күтуге болмайтынын ұға қойған Сағынай:
– Ақсақал,– деді, салқындау,– мен сізге бір жұмыс тапсырғалы отырмын, міндет
емес, өтініш қана. Сондықтан орындау-орындамау өз еркіңізде. Қалай қарайсыз, сізге
сене алам ба мен? – Орекеңе қазір: «өле қойыңыз» десе, «бақытты бол, қарағым» деп,
көрге өз ықтиярымен түсер еді. Не жұмыс, не өтініш болса да одан қиын емес қой:
– Айта бер, қарағым, қызметіңе жарасам, құлдық қой, құлдық,– деп қалбалақтады.
– Айта берсем, былай,– деді Сағынай, жанқалтасынан үш бірдей конвертті
суырып,– мына хаттарды тапсыр деген жеріме тапсырасыз. Жоғалтып алсаңыз
басыңыз кетеді. (Оразғали «басыңыз кетеді» дегенде селк ете түсті) Иә, басыңыз
кетеді,– деп қайталады.– Жалғыз-ақ шарт: тісіңізден шығармайсыз. Түсінікті ме? Сізге
ғана сеніп тапсырып отырмын.– «Сізге ғана» дегенді бөліп, астын сызып айтты.
Почташы Сағынай ұсынған конверттерді, құран ұстағандай қолдары қалтырап, асқан
ептілікпен, құрмет-сеніммен, әрі қорқып, әрі табынып, құлай қабылдады. Сағынай
қалтасынан қызыл отыздықтың біреуін шығарып:
– Жеңешеме шай-секер ала қайтарсыз,– деп қарттың алдына тастады.
– Бергесін көбірек бермейсің бе? – деді әйелі. Осынша сый-сияпаттың мәнісіне
түсіне алмай, онсыз да сасқалақтап отырған Орекең тіпті қысылды: ақшаны алар-
алмасын білмей, қипақтап, кәріп боп қалды. Ақшаға бір, Сағынайға бір қарады.
Сонсоң Сағынайға бір, ақшаға бір қарап, күліп жіберді. Бірақ қалай күлгенін өзі
аңғарған жоқ, өзінше жымиып қана қойдым деп ойлады. Алайын десе... бұ неғылған
«батпан құйрық?» Сағынай сықылды үлкен азаматтың басқа құрметі жетпегендей,
ақша ұстатқаны қалай? Хат тасу мұның міндеті емес пе? Ешкімнен көк тиын алмай-ақ
тасып жүрген жоқ па? Тек «сүйінші» деген бір сөз үшін осындай отыздықтың үшеуін
лақтыратын Әжімгерей тектес қараңғы адамдардың жөні басқа. Сағынайдікі не? «Әй,
не дегенмен атаның ұлы ғой, жаны ашып, көмек еткені болар» деп ойлады қарт.
Әйткенмен, бір түрлі ұят сияқты... Ағайын адам, сатысқандай болып ақша алып
жатқаны... Алмайын десе... «кемпірі түскір ұрсады енді» деп ойлады, және келін:
«бергесін көбірек бермейсің бе?» деп қойды. Алмаса өкпеледі, азсынды демей ме?
Масқара! Орекең өз ойынан өзі ұялып кетті: Ақ дәмін татып отырып, ұсынғанын
алмай кетсе – қорлау емес пе?! Кімді қорлайды сонда бұл? Сұмдық-ай! Ақшаға көзі
түсіп еді: ол да ұялғаннан қызарып жатқан сияқты көрінді. Отыздық қарттың алдында
қол созым жерде-тін. Бірақ соған қолын созудың ретін таппады. Ұят сияқты бір түрлі.
Қонағының осы халін бағып, ұғынып отырған Сағынай:
– Алыңыз, Ореке, алыңыз,– деп елпектетті. Оразғали, бөтен кісі ұсынған кәмпитке
қараған жас баланың жасқаншақ жанарымен жаутаң-жаутаң етті. Қолын созайын десе
созылмайды. Енді қалай алмақ?! Ақыры... О, адам баласының даналығында шек
болған ба, Орекен, құй